Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы жобасын жаңарту жөніндегі ұсыныстар Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесіне

Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі
Төрағасының орынбасары –
Қазақстан Республикасы Президентінің
жанындағы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы
А.Ғ. Балаеваға

Құрметті Аида Ғалымқызы!

Сіз өткізген осы жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы жекелеген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды формалды түрде орындау тәжірибесінен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жүйелі басқаруға көшу қажеттігін айқын көрсетті.

Отырыс қорытындысы бойынша Сіз Қазақстан Республикасының 2027–2031 жылдарға арналған жаңа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын тұжырымдамалық тұрғыдан жаңарту мүмкіндіктері туралы мәселе көтеріп, осы мәселе бойынша жазбаша ұсыныстар енгізуді тапсырдыңыз. Осы тапсырманы орындау мақсатында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің ұсыныстарын жолдаймын.

Жоғарыда көрсетілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын тұжырымдамалық тұрғыдан жаңарту үшін бірінші кезектегі шаралар ретінде мыналар қажет:

1) Қылмыстық кодексті жетілдіру шеңберінде:

1.1. ұйымдасқан қылмыстық топты (ҰҚТ) ұйымдасқан қылмыстың негізгі нысаны ретінде айқындау және оны криминалдық, көлеңкелі және өзге де кәсіпорындарға заңсыз бақылау жасау арқылы қаржылық және өзге де материалдық пайдаға жүйелі түрде қол жеткізу мақсатында тек қылмыстық мақсатпен құрылған жеке тұлғалардың бейресми қылмыстық бірлестігі ретінде айқындау;

1.2. сыбайлас жемқорлықты мемлекеттік органдардың ұйымдасқан қылмыспен астасуы деп айқындау және қоғамдық өкілеттіктерді заңсыз жеке мүдделер үшін кез келген пайдалануды оның белгілерінің бірі деп санау.

2) Осыған сәйкес, Тұжырымдамада белгіленген рейтингтік көрсеткіштерге қол жеткізу үшін оның бірінші әрі ең төменгі қажетті мақсаты ретінде мемлекеттік қызметшілердің ұйымдасқан қылмыспен байланысын үзу міндетін белгілеу және жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтарды (парақорлық, ұрлық, ысырап ету, өкілеттіктерді теріс пайдалану және т.б.) оларға ҰҚТ мен ұйымдасқан қылмыстың өзге де нысандарының қатысы болған жағдайда ғана сыбайлас жемқорлық қылмыстар деп санау.

3) Орталықтандырылған ақпараттық және қаржылық бақылауды сақтай отырып, мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік кәсіпорындардың лауазымды адамдарының операциялық өкілеттіктерін деңгейлер мен салалар бойынша орталықсыздандыру қажет. Бұл оларға сеніп тапсырылған учаскелер үшін дербес жауапкершілікті арттыруға, тиісті қаржылық нәтижелерге қол жеткізуге экономикалық тұрғыдан мүдделі етуге және сол арқылы мемлекеттік шешімдер мен мемлекеттік сатып алулардың сыбайлас жемқорлық тәуекелін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл шешім қабылдау орталықтарын операциялар жүргізілетін жерлерге жақындату және бюджеттік ынталандыру арқылы жергілікті жерлердегі жеке мүдделерді жалпы мемлекеттік және корпоративтік мақсаттарға жұмылдыру үшін қажет. Осыдан кейін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың орталық аппараттарына олардың жергілікті және өзге де операциялық бөлімшелерінің орнына, әсіресе сатып алу бөлігінде, операциялар жүргізуге тыйым салу қажет. Бұл орталық аппараттардың жергілікті бөлімшелерінің операциялық қызметіне ішкі бақылауын қайта жандандыруға мүмкіндік береді.

4) Мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік кәсіпорындардың лауазымды адамдарының дербес жауапкершілігінің барлық заңнамалық тетіктері жұмыс істеуі үшін мына құқықтарды міндетке айналдыру қажет:

4.1. соттардың мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік кәсіпорындардың лауазымды адамдары жол берген бұзушылықтар бойынша жекеше ұйғарымдар шығару құқығын;

4.2. азаматтар мен ұйымдарға лауазымды адамдардың көрінеу заңсыз әрекеттері немесе әрекетсіздігі салдарынан келтірілген залалды өтеуге байланысты мемлекет шеккен шығындар бойынша мемлекеттік органдар мен мемлекеттік кәсіпорындардың лауазымды адамдарға кері талап (регресс) қою құқығын. Келтірілген залалды кінәлі лауазымды адамның өзінен регресс тәртібімен міндетті түрде және толық өндіріп алуды заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет. Жәбірленушінің шығындары тек салық төлеушілердің қаражаты (бюджет) есебінен өтелетін қазіргі тәжірибе тоқтатылуға тиіс. Мемлекеттің жәбірленушілерге төлеген сомалары көрінеу заңсыз әрекет немесе әрекетсіздік жасаған құқық бұзушының жеке мүлкі мен кірістері есебінен өндіріліп алынуға тиіс.

5) Судьялар корпусының қызметін бағалаудың қатаң сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктерін әзірлеу қажет. Заңсыз сот актілерін шығарғаны үшін жауапкершілікті түбегейлі күшейту керек. Судьялардың шешімдерін жоғары тұрған сот алқалары азаматтар мен бизнестің құқықтарының бұзылуына әкеп соққан материалдық немесе процестік құқық нормаларын өрескел бұзу фактісін көрсете отырып күшін жойған жағдайларда, бұл материалдарды Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот жюриіне судьяны қызметінен босату мәселесін қарау үшін автоматты түрде беруге, ал қасақаналық белгілері болған кезде – ҚР ҚК-нің 418-бабы бойынша, яғни көрінеу әділетсіз үкім, шешім немесе өзге де сот актісін шығарғаны үшін қылмыстық іс қозғауға негіз болуға тиіс. Судьялардың сот қателіктері ел экономикасына ауыртпалық түсіріп, азаматтар мен ұйымдардың тағдырын күйретпеуге тиіс.

6) Тұжырымдамаға баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде сапаны ескермей, ең төмен баға қағидатын қолдануға заңнамалық тыйым салуды енгізу қажет, әсіресе денсаулық сақтау, білім беру және қорғаныс (әскери мақсаттағы тауарлар) сияқты аса маңызды салаларда. Оның орнына тапсырыс беруші өзінің жеке жауапкершілігімен тауар мен өнім берушіні олардың сапалық сипаттамаларын және ұсынылған баға ұсыныстары негізінде есептелген орташа өлшенген бағаны ескере отырып таңдай алатын міндетті тетік енгізу қажет. Мұндай жағдайда мемлекеттік қызметшілер мен менеджерлер ең төмен бағамен айла-шарғы жасай алмайды және мемлекеттік сатып алу туралы заңға сәйкес автоматты шешімдерді қалқан ете алмайды. Тәжірибе ең төмен бағаны қуалау өмір сапасының күрт төмендеуіне әкелгенін көрсетті. Білім беру мен денсаулық сақтау салаларында сапасы төмен дәрілік заттар мен сапасыз жабдықтар сатып алынады, ал қорғаныс саласында әскери тауарларды ең төмен баға өлшемшарты бойынша сатып алу ұлттық қауіпсіздікке тікелей нұқсан келтіреді. Егер барлық ұсыныстар тауардың көлемі мен сапасы бойынша салыстырмалы түрге келтірілмесе, «ең арзан баға бойынша шығып қалу» қағидатымен конкурстар болмауға тиіс. Тапсырыс беруші ұсыныстардың медианалық (орташа) нарықтық бағасын негізге ала отырып, ақау мен кемшілік есебінен құнын төмендететін жосықсыз өнім берушілерді заңды түрде шеттетуге құқылы болуға тиіс. Ұсынылып отырған тәсіл озық халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келеді. ЭЫДҰ және Еуропалық одақ елдері мемлекеттің стратегиялық қажеттіліктерін қамтамасыз ету кезінде «арзандық – игілік» деген зиянды қағидаттан заңнамалық деңгейде әлдеқашан бас тартқан. ЕО-ның 2014/24/EU директивасы (медицина және білім беру үшін) және 2009/81/EC арнайы директивасы (қорғаныс секторы үшін) шеңберінде бұл елдер аса маңызды салаларда ең төмен бағаны қуалау ақауларды түзетуге және салдарын жоюға бюджеттен әлдеқайда көп шығын жұмсауға әкелетінін бекітті. Тендер сәтіндегі қысқа мерзімді үнемнің орнына халықаралық тәжірибе жиынтық құндылық өлшемшартына және сапаны бағалауға көшті. Қазақстан әлемдік стандарттарға ұмтыла отырып, осы тәжірибені қаралып отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Тұжырымдамада бекітуге тиіс. 

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын
қорғау жөніндегі уәкіл
Қ. Нұров

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы жобасын жаңарту жөніндегі ұсыныстар Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесіне 203 КБ