«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ сатып алуларындағы мүдделер теңгерімі

Фото: atameken.kz

Мемлекеттік холдингтің сатып алу қызметін басқару стандартына түзетулер енгізілді.

Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

"Қор тобындағы компаниялар шарт үлгісіне өз бетінше өзгеріс енгізе алатын болғандықтан, көбіне өнім жеткізушілердің құқығына нұқсан келетін. Өткен жылдың 3 қыркүйегінде шарт тараптарының құқықтары мен міндеттерінің әділ теңгеріміне қол жеткізу үшін сатып алу қызметін басқару стандартына және шарттардың кейбір талаптарына түзету енгізу ұсынысымен Қорға жүгіндім. Нәтиже ұзақ күттірмеді. Менің ойымша, Стандарттың жекелеген ережелері мен үлгілеріне елеулі түзетулер енгізілді", - деп хабарлады бизнес-омбудсмен.

Атап айтқанда, өзгерістер келесі мәселелер бойынша енгізілді:

  1. Енді шарттарда жеткізушілерді жеткізушіні таңдау кезеңінде көзделмеген жұмыстарды орындауға міндеттейтін талаптар көзделмейді;
  2. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді қабылдау-тапсыру актісіне қол қою мерзімі белгіленді (10 жұмыс күнінен аспайды). Уақтылы қол қоймағаны үшін Тапсырыс берушінің жауапкершілігі көзделген (әрбір күнтізбелік күн үшін төлем сомасының 0,01% мөлшерінде өсімпұл төлеуі тиіс, бірақ өсімпұл мөлшері орындалмаған міндеттеменің жалпы сомасының 10%-ынан аспауы тиіс);
  3. Тауар өндірушілермен сатып алынатын тауарды сатып алу туралы шарт жасасу кезінде тауар өндірушіге шарт талаптарына сәйкес есептелетін өсімпұлдың жалпы мөлшері шарт сомасының 10%-ынан аспауы тиіс;
  4. Стандарттың ережелеріне сәйкес әлеуетті өнім берушілер алдын ала тапсырыс берушімен тендерлік құжаттаманы талқылап, қандай да бір мәселелер бойынша толық ақпарат ала алады;
  5. Бұған дейін жеткізушіге жалақы туралы ақпарат бермеу жауапкершілігі жүктелген болатын, енді бұл норма алынып тасталды. Бұл жеткізушіні жауапкершілікке тартуға себеп болатын негіздемелер тізбесін төмендетуге мүмкіндік береді;
  6. Егер бұрын Қордың кейбір шарттарында Тапсырыс берушінің бастамасы бойынша шарт бұзылған жағдайда өнім берушінің залалды талап ету құқығына тыйым салу көзделсе, бұдан былай ашықтықты қамтамасыз ету үшін Қор сатып алу шарттарының үлгілеріне, егер шарт Тапсырыс берушінің кінәсінен бұзылған жағдайда, өнім берушінің залалды өтеуді талап ету құқығын қосады;
  7. Қор компанияларының бірінің шартында, егер өнім беруші кез келген бөгде сот процесіне тартылған жағдайда, шартты бұзу мүмкіндігі көзделген еді. Бұл ретте Қор бұл мәселе өнім берушінің төлем қабілетсіздігіне және банкроттығына байланысты соттар туралы ғана болып отыр деп сендірді. Енді Қор осы ережені алып тастау туралы ұсынысты қабылдады;
  8. Шартты одан әрі орындаудың орынсыздығына байланысты оны біржақты бұзу бөлігінде де ымыраға келдік. Стандартқа өнім беруші өз міндеттемелерін төтенше жағдайға немесе экономикадағы басқа да жағымсыз құбылыстарға (мұнай бағасының құлдырауы және т. б.) байланысты шығындарға, персоналдың қысқаруына байланысты орындай алмаған жағдайда шартты біржақты тәртіппен бұзуға жол беретін ережелер енгізілген. Бұл ретте тиісті жылы тапсырыс берушінің бастамасы бойынша тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы шарт бұзылған жағдайда тапсырыс берушілерге тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға тыйым салынады.
  9. Уәкілетті органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінде үшінші тұлғалар үшін қолжетімді және құпия емес төлем туралы ақпаратты тану бөлігінде де Қор ымыраға келді. Сонымен қатар, шарт бойынша тараптар беретін өзге де құжаттама мен ақпарат заңды түрде құпия болуы мүмкін.

"Мұнымен тоқтап қолған жоқпыз. Біздің өзге ұсыныстарымызды Қор тобының компаниялары талқылап жатыр. Қалған ұсыныстарымыз бойынша да белгілі бір нәтижеге қол жеткіземіз деген үміттемін.

Өкінішке орай, "СК-Фармация" ЖШС-ның сатып алулары бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен әлі де келісімге келе алмай отырмыз. Мемлекет басшысының бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі аясында Бірыңғай дистрибьютордың сатып алуларындағы проблемалар өте өзекті болып тұр. Президент бұл салада елеулі реформаның қажет екенін атап өтті және біз "СК-Фармация" ЖШС-не сатып алу шарттарындағы Тараптардың құқықтары мен міндеттерінің теңгерімсіздігін жоюдан бастауды ұсынамыз", - деп атап өтті ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.

Сонымен қатар, Рустам Жүрсінов ҰӘҚ келісім комиссияларын құру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын, олар жалғасып жатқан коронавирустық пандемия, мезгіл-мезгіл енгізілетін карантиндік шаралар және экономикадағы тиісті жағымсыз құбылыстар салдарынан өнім берушілерді міндеттемелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту/тартпау мәселелерін қарайтынын айтып өтті.

Жеткізушілердің мүдделерін қамтамасыз ету үшін "Атамекен" ҰКП комиссия құрамына кіреді деген болжам бар.

Саян Абаев

Толығырақ: https://inbusiness.kz/ru/news/o-balanse-interesov-v-zakupkah-fnb-samruk-kazyna