Бизнес-омбудсменнің хаттары

10.04.2026

Ішкі істер министріне «ALSO GROUP» ЖШС-нің өтініші бойынша (10.04.2026)

Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
Е.С. Саденов
ке 

Құрметті Ержан Сапарбекұлы! 

Маған «ALSO GROUP» ЖШС кәсіпкерлік субъектісінен компанияға қатысты №267912031000168 (Шымкент қ.) және №261511031000243 (Ақтөбе облысы) қылмыстық істер бойынша заңсыз сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқаны туралы өтініш келіп түсті.

Өтініш беруші ұсынған материалдарды зерделеу барысында заңды кәсіпкерлік қызметке араласу белгілері анықталды. Бұл араласу заңды өнім айналымын қылмыстық сипатқа жатқызу және қылмыстық процесті бизнеске қысым жасау құралы ретінде пайдалану арқылы көрініс табуда.

Аталған екі қылмыстық іс те «ALSO GROUP» ЖШС-нің тамақ өнеркәсібінде қолданылатын Е-942 (азот тотығы) тағамдық қоспасын жеткізу қызметіне байланысты. Аталған өнім Қазақстан аумағында рұқсат етілген тағамдық қоспалар қатарына жатады және азаматтық айналымда еркін қолданылады.

Сонымен қатар, сот сарапшыларының жауаптарын зерделеу нәтижесінде азот тотығын есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының орнына пайдаланылатын зат ретінде анықтауға, сондай-ақ аталған заттардың құрылымдық формулаларындағы сутегі атомдарын, галогендерді және (немесе) гидроксил топтарын алмастыруды айқындауға арналған бекітілген әдістемелер мен әдістемелік ұсынымдардың жоқ екені анықталды. Бұл ғылыми негізделген зерттеулер жүргізу мүмкіндігін және қылмыстық құқық бұзушылық затының болуын анықтауды объективті түрде жоққа шығарады.

Осылайша, жүргізілген зерттеулер азот тотығының есірткі құралдарына, психотроптық заттарға, олардың аналогтары мен прекурсорларына жататынын сенімді түрде анықтауға мүмкіндік бермейді және қылмыстық құқық бұзушылық фактісінің жоқтығын көрсетеді.

Соған қарамастан, Шымкент қаласының сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары тарапынан құқықтық және ғылыми негіздер болмаған жағдайда да қылмыстық қудалау жалғасуда, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектінің шаруашылық қызметіне араласу орын алуда.

Бұдан бөлек, Ақтөбе облысында кәсіпорын қызметін іс жүзінде тоқтатуға әкеп соққан шаралар қабылданған. Атап айтқанда, көлемі 2 литрден 19 тоннаға дейінгі Е-942 өнімін қамтитын газ баллондары тәркіленіп, бұғатталған, сондай-ақ қойма үй-жайларына қолжетімділік шектелген. Бұл өз кезегінде шарттық міндеттемелерді орындауға арналған тауарды иелену және пайдалану мүмкіндігін жойды.

Аталған әрекеттер кәсіпорынның шаруашылық қызметінің толық тоқтауына, жеткізілімдердің үзілуіне және қаржылық шығындарға әкелді.

«ALSO GROUP» ЖШС адал кәсіпкерлік субъектісі болып табылады, заңды сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асырады және салық міндеттемелерін тиісінше орындайды. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының бюджетіне 131 717 720,6 теңге көлемінде салық төленген, бұл компания қызметінің заңдылығын және ел экономикасына қосқан үлесін растайды.

Қазіргі уақытта Е-942 өнімі заңды айналымда, алайда оны зерттеудің бекітілген әдістемелері жоқ, бұл қылмыстық құқық бұзушылық затының жоқ екенін көрсетеді. Осыған байланысты тергеп-тексеруді жалғастыру кәсіпкерлік субъектіні қылмыстық процеске заңсыз тарту және шаруашылық қызметке заңсыз араласу белгілерін көрсетеді.

Нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтың оқиғасы мен құрамы болмаған жағдайда кәсіпкерлік қызметтің бұғатталу фактісі орын алып отыр, бұл мүліктік залалға, іскерлік беделдің төмендеуіне және шарттық міндеттемелерді орындау мүмкіндігінің жоғалуына әкелуде.

Өтініш берушінің мәліметінше, қазіргі уақытта шарттардың бұзылуы, мүліктің тоқтап тұруы және табыстың жоғалуы (жіберіп алған пайда) сияқты салдарлар туындаған. Осыған байланысты кәсіпкер Шымкент қаласы және Ақтөбе облысы Полиция департаменттерінің лауазымды тұлғаларының әрекеттерінен келтірілген залалды мемлекеттен өндіріп алу туралы сотқа жүгінуге мәжбүр (ҚР АК-нің 923-бабы).

Жоғарыда баяндалғандарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті арасында жасалған меморандумды ескере отырып, келесі шараларды қабылдауды сұраймын:

  1. №267912031000168 және №261511031000243 қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қозғау мен жүргізудің заңдылығына тексеру ұйымдастыру, сондай-ақ Шымкент қаласы және Ақтөбе облысы Полиция департаменттері тергеу органдарының әрекеттеріне заңсыз қылмыстық қудалау, қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу тұрғысынан құқықтық баға беру;
  2. ҚР ҚПК-нің 35-бабында көзделген негіздер бойынша, яғни қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы мен құрамы болмауына байланысты аталған қылмыстық істерді тоқтату мәселесін қарастыру, сондай-ақ барлық шектеулерді алып тастап, мүлікті меншік иесіне қайтаруды қамтамасыз ету (оның ішінде Е-942 өнімін қамтитын газ баллондары мен цистерналарды).

Тексеру нәтижелері туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілеттіге заңда белгіленген мерзімде хабарлауды сұраймын.

Құрметпен,
Қазақстан кәсіпкерлерінің
құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл 
Қ. Нұров

Файлды жүктеп алу:

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі