Пандемия жоспарымызға өзгеріс енгізді

Фото баспасөз қызметінің мұрағатынан алынды

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Forbes.kz-ке берген сұхбатында жыл қорытындысымен бөлісті

Қазақстанның бизнес-қоғамдастығына біршама ауыртпалық әкелген жыл да аяқталып келеді. Рустам Жүрсінов сұхбат барысында кәсіпкерлер карантинге байланысты туындаған қиындықтарды қалай жеңіп шыққаны жөнінде, мемлекет тарапынан көрсетілген көмек жөнінде, енді компаниялар қалай тексерілетіні және салық мөлшері қаншалықты төмендейтіні жөнінде таратып айтып берді.

F: Рустам Манарбекұлы, сіз бизнес-омбудсмен ретінде өз қызметіңізді ТЖ және карантин енгізілгенге дейін үш апта бұрын бастадыңыз. 2020 жылға арналған жоспарыңыз қандай болды және оған қандай түзету енгіздіңіз?

- Тұңғыш бизнес-омбудсмен Болат Палымбетов өңірлермен жұмысты ретке келтірді, өткен жылы бизнестің барлық өңірлік проблемалары көрініс тапқан облыс әкімдерімен жол карталарына қол қою басталды. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының әкімдіктерімен 7 жол картасы жасалды. Мен барлық өңірлер байланыста болуы үшін, кәсіпкерлер қорғау шаралары туралы білуі үшін осы жұмысты жалғастыруым керек еді. Дегенмен пандемия өз түзетулерін енгізді. Биыл біз Жамбыл облысының әкімімен Жол картасына қол қойдық. Облыс әкімдігімен және прокуратурасымен бірлесіп, кәсіпкерлерді қолдау және қорғау мақсатында аталған құжаттың әрбір тармағын орындау бойынша шаралар қабылданды.

Сондай-ақ, биыл БҚО прокуратурасы, кәсіпкерлер палатасы және облыс әкімдігі арасында Жол картасына қол қойылды.

COVID-19 эпидемиясы кезеңінде кәсіпкерлер әртүрлі стратегиялық және операциялық тәуекелдерге тап болды: сұраныстың төмендеуі және шикізат жеткізілімінің кешігуі, шығындардың артуы, материалдық-техникалық қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі, қызметкерлердің денсаулығы мен еңбек қауіпсіздігіне байланысты проблемалар, ресурстардың тапшылығы,  логистика және импорт пен экспорт деңгейіндегі есеп айырысу проблемалары. Сондықтан туындаған проблемаларға баса назар аударуға тура келді.

Осы қиын уақытта әрбір жұмыс істеп тұрған кәсіпорын мен әрбір жұмыс орнын сақтап қалу маңызды екенін бәрі де жақсы түсінеді деген ойдамын. Осыған байланысты бизнес-омбудсменнің кеңсесі бірінші кезекте кәсіпкерлерге COVID-19  жағдайында өз құқықтарын қорғау бойынша ұсыныстар дайындады.

Бұл дағдарыс отандық бизнеске айтарлықтай салмақ салғаны анық.

F: 2020 жылғы басты жетістігіңіз бен «әттеген-ай» дегізген сәтке тоқталып өтсеңіз...

-COVID-19 бизнестің проблемаларын ушықтырып жіберді. Жылдың басында бұл проблемалардың жылдам шешілуіне қатысты біздің үмітіміз әлсіз болғаны жасырын емес. Бірақ Үкіметтің  жедел шаралары тәуекелдерді барынша төмендетті. Бәрі кемшіліксіз болды дей алмаймын.

Ең бастысы, Үкімет біз ұсынған ұсыныстарды қолдады және бизнес-қауымдастық бұл үшін үлкен алғыс білдіреді.

Жағымды жаңалықтың бірі – төтенше жағдай режимі мен карантиндік шараларды бұзғаны үшін жаппай айыппұл салу төмендетілді. Кейде, тіпті, маска мен дезинфекцияланған кілемшенің болмағаны үшін кәсіпкерлерді қамауға алған жағдайлар да орын алған болатын. Жоғарғы Сотпен, Ішкі істер министрлігімен, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, формальды және елеусіз бұзушылықтар үшін жазалау шараларын жеңілдету тәсілдері әзірленді.

Менің ойымша, биылғы жылы біз үлкен сәтсіздіктердің алдын алдық. Естеріңізге сала кетейін, Азаматтық кодекске өзгерістер енгізу аясында біз карантин мен басқа да шектеу шараларын еңсерілмейтін күш жағдайлары деп тануды ұсынған едік. Алайда біздің ұсынысымызды Парламент қолдамады.

F: Кәсіпкерлерден түскен өтініштер ішінде қандай жағдайды ерекше атап өтер едіңіз?

- Іс жүзінде әрбір өтініш жеке қаралады. Бізге жүйелі, сондай-ақ жеке мәселе бойынша да шағымдар түседі. Айта кету керек, шағымдардың 80-90%-ы өңірлік деңгейде шешілуі мүмкін және шешілуі тиіс. Өкінішке орай, бүгінде мұндай мәселелер әрдайым жергілікті жерде шешіле бермейді. Сондықтан араласуға тура келеді.

Мысалы, Ақмола облысында осы жылдың жазында МСҚБ жаңадан салынған көп қабатты екі үйді пайдалануға беруді мақұлдамады. Кәсіпкер несиені төлейтін уақыт та келіп жетті, ал жылжымайтын мүлікті сату еш мүмкін болмады. Кәсіпкер бірнеше шағым жазды, бірақ салынып болған үйді неге заңды түрде пайдалануға беруге болмайды деген сұраққа МСҚБ дәлелді жауап бере алмады. Бұл жағдайға қатысты біз Protecting business and investments жобалық кеңсесінің жұмысы аясында (бұл "Атамекен" ҚР ҰКП, Бизнес-омбудсмен кеңсесі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірлескен жобасы) республикалық селекторлық кеңесте МСҚБ және әкімдік өкілдерінен "мәселе неде" деп сұрадық. Шенеуніктер азаматтардың қауіпсіздігіне алаңдайтындықтарын алға тартты, өйткені жақын жерде тағы екі үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр екен. Дегенмен, кеңес өткізгеннен кейін үйлерді мемлекеттік тіркеу мәселесі мақұлданды! Әрине, кәсіпкер бізге ризашылығын білдірді, бірақ оның шыққан шығынын шенеунік өз қаражаты есебінен өтеп бермейді ғой, зая кеткен уақыты пен мүмкіндіктерін ешкім қалпына келтірмейді, ал біздің ойымызша, ең үлкен қателік - бұл жауапсыздық сезімі, бұл өз кезегінде бизнеске қатысты заңсыз әрекеттерді немесе әрекетсіздікті тудырады.

Тағы бір оқиға Қарағанды облысында орын алды. Сараньдағы полиция рейдінде тәртіп сақшылары дезинфекцияланған кілемшесі жоқ дүкенді анықтады. Дүкен иесі кінәсін мойындап, кілемшені жақын арада сатып алуға уәде берді. Ол қарт ата-анасын күтіп-бағып отырғанын айтып, өзін қамауға алмауды өтінді. Бірақ судья оның өкінгеніне, ата-анасының жағдайына және қандай да бір қауіпті салдардың жоқтығына қарамастан, оны бір тәулікке қамауға алды. Кәсіпкер бірінші сатыдағы соттың қаулысына шағымданып, оны қайта қарауға қол жеткізді. Бұл шағын бизнес өкілдерін "төтенше жағдай режимін бұзғаны" үшін жауапқа тартудың жарқын мысалы - билік кейде жазалау барысында "асыра сілтеп" жібереді.

Жоғарғы Сотта бізді қолдады, онда асыра сілтеуге жол берілмеуі қажет екенін мойындады, тек жаппай іс-шаралар, той жасау немесе түнгі уақытта жұмыс істеуге тыйым салатын шектеу шараларын бұзған кәсіпкерлерге қатысты қамауға алу шаралары қолданылуы керек деген пікір айтылды. Бұл ұстаным еліміздің барлық соттарына жеткізілді, ал кәсіпкерлерге қатысты елеусіз және формальды бұзушылықтар үшін ескерту, кейбір жағдайларда 10 АЕК мөлшерінде (26 510 теңге) айыппұл салу сияқты шаралар жиі қолданыла бастады.

F: Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің бір жылда атқарған қызметі сандарда қалай көрініс табады?

- 2020 жылдың 11 айында бізге бизнесті қорғау желісі бойынша 4535 өтініш келіп түсті, оның ішінде 1829 өтініш (40,3%) оң шешімін тапты. Кәсіпкерлердің қорғалған мүліктік құқықтарының сомасы 34 млрд теңгеден асты.

2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өтініштер санының 5%-ға артқаны байқалады. Шағымдардың ең көп саны келесі салаларға тиесілі:

- азаматтық-құқықтық даулар - 370;

– сатып алулар - 373;

– заң шығару қызметі - 341;

- әкімшілік кедергілер - 398;

- салық салу – 304.

Барлық шағымдардың үштен бірі пандемиямен байланысты болды. Төтенше жағдай енгізілгеннен бері 144 мыңнан астам өтініш пен мәселе қаралды. Көп жағдайда шаруашылық-экономикалық мәселелер қозғалды: жұмысқа және жүріп-тұруға рұқсат алу, рұқсаттама, шекті бағалар, коммуналдық қызмет, салық, әлеуметтік төлемдер және т.б. Бизнес-омбудсмен кеңсесі мемлекеттік органдарға, Үкіметке, Парламентке залалды барынша төмендету мақсатында, бизнес проблемаларын шешу бойынша 50-ден астам бастамашылық хат жолдады.

Сауалнамалар көрсеткендей, кәсіпкерлердің 60%-ы шарттық міндеттемелерін бұзуға мәжбүр болған (5 787 субъект, 12 наурыздан 6 сәуірге дейін). Сот жүйесіне үлкен жүктеме болатын 1 миллионнан астам сот ісі туындауы мүмкін. Төтенше жағдай режимін форс-мажор деп тану туралы мәселе өткір болды. Пандемия кезеңінде форс-мажор туралы 6 мыңға жуық анықтама берілді. Мемлекет басшысы бұл мәселені шешуді тапсырды және ағымдағы жылдың 3 шілдесінде Азаматтық кодекске тиісті түзетулер енгізілді (359-бап).

F: Дағдарыс кезінде Үкімет қабылдаған шаралардың қайсысы бизнеске көп көмегін тигізді?

- Мемлекеттік қолдаудың тиімді шаралары ретінде салық төлеу, несиелік міндеттемелер, үй-жайларды жалға беру, банкроттық, бизнесті тексеру және т.б. бойынша демалыс енгізуді атауға болады.

Мысалы, еңбекақы төлеу қорынан төленетін салықтар мен төлемдерден босатуды (2020 жылғы 1 қазанға дейін) 29 саланың 700 мыңға жуық кәсіпкері пайдаланды. Туризм, қоғамдық тамақтану, қонақ үй бизнесі, сондай-ақ ірі сауда объектілері, сауда-ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар мен спорт кешендері мүлік салығын төлеуден босатылды. ШОБ несиелері бойынша төлемдерді 18 200 субъектіге 222,4 млрд теңгеге кейінге қалдыру ұсынылды. 86,6 млрд теңгеге қайта қаржыландырудың 3 100-ден астам рәсімі мақұлданды. Шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша жылдық 8%-бен 387 млрд теңгеге 3 300-ге жуық қарыз берілді.

Сондай-ақ, коммуналдық қызметтерді кейінге қалдыру бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді. 2 мыңнан астам кәсіпкер осындай мүмкіндікке ие болды. Мемлекеттік меншік және квазимемлекеттік сектор объектілері бойынша жалдау төлемдерін есептеу тоқтатылды. 12 мыңнан астам жеке жалға беруші жалға алушыларға көмек қолын созды (жалдау ақысын төмендету, кейінге қалдыру).

F: Желтоқсан айының соңындағы бизнестің жағдайын қалай сипаттар едіңіз?

- Карантин кезеңінде өздерінің аз ғана қорын "жеп тауысқан" көптеген кәсіпкерлерге өз бизнесін жабудан басқа амал жоқ. Мейрамханалар, кинотеатрлар, салтанатты іс-шаралар ұйымдастыратын кәсіпорындар сияқты бизнестің 50 пайызына дейін жабылуы мүмкін.

F: Қазіргі уақытта бизнеске көмек көрсету бойынша қандай ұсыныстарыңыз бар?

- Кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштерді саралау барысында байқағанымыз, барлық салаларға мемлекеттік қолдау шаралары қажет, бұл - қолжетімді несие беру, салықтық жеңілдіктер, жаңа инвестициялар. Бүгінде бизнесмендердің бір ғана өтініші бар – жұмыс істеуге мүмкіндік беру, барлық салалар бойынша жаппай шектеу енгізбей, әр нақты салаға байланысты нақты мәселелерге назар аудару.

Қазір қосымша қолдау шаралары пысықталуда. Біз ШОБ субъектілері үшін салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша қайта кейінге қалдыруды, сондай-ақ оларды төлеу бойынша бөліп төлеудің оңайлатылған форматын енгізу қажет деп санаймыз. Сондай-ақ еңбекақы төлеу қоры бойынша босату қолданылатын қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту керек. Сонымен қатар, карантин кезеңінде қызметі шектеулі кәсіпорындардың және басқалардың коммуналдық қызметтеріне ақы төлеу үшін өтемақы талап етіледі.

14 желтоқсанда Коронавирус жөніндегі ведомствоаралық комиссияда біз 7 желтоқсанда қабылданған мониторингтік топтардың жұмыс алгоритміне қатысты бизнестің алаңдаушылық танытып отырғанын жеткізіп, алгоритмдегі кемшіліктерді жою туралы бірнеше ұсынысымызды енгіздік. 15 желтоқсанда бізді Үкіметке шақырды, онда барлық түзетулер егжей-тегжейлі талқыланды. Ал 19 желтоқсанда біз ВАК хаттамасын және құжаттың қорытынды мәтінін алдық. Жаңа алгоритм біздің барлық ұсыныстарымызды қамтымағанымен, біраз мәселені шешеді.

Жаңа алгоритмнің басты артықшылықтарының бірі - мониторингтік топтар бұдан былай бизнес нысандарын 5 тармақ бойынша ғана тексере алады:

1) объектінің қызметін шектеуге қойылатын талаптардың сақталмауы (жұмыс режимі);

2) отбасылық, еске алу іс-шараларын (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу) және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуді шектеу талаптарын сақтамау;

3) әлеуметтік қашықтықты сақтамау;

4) маска режимін сақтамау;

5) келушілер санының лимиттен асып кетуі.

Енді әкімдіктер мониторингтік топтар тексеруге шықпас бұрын олардың дербес құрамын өз сайттарында жариялауға, ал мониторингтік топтардың мүшелері бар болған жағдайда қызметтік куәліктерін көрсетуге міндетті болады. Осылайша, кәсіпкерлер өздерін тексеруге заңды бақылау тобы келгенін анықтай алады.

F: Заңнамалық өзгерістерге қандай баға бересіз?

- Шектеулерге қарамастан, биыл Парламентте заң шығару қызметі өте белсенді болды, 49 заң қабылданды.

Мысалы, маусым айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сотта азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске қол қойды. ӘРПК шеңберінде кәсіпкерлік субъектілері үшін маңызды мәселелердің бірі шешілді: әкімшілік актімен немесе әкімшілік органның іс-әрекетімен келтірілген залалды өтеу туралы азаматтық талап қоюларды әкімшілік сот әкімшілік актіге немесе әкімшілік органның іс-әрекетіне дау айту жөніндегі негізгі талқылау шеңберінде де қарайтын болады. Кодекс 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шетел валютасындағы ипотекалық қарыздар, көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру, жалпыға бірдей декларациялау және экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң да маңызды. Заң жобасының негізгі мақсаты валюталық ипотекалық қарыз алушылардың борыштық жүктемесін төмендету және болашақта валюталық тәуекелді болдырмау, сондай-ақ банктік емес қаржы ұйымдары мен төлем жүйелерінің қызметін реттеуді жетілдіру болып табылады.

Азаматтық кодекстің 359-бабының 2-тармағына өзгерістер енгізілді, онда төтенше жағдай режимі еңсерілмейтін күш мән-жайлары (форс-мажор мән-жайларына) деп танылды. Пандемия кезеңінде форс-мажор туралы 6 мыңға жуық анықтама берілді. Карантин еңсерілмейтін күш мән-жайлары деп танылмаса, кәсіпкерлер шарттық міндеттемелерді бұзғаны үшін жауапкершіліктен босатуды сұрап (санкциялардан босату) сот органдарына жүгінуге мәжбүр болар еді.

Мемлекет басшысы 10 желтоқсанда "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы "ҚР Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңына және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" ҚР Кодексін (Салық кодексі)» қолданысқа енгізу туралы ҚР Заңына қол қойды. Негізгі өзгерістер:

- тоқсан ішіндегі табыстың 3% мөлшерінде бөлшек салық төлеу түріндегі жаңа арнаулы салық режимі енгізілді (КТС/ЖТС орнына); режим 2 жыл бойы (2021 жылдан 2023 жылға дейін) қолданылады және ҚР Үкіметі айқындаған бір немесе бірнеше қызмет түрлерін жүзеге асыратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін көзделген; осы режим аясында ҚҚС және әлеуметтік салық төлеуден босату көзделген;

- инвестициялық салықтық несие тетігі енгізілді - бұл несие сомасын кезең-кезеңімен төлей отырып, белгілі бір мерзім ішінде салық бойынша өз төлемдерін 100%-ға азайту мүмкіндігі; КТС және (немесе) мүлік салығы бойынша 3 жылға дейінгі мерзімге салық несиесі беріледі; салық несиесін алу үшін өтініш беріледі және ол қанағаттандырылған жағдайда келісім жасалады;

- арнаулы салық режимдерін қолданатын, акцизделетін өнімді өндіретін немесе өткізетін, АЭА аумағында қызметін жүзеге асыратын субъектілер, жер қойнауын пайдаланушылар үшін салықтық несие беру бойынша шектеулер көзделген; шарттар белгіленген мерзімдерде бұзылған жағдайда, кейінге қалдырылған салық және өсімпұл сомаларын төлеу жүргізіледі (келісім жасасудан бастап оны бұзғанға дейінгі кезең үшін әрбір күнтізбелік күн үшін қайта қаржыландырудың 1,25 еселенген мөлшерлемесі);

- 2022 жылдан бастап ҚҚС бойынша есепке қою шегін 30 000-нан 20 000 АЕК-ке дейін, яғни 83 млн теңгеден 55 млн теңгеге дейін төмендету көзделген;

- тізбе бойынша өзі өндіретін тауарларды өндірушілер үшін есепті салық кезеңінде қалыптасқан ҚҚС асып кету сомасының 50%-ынан аспайтын мөлшерде асып кетуді оңайлатылған түрде қайтару құқығы берілді.

Бүгінгі таңда ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанынан мемлекеттік органдар, Ұлттық палата және бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылып, ол еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемені төмендету мәселесін талқылауды бастады. осы жұмыс тобы шеңберінде салық заңнамасын түбегейлі оңайлату жоспарланып отыр, оның ішінде салық санын азайту және инвестициялық тартымдылықты арттыру.