Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ПДЖ-ға кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу тәртібіне өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс
министрлігі
 

Егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын
кешенді қала құрылысы
сараптамасын жүргізу тәртібіне
өзгерістер енгізу туралы 

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің 2026 жылғы 10 тамыздағы Қостанай облысының бизнес-қоғамдастығымен кездесуінің қорытындысы бойынша хаттамалық шешімге сәйкес, сіздерге әзірленуі немесе түзетілуі жеке инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асырылатын егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына (ЕЖЖ) кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу тәртібін жетілдіру жөніндегі құрылыс секторының ұсыныстарын жолдаймын.

Қолданыстағы заңнамада инвестордың қаражаты есебінен ЕЖЖ-ны әзірлеу және түзету мүмкіндігі заңды түрде көзделген. Сонымен бірге, кешенді қала құрылысы сараптамасынан өтудің қолданыстағы тетігі инвестордың тапсырыс берушінің заңды құқықтарын іске асыруына іс жүзінде кедергі келтіреді. Жеке инвестор ЕЖЖ-ны әзірлеуді толығымен қаржыландырып, осыған байланысты шығындарды көтеріп, жобаны мүмкіндігінше тез іске қосуға тікелей мүдделі болғанымен, жобаны сараптамаға өз бетінше жіберуге және «бір терезе» қағидаты бойынша веб-портал арқылы сараптама ұйымымен тікелей өзара іс-қимыл жасауға техникалық мүмкіндігі жоқ деструктивті тәжірибе қалыптасып отыр.

Аталған әрекеттерді жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы орган (атап айтқанда, өңірлік сәулет және қала құрылысы бөлімдері) жасанды түрде тартылады. Осылайша, жеке инвестор (нақты тапсырыс беруші) мен сараптама ұйымының арасында әкімдік бөлімшелері түріндегі артық әкімшілік буын пайда болады. Мемлекеттік органның қызметкерлері мемлекеттік өкілеттіктерді іске асырумен байланысты емес бейінді емес техникалық және ұйымдастырушылық функцияларды орындауға: инвестордан материалдар қабылдауға, оларды жүктеуді жүзеге асыруға, сарапшылардың ескертулерін жіберуге және екі мемлекеттік емес субъектілер арасында делдал бола отырып, құжат айналымын қамтамасыз етуге мәжбүр.

Бұл тәртіп негізсіз әкімшілік кедергілер туындатады, инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімдерін ұзартады және мемлекеттік органдарға қосымша тиімсіз жүктеме түсіреді. Бұл өз кезегінде инвестициялық белсенділікке тікелей кері әсер етеді, жұмыс орындарын құруды, инженерлік-көлік инфрақұрылымын дамытуды және өңірлердің салық базасын кеңейтуді тежейді.

Бұл ретте ұсынылып отырған өзгерістер әкімдіктің айрықша мемлекеттік өкілеттіктерін инвесторға беруді көздемейтінін атап өтеміз. Жергілікті атқарушы органдарда қала құрылысы құжаттамасын келісу, қоғамдық талқылауларды ұйымдастыру, жобаның аумақтық жоспарлаудың бекітілген құжаттарына сәйкестігін қамтамасыз ету және ЕЖЖ-ны түпкілікті бекіту жөніндегі функциялар толық көлемде сақталады. Әңгіме тек сараптамадан өту кезеңінде жоба тапсырыс берушісінің техникалық өкілеттіктерін іске асыру тәртібін оңтайландыру туралы болып отыр.

Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, әкімшілік кедергілерді қысқарту, процестердің ашықтығын арттыру және инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдету мақсатында нормативтік құқықтық актілерге мынадай өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз:

  1. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің № 213 бұйрығымен бекітілген Қала құрылысы жобаларын (елді мекендердің бас жоспарларын, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын) әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларының 10-тармағын мынадай мазмұндағы абзацпен толықтыру: «Әзірленуі немесе түзетілуі инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асырылатын егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары бойынша тапсырыс беруші-инвестор тиісті қала құрылысы жобасына кешенді қала құрылысы сараптамасының тапсырыс берушісі болып табылады және оны «бір терезе» қағидаты бойынша веб-портал арқылы кешенді қала құрылысы сараптамасына өз бетінше жібереді».
  2. Ақпараттық жүйенің интерфейсінде «тапсырыс беруші-инвестор» тиісті оқшауланған мәртебесін көздей отырып, тікелей тапсырыс беруші-инвестордың мемлекеттік сараптама веб-порталында өтініштер мен жобалау материалдарын берудің техникалық мүмкіндігін қамтамасыз ету.

Аталған өзгерістер инвесторлар мен сараптама ұйымдары арасында тікелей, жедел және ашық коммуникация орнатуға, тараптардың жауапкершілігін нақты ажыратуға және Қазақстан Республикасы өңірлерінің инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. 

Қазақстан кәсіпкерлерінің
құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл
 
Қ
. Нұров

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ПДЖ-ға кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу тәртібіне өзгерістер енгізу туралы 211 КБ