Жаңалықтар

17.06.2019

Қосымша ынталандыру шағын және орта бизнестің «көлеңкеден шығуға» көмектеседі

350

Шағын бизнесті көлеңкеден шығарып, тұрғындардың бейресми жұмысқа орналасуын қысқартуға қосымша ынталандырулар көмектеседі, деп жазады atameken.kz.

ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен өткен "Атамекен" ҚР ҰКП бейінді комитетінің отырысында ШОБ-тің даму мәселелері мен келешегі талқыланды.

Кездесуде ШОБ комитетінің төрағасы Райымбек Баталов 2018 жылы "Атамекеннің" және "Қазақстан кәсіпкерлері форумының" бастамасымен жүргізілген зерттеу нәтижелері туралы сөз қозғады. Алматы қаласы мен Алматы облысындағы үйдің жанынан ашылған мыңнан астам дүкендер мен сұлулық салондары зерттеу объектілері ретінде қарастырылды.

"Нәтижелер шағын бизнес клиенттерге қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша өте сирек қызмет көрсететініне дәлел болды, сауда нүктелерінің 7%-да ғана POS-терминалдары бар, 35%-да бақылау-кассалық машиналары жоқ, 14%-да бизнес-процестерді автоматтандыру жолға қойылмаған, тек 7%-да дүкендерде чек беріледі. Кәсіпкерлер пайда мен шығын тұрғысынан алғанда түсетін пайданы өз көздерімен көрмейінше процестерді автоматтандыруға асыға қоймасы анық. Сондықтан "Атамекеннің" міндеті - нақты мысалда бағдарламалық құрал-жабдықтарды орнатудың артықшылықтарын көрсету және кәсіпкерлерді көлеңкеден шығару үшін ынталандырушы шараларды кеңейту болмақ", - деді Райымбек Баталов. 

"Атамекен" ұсынған ынталандыру шаралары ендігі заңнамалық тұрғыда  қарастырылып та жатыр. Жеңілдетілген декларация бойынша жұмыс істейтін және үш компонентті ықпалдастырылған жүйе – POS-терминал, онлайн-БКМ және автоматты есептеу жүйесін (ERP) пайдаланатын кәсіпкерлер үшін ҚҚС бойынша есепке қою шегі 75 млн-нан 364 млн-ға дейін артты. Осыған ұқсас жеңілдетілген декларация бойынша жұмыс істейтіндерге шекті табыс мөлшері 121 млн теңгеден 298 млн теңгеге дейін артты. Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап патент және "оңайлатылған" жүйе бойынша жұмыс істейтін бизнесмендердің үш компонентті жүйені пайдалану кезінде жабдықтарды сатып алуға шыққан шығындары өтеледі.

"БКМ мен POS-терминалдардан үш компонентті жүйенің айырмашылығы - оны пайдалану міндетті емес. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, жеңілдіктер мен ашықтықтан басқа, ол шағын бизнестің табысын арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда шағын дүкендердің иелері деректерді бұрынғыша дәптерге тіркейді, бұл қаржы ағындары мен тауарлардың қозғалысын жүз пайыз бақылауға кепілдік бермейді. Егер кәсіпкер жүйені пайдаланса, онда нысан бойынша толық көріністі көре алады және шығындардың алдын алар еді", - деп мәлімдеді ШОБ комитетінің төрағасы Райымбек Баталов.

Зерттеу барысында анықталған тағы бір мәселе тұрғындардың бейресми жұмыспен қамтылуы болды, соның салдарынан олар әлеуметтік пакеттен тыс қалады. "Атамекен" осы мәселені шешу үшін уәкілетті органдарға шағын бизнес үшін әрбір қызметкерге қатысты міндетті төлемдер мен аударымдардың пайызын қысқартуды және аударымдар рәсімін оңайлатуды ұсынды.

Сондай-ақ, кездесуде құқық иесінің келісімінсіз елге бірегей өнімдерді әкелу бойынша кәсіпкерлердің жауапкершілігі мәселесі қаралды. "Атамекен" «тауар белгісіне құқықты жоққа шығарудың өңірлік қағидаты» деп аталатын мәселені кеңінен талқылауға шығаруға және уәкілетті мемлекеттік органдармен шешуге ниет білдірді.

ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев кәсіпкерлердің құзыретін арттыруға бағытталған оқыту бағдарламаларын кеңейту қажеттігіне назар аударды.

"Тәжірибе көрсеткендей, шағын бизнеске даму үшін қажетті білім жетіспейді. Мүмкін ол есепке алуды жетілдіруге, жаңа өнім берушілерді табуға, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға қарсы емес те шығар, бірақ оның құзыреті жоқ. "Атамекенге" үш негізгі бағыт бойынша оқыту бағдарламаларын әзірлеу қажет: салықтық сауаттылықты арттыру, POS-терминалдар, онлайн-БКМ және есеп жүйелерін енгізу бойынша сандық технологияларды қолдану, сондай-ақ сауда және қызмет көрсету саласында қызметкерлердің біліктілігін арттыру. Бұл кәсіпкерлер үшін жақсы демеу болады. Бизнесті қолдаудың жаңа мемлекеттік бағдарламасына оқыту құралдарын енгізу бойынша ұсыныстар енгізу қажет", - деп түйіндеді Тимур Құлыбаев.

Кездесу қорытындысы бойынша Тимур Құлыбаев шағын бизнестің "көлеңкеден" шығуы және қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшуі үшін қосымша ынталандыру  жұмыстарын жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы "Атамекен" сауда қызметін жүргізу шарттарын жақсарту бойынша заңнамалық түзетулер енгізді. Сауда саласының даму келешегі бейінді комитеттің отырысында қаралды.

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі