Қазақстандық бизнес қалай қорғалады
Фото: ашық дереккөздерден
Қазақстанда 2016 жылы бизнес-омбудсмен институты өз жұмысын бастады. Осы кезеңде қол жеткізілген нәтижелер туралы Strategy2050.kz порталына Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов айтып берді.
Бизнес-омбудсмен институтының негізгі міндеті кәсіпкерлерді мемлекеттік органдар тарапынан орын алатын заңсыз әрекеттерден қорғау. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің қызметін "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қамтамасыз етеді.
"Болат Палымбетов тұңғыш бизнес-омбудсмен болды. Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, ол 4 жыл жұмыс істеді. Сол кезде мен бизнес-омбудсмен аппаратының басшысы қызметін атқардым. Ал бизнес-омбудсмен лауазымына 2020 жылдың ақпан айында тағайындалдым. Жұмыс істеген жылдар ішінде біз Қазақстанның барлық өңірлерінен келген кәсіпкерлермен кездестік, олар бетпе бет келген проблемаларды зерделедік. Бизнес көбіне қылмыстық іс қозғаудың заңсыздығына және жалпы қылмыстық кодекстің репрессивтілігіне қатысты шағымданды. Сондықтан біздің қызметіміздің негізгі басымдығы экономикалық қылмыстар бойынша қылмыстық заңнаманы ізгілендіру және қылмыстық сипаттан арылту болды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған рақымшылық 600-ден астам бас бостандығынан айырылған кәсіпкердің экономикалық қызметке оралуына мүмкіндік берді", - деп атап өтті Рустам Жүрсінов.
Рустам Жүрсінов хабарлағандай, ҚР Қылмыстық кодексінен 215-бап - "Жалған кәсіпкерлік" алынып тасталды. Тағы алты бапқа іс-әрекет алғаш рет жасалған және кәсіпкер келтірілген залалды өз еркімен өтеген жағдайда жауапкершіліктен босату туралы ескертпелер енгізілген.
Мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі түбегейлі қайта қаралды. Егер 2011 жылы кәсіпкерлерге арналған лицензиялар мен рұқсаттардың мыңнан астам түрі болса, қазір олардың саны 291-ге жетті.
2016 жылы бизнес-омбудсмен институты енгізілген уақыттан бастап кәсіпкерлердің 27 мыңнан астам өтініші қаралды. Қорғалған мүліктік құқықтардың жалпы сомасы 205,7 млрд теңгені құрады. Бизнес проблемаларының 70%-дан астамы өңірлік деңгейде шешілді.
"2020 жылы бизнесті қорғау желісі бойынша бизнес-омбудсмен кеңсесіне 5 175 өтініш келіп түсті, оның 2 245-і (44%) оң шешімін тапты. Кәсіпкерлердің қорғалған мүліктік құқықтарының сомасы 35,25 млрд теңгені құрады. Бұл күші жойылған айыппұлдар, активтерді қайтару немесе бизнес мүлкін сақтаудың өзге де тәсілдері", - деді спикер.
2019 жылдан бастап облыс әкімдерімен жол карталарына қол қою басталды, онда бизнестің барлық жүйелі проблемалары мен оларды шешу жолдары көрініс тапты. Сондай-ақ, Ресей, Өзбекстан және Грузия бизнес-омбудсмендерімен өзара көмек және ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Қазақстандық кәсіпкерлердің және осы елдердің кәсіпкерлерінің ондаған проблемалық мәселелері шешілді.
"Мысалы, Қазақстан мен Ресей бизнес-омбудсмендерінің бірлескен күш-жігерімен қазақстандық және ресейлік бірнеше кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары қорғалды. Мысалы, "Монтаж электрических сетей 110-500" ЖШС-не РФ аумағында ұрланған мүлкі қайтарылды, сомасы 10 млн теңгені құрайды, Челябі облысының аумағында "NORD-KAZTRANS PV" ЖШС-нің мүлкін ұрлады деген күдікті адамдар ұсталды, Қостанай облысының аумағында "ТехКомплект" ЖШҚ мүлкіне салынған тыйымның күші жойылды. Воронежде Қызылордадан келген "Саламат-Агро" ЖШС мәселесі шешілді, ол Воронеж қаласындағы ресейлік компания "СБ Агро" ЖШҚ-ның әрекетіне қатысты шағымданған болатын. Қазақстандық кәсіпкердің 7,8 млн теңгеге сатып алған тауарына қатысты мәселе де шешімін тапты, - деді бизнес-омбудсмен.
Оның айтуынша, соңғы уақытта пандемия салдарынан шағымдардың сипаты өзгерді. 2019 жылмен салыстырғанда өтініштер санының 7%-ға өсуі байқалады, әрбір үшінші өтініш ТЖ және карантин кезеңіндегі жұмысқа байланысты.
Төтенше жағдай енгізілгеннен бері 144 мыңнан астам ауызша және жазбаша өтініш өңделді. Көп жағдайда шарттық міндеттемелерді орындау мәселелері және өзге де шаруашылық-экономикалық мәселелер қозғалды: жұмысқа және жүріп-тұруға рұқсат, рұқсаттамалар, шекті бағалар, коммуналдық қызметтер, салықтар, әлеуметтік төлемдер және т. б.
ТЖ алғашқы күндерінен бастап бизнес-омбудсмен кеңсесі бизнес мәселелерін шешу бойынша Үкіметке, Бас прокуратураға, Жоғарғы Сотқа, ІІМ, Денсаулық сақтау министрлігіне және басқа да мемлекеттік органдарға 50-ден астам бастамашылық хат жолдады. Аса өткір проблемалар, атап айтқанда, тексерулерді тоқтата тұру, фермерлердің кедергісіз қозғалысы, курьерлік қызметтердің жұмысы, жалдау ақысынан босату, салық жеңілдіктерін беру, айыппұлдарды азайту және т. б. жедел шешілді.
ТЖ режимі кезеңінде еңсерілмейтін күш (форс-мажор) жағдайларының туындағаны туралы куәлік беру туралы 6 970 өтінім келіп түсті, 6 121 куәлік берілді.
"Шамадан тыс көп сот дауларын болдырмау үшін және іскерлік айналымның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық деңгейлерде төтенше жағдайды форс-мажор деп тану туралы мәселе көтерілді. Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды ескере отырып, Азаматтық кодекстің 359-бабы төтенше жағдайды форс-мажор деп тану туралы түзетумен толықтырылды. Түзетулер 2020 жылдың 3 шілдесінде енгізілді", - деді Рустам Жүрсінов.
Сондай-ақ, ол кәсіпкерлердің шағымдары қалай тіркелетінін және бизнес-омбудсменге өтінішті қалай жіберуге болатынына да тоқталып өтті.
"Кәсіпкерлер бизнес-омбудсменнің блогына менің ресми сайтымнан өтініш жазады. Қабылдауға жазылады. Кеңсеге хат жібереді. Кейде өтініштерін әлеуметтік желілер арқылы жеткізеді. Барлық деректер біздің ресми сайтымызда ombudsmanbiz.kz орналастырылған. Еш қиындығы жоқ. Біз барлық өтініштерге жауап береміз. Бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды", - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, Рустам Жүрсінов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлерді рейдерліктен, сондай-ақ құқық қорғау және бақылау органдарының заңсыз әрекеттерінен қорғауды күшейту туралы тапсырмасы аясында қандай шаралар қабылданғанына тоқталып өтті.
"Құқық қорғау және бақылаушы органдардың заңсыз іс-әрекеттерінен қорғауды күшейту мақсатында біз 2020 жылы Бас прокуратурамен бірлесіп кәсіпкерлердің өтініштерін, оның ішінде рейдерлік фактілері бойынша қарау жөніндегі жұмыс тобын құрдық. Кеңестер кәсіпкерлердің қатысуымен онлайн форматта өткізіледі, қазірдің өзінде 10-ға жуық кеңес өткізілді. Ұсынылған материалдар бойынша прокуратура органдары егжей-тегжейлі зерделеу жүргізеді. Біздің елімізде рейдерліктің "етек алуына" заңнамадағы олқылықтар, меншікті қорғаудың тиімді құралдарының болмауы себеп болды деген ойдамыз. ҚК-нің қолданыстағы редакциясында "Рейдерлік" 249-бабы бүгінгі күннің өзінде толық болып табылмайтын, ал олардың баптың диспозициясында болуы оны қолайсыз және күрделі ететін тәсілдер көрсетілген. Тәжірибе көрсеткендей, бұл бап іс жүзінде жұмыс істемейді және осы бап бойынша жауапкершілікке тартылғандар саны да өте аз (іс жүзінде нөлдік статистика)", - деді ол.
Бизнес-омбудсмен мынадай статистиканы келтірді: 2016 жылы ҚК-нің 249-бабы бойынша 5 құқық бұзушылық бойынша қылмыстық істер өндірісте болды, 1 іс сотқа жіберілді, 1 адам сотталды. 2017 жылы – 2 іс, сотқа – 1 іс жіберілді, сотталғандар саны - 0. 2018 жылы – 0 іс, сотқа – 0, сотталғандар саны - 1. 2019 жылы – 2 іс, сотқа – 0, сотталғандар саны - 0. 2020 жылы – 10, сотқа – 4, сотталғандар саны - 0.
Спикер рейдерліктің көптеген формалары мен нұсқалары үнемі қолданылатын динамикалық даму жағдайында белгілі бір схемаларға сілтеме жасау тиімді қарсылықты қамтамасыз етпейді деп санайды.
"Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары рейдерлікке қатысты істерді қарау барысында оны тудыратын себеппен емес, салдарымен күреседі. ҚК-нің басқа баптары бойынша, мысалы, оңалту және банкроттық кезіндегі заңсыз іс-әрекеттер туралы іс қозғалады. (237 бап). Бірақ кәсіпкерлер сол оңалтушы басқарушы тарапынан орын алған заңға қайшы әрекеттердің барлық дәлелдемелерін алып келген жағдайда да, іс жүзінде рейдерлік бойынша қылмыстық іс қозғалмайды", - деп хабарлады Рустам Жүрсінов.
Бас прокуратура "Атамекен" ҰКП-мен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қылмыстық және әкімшілік заңнамаға түзетулер енгізу бойынша ұсыныстар әзірледі.
"ҚК-нің 365-бабында (Заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау) бірінші бөліктің диспозициясын тексерулер жүргізу тәртібін бұзу, белгілі бір қызметті жүзеге асыруға арнайы рұқсат (лицензия) беруден заңсыз бас тарту немесе беруден жалтару, кәсіпкерлік субъектісінің қызметін заңсыз тоқтата тұру және т. б. заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау тәсілдерімен толықтыру ұсынылды. ҚК-нің 249-бабының диспозициясы (Рейдерлік) бойынша әртүрлі нұсқалар пысықталды, соның ішінде оны формалды құрамға ауыстыру және бөтен бизнесті басып алудың кез келген құқыққа қарсы тәсілдерін рейдерлікке жатқызу туралы. Көптеген даулардың қорытындылары бойынша елеулі зиян келтіруге әкеп соққан мемлекеттік органдардың (оның ішінде құқық қорғау, бақылау, сот) ресурстарын пайдалана отырып, мәжбүрлеуге немесе тартып алуға ұштасатын рейдерлік нысандарын білікті құрамға бөле отырып, бапты жаңа бөлікпен толықтыру және баптың санкцияларын күшейту ұсынылды", - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, ӘҚБтК-де жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша анықталған құқық бұзушылықтар үшін тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін ескіру мерзімін бір жылға дейін ұлғайту ұсынылды. Мерзімдерді ұлғайту лауазымды адамдарды жазалаудың тиімділігін арттыруға және бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған.
"Бұл ұсыныстар Бас прокуратураның, Президент Әкімшілігінің алаңдарында бірнеше рет қаралды және барлық уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан қолдау тапты. 2020 жылғы тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңес барысында Мемлекет басшысы бұл мәселені қайта көтерді. Тапсырма Үкіметке жіберілді, осыған байланысты Қаржы министрлігі, кейіннен Қаржы мониторингі агенттігі заң жобасын әзірлеу және оны келісу бойынша жұмыс жүргізді. Қазіргі уақытта жұмыс жеделдетілген түрде жүргізіліп жатыр және Президент Әкімшілігінің ерекше бақылауында тұр", - деп толықтырды спикері.
Ағымдағы жылдың сәуір айында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заңсыз араласуынан қорғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңының жобасы шеңберінде заңнамалық түзетулерге Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашылық жасады.
"Қазір жұмыс тобының отырыстары өтіп жатыр, жақын арада заң жобасы қабылданады деп үміттенеміз", - деп түйіндеді Рустам Жүрсінов.
Омбудсмен институты басқарудың әртүрлі нысандары бар 50-ден астам елде бар екенін атап өткен жөн: президенттік республикалар (Финляндия, Франция, АҚШ), парламенттік республикалар (Швейцария, Австрия, Германия), конституциялық монархиялар (Дания, Норвегия, Швеция, Испания, Австралия, Нидерланды, Ұлыбритания, Канада).
Айгерім Ибраева
Дереккөз: https://strategy2050.kz/ru/news/reyderstvo-shtrafy-i-sudy-kak-v-kazakhstane-zashchishchayut-biznes/