Жоғарғы Сот бизнес иелерін субсидиялық жауапкершіліктен босатты
Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов жазды, деп хабарлады forbes.kz.
"Бүгін Жоғарғы Сот компанияны банкротқа ұшыратқан басшының әрекеттері үшін компанияның иелеріне мүліктік жауапкершілік жүктеуден бас тартты",-деп жазды Рустам Жүрсінов өзінің Facebook-тегі парақшасында.
Жүрсіновтың айтуынша, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің мүліктік жауапкершілігі олардың осы серіктестіктегі үлестерінің көлемімен шектелуі қажет. Олай болмаған жағдайда ЖШС жұмысының мәні де болмайды. Өйткені ЖШС-ті басқарушы адамның қателігі үшін компанияның иелері мүліктік жауапкершілікке тартылатын болса, бизнес иелері мүлдем қорғалмайды деген сөз. Мұның бәрі банкроттықтың асқынуына және іскерлік белсенділіктің төмендеуіне әкеліп соқтырады.
"Биылғы тамыз айында осы проблема бойынша Жоғарғы Соттың Төрағасы Жақып Асановқа жүгінген болатынмын. Жоғарғы Соттың бүгінгі қаулысын осы жұмыстың жеңісті бір жемісі десем артық болмас. Осы ретте, Жақып Қажманұлының кәсіби біліктілігінің жоғары екенін және кез-келген мәселені шешуде объективтілік танытатындығын тағы да бір ерекше атап өткім келеді.
Енді сотта қаралған мәселеге тоқталайын. Маңғыстау облысының экономикалық сотының шешімімен өткен жылдың желтоқсан айында "АқтауОйлМаш" ЖШС-нің банкроттық басқарушысының компанияның иелеріне қатысты талап-арызы ішінара қанағаттандырылып, 1,6 млрд теңгеден астам қаржы өндірілді. Ағымдағы жылдың наурыз айында Маңғыстау облыстық соты сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.
ЖШС иелері Жоғарғы Сот төрағасына сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы өтініш жасаған болатын. Ал мен өз тарапымнан олардың дәлелдерін қолдап, қолдаухат жолдадым. Бүгін Жоғарғы Сот біздің талаптарымызды қанағаттандырып, бірінші және екінші сатыдағы соттардың шешімдерінің күшін жойды. Нәтижесінде компания иелері субсидиарлық жауапкершіліктен босатылды", - деп жазды Жүрсінов.
Омбудсменнің айтуынша, компанияның иелері заңда көзделген талаптар болмаса, компанияның борыштары бойынша мүліктік жауапкершілікке тартылуға тиіс емес. Мұндай рәсім заңмен біржақты реттелетін ерекше жағдайларда қолданылуы мүмкін және ЖШС-ға қатысты жалпы қолданысқа тән тәжірибе болмақ емес.
"Орын алған осы бір айрықша оқиғаны республикамыздың барлық соттарына үлгі етіп, назарын аударғым келеді. Менің ойымша, сот төрелігінің әділ шешімі дәл осындай болуы керек. Жоғарыда аталған қаулы күшіне енгеннен кейін Сот кабинетіне кіріп, сот барысындағы талқылауымен толықтай танысуға болады", - деп түйіндеді Рустам Жүрсінов