Бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың егемендігін нығайту – Мемлекет басшысы

«Кәсіпкерлердің қызметіне заңсыз кедергі келтіру – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс», – деп атап өтті кеше Мемлекет басшысы.

Бұл ұстаным Қазақстан Республикасының күні аталып өтіп, Тәуелсіздіктің 35 жылдығы жақындап, еліміз ауқымды конституциялық өзгерістерді жүзеге асырып жатқан кезеңде ерекше мәнге ие. Егемендік – бұл мемлекеттің дербестігі ғана емес. Ол сондай-ақ елдің азаматтар үшін мүмкіндіктер қалыптастыру, олардың құқықтарын қорғау және экономиканың еркін дамуына жағдай жасау қабілеті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңіндегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында маңызды бағдарлар айқындалды. Олардың қатарында менің Бизнес-омбудсмен ретіндегі қызметімнің негізгі бағыттарының бірі болып табылатын экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыссыздандыру мәселесі ерекше орын алады. Себебі кәсіпкерлер экономикалық сипаттағы баптар бойынша қылмыстық қудалау аясына жиі тартылады.

Бұл – құқық қорғау және заң шығару жүйелерінің барлығына қылмыстық заңнаманы реформалау жұмыстарын жеделдету жөнінде берілген маңызды сигнал.

Қазақстанда бір жыл ішінде кәсіпкерлерге қатысты тіркелген қылмыстық істердің саны 48%-ға қысқарды. Сонымен қатар бірінші жартыжылдықта салынған айыппұлдардың сомасы шамамен 11%-ға өсті, ал жоспардан тыс тексерулер саны ондаған есе артты.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлер шаруашылық даулары мен бұрын жасалған мәмілелерді қайта қарауға байланысты қылмыстық қудалауға ұшырайтыны жөнінде әлі де шағымдануда.

Мен ұйымдасқан қылмыстық топтарға (ҰҚТ) қатысты қылмыстық заңнаманы қолдану мәселесін де жеке проблема ретінде қарастырамын. Өйткені заң нормаларындағы тұжырымдардың жеткілікті дәрежеде нақтыланбауы кәсіпорынның ұйымдастырушылық құрылымын бизнестің бірнеше адам болып жасаған экономикалық құқық бұзушылығы кезінде ҰҚТ белгілерінің бірі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Біздің кеңсе адамдар тобы жасаған кәдімгі экономикалық құқық бұзушылықтарды ҰҚТ қызметінен нақты ажырату бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бұл ұстаным Конституциялық Соттың қолдауына ие болды. Ал Президент Әкімшілігі «қылмыстық топ» және «ұйымдасқан топ» ұғымдарын нақтылау жөніндегі ұсыныстарымызды жаңа редакциядағы Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процестік кодекс аясында пысықтау үшін Әділет министрлігіне жолдады. Заңнамалық өзгерістер осы нормаларды кеңейтілген түрде түсіндіру мүмкіндігін жойып, кәсіпкерлерді негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғауды күшейтеді деп сенемін.

Мемлекет басшысының бизнеске кедергі келтірмей, оның еркін дамуына мүмкіндік беру қажет деген пікірімен толық келісемін. Осыған байланысты Президент Жолдауында кәсіпкерлер үшін маңызды келесі басымдық – әкімшілік қысымды төмендету.

Осы мақсатта Мемлекет басшысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізуді ұсынды.

Бұл – бақылау-қадағалау жүйесін қайта жаңғыртып, тәуекелдерді басқару жүйесіне (ТБЖ) негізделген реттеудің цифрлық моделіне көшу қажеттігін білдіретін маңызды сигнал.

Кәсіпкерлер үшін тұрақты әрі болжамды жұмыс қағидаларын қамтамасыз ету аса маңызды. Себебі мемлекеттік бақылау жүйесінің неғұрлым либералды болуына қарамастан, айыппұлдар, жоспардан тыс тексерулер және шоттарды бұғаттауға әкеп соғатын камералдық бақылау арқылы мемлекеттік органдардың кәсіпорындар қызметіне ықпалы әлі де сақталып отыр.

Бизнес-омбудсмен кеңсесінің алдағы жұмыс бағыттарының бірі – кәсіпкерлерге зиян келтірген заңсыз шешімдері үшін лауазымды тұлғалардың жеке материалдық жауапкершілігі туралы нормаларды іс жүзінде іске асыру. Егер мемлекет бизнеске келтірілген залалды өтеуге мәжбүр болса, кінәлі лауазымды тұлғалардан қаражатты кері өндіріп алу құқығын міндетке айналдыруды ұсынамыз. Бұл үшін регрестік өндіріп алу тетігін қолдану қажет.

Үшіншісі – салық саясатын жетілдіру. Жаңа Салық кодексі бүкіл жүйені кешенді түрде қайта жаңғыртуға негіз қалады. Біз салықтық әкімшілендіру саласында нақты өзгерістерге қол жеткіздік. Жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша әлеуметтік шегерімдерді өткен кезеңдер үшін қайта есептеу алынып тасталды. Электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) автоматты түрде бұғаттауды қолдану (жеткізілім фактісі болмағандықтан ЭШФ-ларын кері қайтарып алған) тәуекелі жоғары салық төлеушілерге ғана қатысты шектелді. Нәтижесінде ҚҚС-ты алдын ала төлеу, (жеткізілімдерге әкімшілік тексеру жүргізбестен) мәмілелерді және (азаматтық тәртіппен тарату рәсімін жүргізбестен) кәсіпорындарды жарамсыз деп тану практикасы барынша азайтылды.

Сонымен қатар бизнес жекелеген нормаларды қолдану кезінде әлі де қиындықтарға тап болуда. Сондықтан қайшылықтарды жойып, нормаларды екіұшты түсіндіруге жол бермеу, реттеудегі теңгерімсіздіктер мен кәсіпкерлерге түсетін артық жүктемені азайту қажет. Салық жүйесі бизнестің дамуға деген ынтасын төмендетпеуге, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға кедергі келтірмеуге тиіс. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке бизнестің пікіріне құлақ асып, салық заңнамасына енгізілетін нысаналы өзгерістер пакетін жан-жақты әрі мұқият пысықтау қажеттігін тапсырды.

Салық жүйесі әділ ғана емес, бизнес үшін түсінікті, болжамды әрі қолайлы болуы тиіс. Сондықтан мен әкімшілік жүктемені азайту және салықтық міндеттемелерді орындау тәртібін жеңілдету бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келемін.

Қазіргі уақытта біздің кеңсе салық салу жүйесін оңайлатуға бағытталған бастаманы да ілгерілетуде. Негізгі мәселелердің бірі – еңбекақы төлеу қорына (ЕТҚ) салық салу. Бүгінде жұмыс беруші салықтар мен әлеуметтік төлемдердің 7 түрін есептеп, төлеуге мәжбүр.

Бірыңғай төлемді қолдану аясын кеңейту арқылы осы тетікті оңайлату жөніндегі бастамамыз Жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсе аясында практикалық тұрғыдан іске асырыла бастады. Келесі қадам – ЕТҚ бойынша міндеттемелерді автоматты түрде есептеуге және төлем құжаттарын қалыптастыруға мүмкіндік беретін «Бір рет басу арқылы есептеу» пилоттық цифрлық сервисін іске қосу.

Кәсіпкер өз ісін дамытуға баса назар аудара алатын, ал мемлекет әділ қағидаларды қамтамасыз етіп, оның құқықтарын сенімді қорғайтын ортада ғана қуатты Қазақстан қалыптасады деп сенемін.

Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау
жөніндегі уәкіл (Бизнес-омбудсмен) Қ. І. Нұров