Бизнес-омбудсмен құқық қолданудағы озбырлық мәселесін көтерді
2026 жылғы 19 қарашада Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Кәсіпкерлік қызметтегі және азаматтық сот ісін жүргізудегі адалдық қағидаттары» тақырыбындағы дөңгелек үстелінде құқық қолданудағы озбырлық мәселесін көтерді.
Талқылауға судьялар корпусының, адвокатураның, заң қоғамдастығының, мемлекеттік органдардың, ғылыми орта мен бизнес өкілдері қатысты.
Кәсіпкерлікті қорғау саласындағы басты проблемалардың бірі – құқық қолданудағы озбырлық. Ол заңды негіздерсіз шешімдердің күшін жоюдан және құжаттар беруден, нормативтік құқықтық актілерді елемеуден, заңсыз шектеулер мен санкцияларды қолданудан, сондай-ақ азаматтық-құқықтық даулар бойынша кәсіпкерлерді қылмыстық қудалаудан көрініс табады.
Мемлекеттің арада көптеген жылдар өткен соң бұрын қабылданған шешімдер мен жасалған мәмілелерді қайта қарап, оның теріс салдарын адал кәсіпкерлерге жүктейтін жағдайлар ерекше алаңдаушылық туғызады. Мысал ретінде 2002 жылы сатып алынған баспахана ғимараты «тартып алынған» «БИКО» ЖШС-нің ісі келтірілді.
Құқық қолданудағы озбырлықтың тағы бір көрінісі – азаматтық-құқықтық дауларды негізсіз түрде қылмыстық-құқықтық салаға ауыстыру. Бұл туралы Мемлекет басшысы 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында тікелей айтып, экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыссыздандыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған болатын.
Атап айтқанда, қылмыстық қудалауға көбінесе тендерлік бағаның бәсекелестердің коммерциялық ұсыныстары негізінде кейіннен есептелген шартты «нарықтық орташа бағадан» жоғары болуы негіз болады. Алайда бағаның жоғары болуы өздігінен жымқыру фактісін дәлелдемейді. Қылмыстық құқық бұзушылықтың нақты белгілерін, оның ішінде қасақаналық пен келтірілген залалды анықтау қажет.
Сонымен қатар кәсіпкерлер көбінесе сот тәртібімен дауланбаған немесе жарамсыз деп танылмаған шарттарды адал орындайды, ал жұмыстардың орындалу фактісі екі тараппен де расталады. Мұндай даулардың азаматтық-құқықтық сипаты туралы бизнестің уәждері кәсіпкер қылмыстық қудалаудан өткеннен кейін сотта жиі расталып жатады. Мысалы, 2026 жылы құрылыс мердігерлігі шарттарына байланысты істер, сондай-ақ экспорттық бақылау жөніндегі іс бойынша ақтау үкімдері шығарылды.
Бизнес-омбудсмен Астана қаласындағы құрылыс салушылардың жүйелі проблемаларына да жеке тоқталды. Олардың қатарында әкімшілік кедергілер, рұқсат беру құжаттарының мерзімді түрде қайта жаңартылуы және расталған залал болмаған жағдайлардың өзінде құқық қорғау органдарының араласуы бар.
Бизнес өкілдерінің шағымдарының басым бөлігі сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуына және қылмыстық істі қозғау негіздеріне қатысты. Осыған байланысты қылмыстық заңнамаға сотқа дейінгі тексеру институтын қайтару және Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тізілімін (БСТТТ) «Төрелік» сот жүйесімен интеграциялау арқылы прокурорлық сүзгіні күшейту ұсынылды. Бұл кәсіпкерлік қызметке қатысты істерді анықтауға және шешілмеген азаматтық-құқықтық даулар бойынша негізсіз қылмыстық қудалаудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Бизнес-омбудсмен құқық қолданудағы озбырлықтың басты себебі ретінде заңсыз шешімдер мен әрекетсіздік үшін лауазымды тұлғалардың заңнамада көзделген нақты дербес жауапкершілігінің іс жүзінде қамтамасыз етілмеуін атады.
Бүгінде мемлекеттік органның әрекеттері сотпен заңсыз деп танылғанның өзінде, келтірілген залал, әдетте, нақты кінәлі тұлғалардың жауапкершілігі толық анықталған жағдайларда да мемлекет есебінен өтеледі.
Осыған байланысты Қанат Нұров кінәлі лауазымды тұлғаларды дербес жауапкершілікке тартудың және кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеудің құқықтық тетіктерін жетілдіруді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 11-бабы 4) тармақшасында бекітілген қағидатты іс жүзінде іске асыруды ұсынды.
Аталған ұсыныстарды тәжірибеде іске асыру мақсатында Бизнес-омбудсмен кеңсесі кәсіпкерлердің құқықтарын бұзатын заңсыз шешімдер үшін лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне тиісті өтініш дайындады.
Сөз сөйлеу мәтініне сілтеме: www.ombudsmanbiz.kz