Кәсіпкерлер мүддесін қорғауға жіті назар аударылмақ

Еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдері өз істерін өрістетіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, мемлекет қазынасын молайтуға айтарлықтай үлес қосуда.

Мемлекет тарапынан әкімшілік кедергілерді жою, кәсіпкерлер құқығын қорғау, іскерлік ахуалды жақсарту бағытында тиісті шаралар алынуда. Бизнес пен билік арасындағы байланыс жыл өткен сайын жаңа серпінге ие болуда. Бірақ олардың бәрі жергілікті жерлерде ойдағыдай жүзеге асып жатқан жоқ. Бұл туралы еліміздегі бизнес-омбудсмен Болат Палымбетов батысқазақстандық кәсіпкерлермен кездесуі кезінде мәлімдеді. «Біз таяуда елімізде өткен сайлау қорытындыларына талдау жүргізген едік. Соның нәтижелері көрсетіп отырғандай, депутаттық мандатқа ие болғандардың арасында кәсіпкерлер аз емес. Мәселен, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты атанған 30 азаматтың 19-ы, қалалық мәслихаттағы 20 халық қалаулысының 11-і кәсіпкер екен. Бұл – қуанарлық жайт, яғни олар өңірде кәсіпкерлік қызметтің өрістеуіне өз септігін тигізері сөзсіз, — деді Болат Әбілқасымұлы.

— Енді біздің ұйым жөнінде айта кетейін. Елімізде жаңадан құрылған бизнес-омбудсмен институтының құзыреті кең. Мемлекет тарапынан бізге республикамыздағы кәсіпкерлік қызметтің тұрақты дамуын қамтамасыз ету міндеті жүктеліп отыр. Бизнес-омбудсмен сөзі кәсіпкерді заңсыз әрекеттерден қорғаушы деген мағынаны білдіреді. Біз билік пен бизнестің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ел экономикасын өрге сүйрейтін, әлеуметтік мәселелерді шешетін үлкен күшке айналдырғымыз келеді. Қазіргі дағдарыс кезінде бұған жете мән беруіміз керек. Біздің бұл бағыттағы жұмысымыз жүйелі, жемісті болуына батысқазақстандықтар да өз үлестерін қосады деп ойлаймын.

Сонымен қатар өңірлердегі мәселелерді жергілікті жерде шешуді қолға алмақпыз. Бүгін мен облыс әкімімен, облыс прокурорымен кездестім. Олар мұндай мәселелерді облыста шешуге болатынын, тіпті біразы осы күнге дейін оң шешімдерін тапқанын да айтты. Бүгінде облыста жерге, жер аукционына, құрылысқа қатысты мәселелер бар екендігінен хабардармыз. Енді Оралда біздің ұйымның өкілі жұмыс істейтін болады. Бәріміз бірлесіп туындаған мәселелерді ойдағыдай шешерімізге сенімдімін».

Өңірдегі орта және шағын кәсіпкерлік ахуалы жөнінде баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексовтің сөзіне қарағанда, облыста 47 мыңдай кәсіпкерлік субъектісі бар. Онда 108 мың адам өз нәпақасын тауып жүр.

Жалпы аймақтық өнімнің 38,8%-ы кәсіпкерлер күшімен өндірілген. Облыста кәсіпкерлікті қолдауға, дамытуға арналған мембағдарламалар да сәтті жүзеге асуда. Мысалы үшін, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» ауылдағы кәсіпкерлерді қолдауда тиімді бағдарлама екенін көрсетуде. Аталмыш бағдарлама аясында несие беру бойынша Ақ Жайық өңірі республика көлемінде бастапқы үштікке кіреді. Орталық және жергілікті билік органдарының жұмыстарын бағалау үшін «Іскерлік климат» атты тәуелсіз рейтингісін жүргізу қолға алынды. Орал қаласында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, онда бизнес-консалтинг, мемлекеттік қолдау аясындағы консалтинг сынды кешенді қызметтер көрсетіледі. Аудандарда кәсіпкерлерді қолдау орталықта-ры бар. Жалпы, облыс көлемінде кәсіпкерлерді қолдау, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, кәсіптерін одан әрі дамытуына қажет жағдай жасау бойынша тиісті шаралар алынуда.

Жиын барысында сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Қайдар Қапановтың айтуынша, былтыр және биылғы жылдың алғашқы тоқсанында кеңес қарауына 500-ден аса өтініш келіп түскен. Олардың көбі салық пен сауда қызметіне, сәулет пен жер қатынастарына, мемлекеттік сатып алу мен табиғи монополияға қатысты. «Түскен өтініштер сапалы шешілу үшін кеңес мүшелері кәсіпкердің мәселесімен жан-жақты танысып, шағымданып отырған меморганның бұл бағыттағы бағдарын алдын ала айқындап барып, алдағы іс-шаралар жоспарын жасайды, — деді Қайдар Қапанов. — Сот процестері кезінде кәсіпкердің құқығы мен заңды мүдделерінің қорғалуына белсенді түрде ат салысамыз. Кәсіпкердің пайдасына шешілмеген әрбір сот үкіміне шағым түсіру, соңғы инстанцияға дейін бару сынды қажет шараларды аламыз. Бұл жұмыстарымыз нәтижесіз емес. Нақтылап айтсам, 200-ден аса кәсіпкердің мәселелерінің оң шешілуіне септігіміз тиді».

Көпшілік  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының департамент басшысы Ербол Өстеміровтің баяндамасын қызыға тыңдады. Қоғамдық мониторинг, әкімшілік кедергілер, олармен күрес бойынша баяндама жасаған ол қызықты деректер келтірді.

— Жергілікті мемқұрылымдардың жұмысын бағалауға мүмкіндік беретін құралдардың бірі — «Іскерлік климат» рейтингісі. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының тапсырысы бойынша еліміздегі экономикалық зерттеулер институты өңірлердегі бизнес ахуалға орай әлеуметтік зерттеу жүргізген болатын. Өткен жылдың қорытындысына арналған сауалнамаға 14 облыс пен Астана, Алматы қалаларының кәсіпкерлері қатысты. Оның қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысы 13-орында. 2014 жылмен салыстырғанда батысқазақстандықтар бір сатыға жоғарылаған. Бірақ мұны көңіл көншітеді деп айту қиын. Кәсіпкерлердің ойынша, жергілікті атқарушы билікпен кәсіпкерліктің өрістеуіне қажет жағдайлар толық жасалып жатқан жоқ. Айта кету керек, бұл әлеуметтік зерттеу кезінде Дүниежүзілік банк, Америка банкі, Ұлыбритания үкіметі және өзге мемлекеттер мен қаржы, экономикалық институттардың бизнес-ортаны бағалайтын 30-дан астам әдістемесі қолданылды. Бағалау  негізгі бес  фактор бойынша жүргізілді. Бастапқыларының қатарында әкімшілік реттеу (меморгандардың қызметіне, техрегламенттер мен лицензиялауға  көңілдің толуы, кәсіпкерлердің қажет ақпаратпен қамтылуы т.б.), қаржы ресурстары (несие алуға қолжетімділік, несие көлемі, кәсіпорынның қаржылық жағдайы) бар. Бұл бағытта БҚО 8-орында. Мемлекеттік қолдау (мембағдарламаларға қатысу, оны бағалау, кәсіпкерлерді қолдау орталығының жұмысын бағалау) бойынша облыс 7орынға тұрақтаған. Мүліктік фактор (мүліктік нысандардың, жерлердің, коммуналдық желілердің, көліктік инфрақұрылымдарының қолжетімділігі) жағынан 11-орын.

Ал адам ресурсы (мамандарға қолжетімділік, олардың құзыреттілігі, кәсіпкерлерді оқыту) бойынша 15-орын бұйырған. Аталмыш рейтинг аясында кәсіпкерлер өңірдегі жемқорлық жағдайын бағалаған. Бұл жағынан БҚО 7-орында.

Осы сауалнама барысында белгілі болғанындай, әрбір үшінші батысқазақстандық респондент сыбайлас жемқорлық деңгейі жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтқан. Егер меморгандардағы жағдайға келсек, сауалнамаға қатысқан облыс кәсіпкерлері кеден (31,2%), салық (30%), төтенше жағдай (26,9%), санэпидбақылау (26,9%) және жергілікті атқарушы орган (22%) қызметтерінде жемқорлық белең алғанын айтқан, — деді Ербол Өстеміров.

Жиын соңында кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға Болат Палымбетов пен «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов жауап берді.

«Орал өңірі» газеті, Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ