Бизнес-омбудсменнің хаттары

03.04.2026

ҚР Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісіне (03.04.2026 ж.)

Қазақстан Республикасы
Президентінің
құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі
Е.Н. Жиенбаев
қа 

Құрметті Ержан Нұрланұлы!

Сізге өз құрметімді білдіре отырып, Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік қоғамдастығына көрсетіп отырған қолдауыңыз үшін, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелеріне назар аударып отырғаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотынан бұрын жолданған Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі тарапынан жіберілген бұзушылықтарға қатысты өтініш бойынша алынған жауапқа байланысты Сізге жүгініп отырмыз. Аталған жауапты тиісті, толық және заң талаптарына сәйкес деп тануға болмайды, себебі онда Сот әкімшілігі тарапынан өкілеттіктердің асыра пайдаланылғаны және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты судьясы функцияларының алмастырылғаны байқалады.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 1-бабының 1-тармағына сәйкес  Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады. Сот iсiн жүргізу тәртiбiмен қаралуға тиiс өтiнiштердi, арыздар мен шағымдарды басқа ешқандай органның, лауазымды немесе өзге де адамдардың қарауына немесе бақылауға алуына болмайды.

Аталған Конституциялық заңның 56-бабына сәйкес Сот әкімшілігі – соттардың қызметін тек ұйымдастырушылық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган. Бұл ретте Сот әкімшілігі сот органы болып табылмайды, ал оның лауазымды тұлғалары судья өкілеттіктеріне ие емес.

Сонымен қатар, тәжірибеде кәсіпкерлік субъектілерінің заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР АПК) 454-2-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына жолданған өтінішхаттары Жоғарғы Сот судьясының қарауына берілмей, Сот әкімшілігінің жалпы бөлімінің лауазымды тұлғаларының хаттарымен мәні бойынша қаралмастан, өтініштерге жауап ретінде кері қайтарылатын жағдайлар орын алуда.

Мәселен, 2025 жылғы 8 шілдеде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына Н.Е. Джакишевтің заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхаты жолданды.

Аталған өтінішхат Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен жүргізілген және 2025 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген сот реформасына байланысты берілді. Аталған реформа аясында ҚР АПК-нің 434-бабына өзгерістер енгізіліп, бұрын кассациялық сатыда заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарауға кедергі келтірген процестік шектеулер алынып тасталды.

Соған қарамастан, аталған өтінішхат Жоғарғы Сот судьясының қарауына берілмей, заңда белгіленген тәртіппен қаралмады. 2025 жылғы 15 шілдеде ол Сот әкімшілігінің жалпы бөлім меңгерушісінің орынбасары Қ.Ж. Жақсыбергенов тарапынан оның «қайталама» сипаты бар деген негізбен кері қайтарылды.

Бұл ретте қолданыстағы процестік заңнамада ҚР АПК-нің 454-2-бабы тәртібімен берілетін өтінішхаттардың санына да, оларды беру мерзімдеріне де шектеулер көзделмеген. Мұндай өтінішхаттарды қарау Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты судьясының айрықша құзыретіне жатады.

Аталған факті бойынша мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасының атына Сот әкімшілігінің лауазымды тұлғасының әрекеттеріне құқықтық баға беру, тиісті шаралар қабылдау, сондай-ақ Н.Е. Джакишевтің бұрын берілген өтінішхаттарын қарауды қамтамасыз ету және заң бұзушылықтарға жол бермеу туралы хат жолдадым.

Алайда Сот әкімшілігінің жауабының мазмұны өтініште келтірілген дәлелдердің мәні бойынша қаралмағанын, ал негізгі мән-жайларға құқықтық бағаның формалды түрде және өтініш нысанасын алмастыра отырып берілгенін көрсетеді. Сот әкімшілігінің лауазымды тұлғаларының әрекеттерінің заңдылығына баға берудің орнына, жауапта бұрын қабылданған сот актілері мен оларды шағымдану әрекеттері туралы мәліметтер келтірілген, бұл қойылған мәселенің нысанына жатпайды.

Өтініштің мәні сот актілерінің мәні бойынша бағалау емес, судья мәртебесіне және тиісті процестік өкілеттіктерге ие болмай тұрып, өтінішхатты қайтару туралы шешім қабылдаған Сот әкімшілігінің лауазымды тұлғасының әрекеттерінің заңдылығы болды. Бұл өз кезегінде өтініштің заңда белгіленген тәртіппен қаралуына кедергі келтірді.

Жауапта өтініш берушінің бұрын шағымдану құқығын пайдаланғаны туралы сілтеме Соттың әкімшілік аппараты әрекеттерінің заңдылығын бағалау үшін құқықтық маңызға ие емес. Қолданыстағы процестік заңнама Сот әкімшілігіне сотқа жолданған процестік құжаттарды іріктеу, бағалау немесе қайтару құқығын бермейді. Өтінішхаттың мазмұнына қарамастан, процестік шешім қабылдауға уәкілетті жалғыз субъект – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы.

Сонымен қатар, Сот әкімшілігі лауазымды тұлғасының жауабының ақпараттық-түсіндіру сипатында екендігі туралы көрсетілім шындыққа сәйкес келмейді, себебі мұндай «түсіндірудің» нәтижесінде процестік құжат судьяға берілмей кері қайтарылған, бұл өтініш беруші үшін құқықтық салдар туындатып, оның сот төрелігіне қол жеткізу құқығына тікелей әсер етеді.

Жауапта келтірілген процестік заңнаманың өтпелі ережелеріне және сот актілерін қайта қарауға негіздердің жоқтығына жасалған сілтемелер өтініш берушінің дәлелдеріне баға сотпен емес, әкімшілік органмен берілгенін көрсетеді, бұл жол берілмейтін жағдай және сот төрелігін тек сот жүзеге асырады деген қағидатқа қайшы келеді.

Сот әкімшілігінің сот актілеріне сілтемелері де қалыптасқан тәжірибенің заңдылығын дәлелдей алмайды, себебі процестік құжаттың сот қарауына жіберілмеуі өтініш берушіні тиімді соттық қорғау құралынан айырады және сот төрелігіне қол жеткізуді қамтамасыз етуде жүйелі проблеманың бар екенін көрсетеді.

Тиісті құқықтық баға берілмеген негізгі мән-жайлардың бірі – ҚР АПК-нің 454-2-бабы тәртібімен берілген өтінішхаттың осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясымен қаралмағаны, бұл өтініш берушінің процестік құқықтарының бұзылуы жалғасып жатқанын көрсетеді.

Осылайша, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты формалды жауаппен шектеліп, жіберілген бұзушылықтарды жоюды қамтамасыз етпеді, Сот әкімшілігі тарапынан өкілеттіктерді асыра пайдалану фактілеріне тиісті құқықтық баға бермеді және іс жүзінде сот төрелігін жүзеге асыруға араласу тәжірибесінің сақталуына жол берді. Сонымен қатар, Сот әкімшілігінің лауазымды тұлғаларына ҚР АПК-де көзделмеген функциялар іс жүзінде жүктеліп отырған жағдай қалыптасуда, бұл жол берілмейді.

Аталған мән-жайлар өтінішхаттардың тиісінше қаралмауын, өтініш берушілердің дәлелдерінің еленбеуін және анықталған заң бұзушылықтарға тиімді әрекет етудің жоқтығын көрсетеді, бұл өз кезегінде мұндай тәжірибенің одан әрі орнығу қаупін туындатады.

Бұған қоса, Сот әкімшілігінің лауазымды тұлғасы А.З. Гайнулинаның айтуынша, бұл тәжірибе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты басшылығының хабардар болуымен қалыптасқан. Аталған ақпарат тиісті тексеруді және құқықтық баға беруді талап етеді.

Осыған байланысты, бұзушылықтардың жалғасып отырғанын және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты тарапынан олардың жойылмауын ескере отырып, келесіні сұраймыз:

– заңнама бұзушылықтарын жою және болашақта олардың алдын алу бойынша шаралар қабылдау;

– өтініш берушінің өтінішхатын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты судьясымен заңда белгіленген тәртіппен қарауға қайта оралу;

– Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің өтінішіне Сот әкімшілігінің жауабының толықтығы мен заңдылығына баға беру;

– Сот әкімшілігі лауазымды тұлғаларының әрекеттерінің заңдылығын, олардың өкілеттіктерін асыра пайдалану және сот төрелігіне қол жеткізуге заңсыз кедергі келтіру фактілері бойынша тексеру жүргізу.

Осы хатты қарау нәтижелері туралы қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен хабарлауды сұраймыз.

Қазақстан кәсіпкерлерінің
құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл 
Қ. Нұров

Файлды жүктеп алу:

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі