Енгізілген өзгерістер бизнестің жұмысына қалай әсер етеді
Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов айтып берді
Бизнес үшін жұмыс режиміне және үй-жайлар мен объектілердің толтырылуына байланысты тыйым салу және шектеу шаралары әлі де қолданылуда. "Кәсіпкерлік қызметтің 10 түріне тыйым салынған, 84 түрі шектеулі. Бүгінгі таңда карантиндік шектеулер 520 мыңнан астам ШОБ субъектісіне, оның ішінде 70 мың заңды тұлға мен 450 мың жеке кәсіпкерге әсер етіп отыр", - деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының тілшісіне берген сұхбатында.
Ол төтенше жағдай енгізілген уақыттан бері кәсіпкерлердің 144 мыңнан астам өтініші өңделгенін атап өтті. Бұл ретте бизнес-омбудсменнің кеңсесіне келіп түсіп жатқан өтініштердің үштен бірі ТЖ және карантин кезеңінде жұмысқа рұқсат беру мәселесіне қатысты.
"Атамекен" ҚР ҰКП деректері бойынша 2020 жылғы 1 наурыз бен 1 қараша аралығында 108 643 жеке кәсіпкер және 19 001 заңды тұлға өз жұмысын тоқтатқан.
Сонымен қатар, Рустам Жүрсінов биыл мейрамханалардың, кинотеатрлардың, салтанатты іс-шараларды ұйымдастыру кәсіпорындарының жартысына жуығы жабылуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
- Рустам Манарбекұлы, биылдан бастап күшіне енген немесе енгізілетін жаңалықтардың қайсысы бизнестің жұмысын қиындатуы мүмкін?
- 2020 жылдан бастап шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізілгенін білесіздер, енді Қаржы министрлігі салықтық тексерулер бойынша ерекше жағдайлар тізбесін кеңейтуді ұсынып отыр. Бірақ біз бизнесті тексеруге жарияланған мораторийге ерекше жағдайларды енгізуге қарсымыз. Мұндай ұстаным, біздің ойымызша, Мемлекет басшысының тексеруге мораторий енгізу туралы тапсырмасының беделін түсіреді. Мораторийде ешқандай ерекше жағдай болмауы тиіс, олай болмаған жағдайда бизнес мораторийді де, бақылаудағы жеңілдіктерді де сезінбейді.
Салықтық тексерулер үшін қосымша ерекшеліктерді енгізу шағын кәсіпкерлік субъектілеріне түсетін жүктеменің едәуір ұлғаюына әкеледі. Өйткені, салық органдары үшін бірқатар ерекшеліктер қарастырылған: қарымта, тақырыптық салықтық тексерулер, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушыларды тексеру.
2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы кәсіпкерлердің 60%-ы кіріс деңгейін айқын төмендетті деген Қаржы министрлігінің негіздемесімен келіспейміз. Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты елдің барлық аумағында төтенше жағдай режимінің жариялануына байланысты 2020 жылғы 16 наурыздан бастап 2020 жылғы 15 сәуірге дейінгі кезеңде іс жүзінде барлық бизнес субъектілері қызметінің толық жабылуы табыстың төмендеуіне басты себеп болды. Көптеген кәсіпкерлер жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды, олардың жұмыс уақыты шектелді, келушілер санына шектеу қойылды, сонымен қатар, карантиндік шараларды сақтауға қатысты қосымша шығынға батты. Тіпті кәсіпкерлердің бір бөлігі жұмысын әлі бастай алмай отыр.
Жұмыс істеуіне тыйым салынған немесе жұмыс режимі шектелген секторлар жаппай қайта бағдарлануға және мекен-жайын ауыстыруға мәжбүр болды.
ТЖ және карантиндік шаралар кезеңінде "Атамекен" ҰКП түрлі арналар арқылы кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізгенін атап өткім келеді. 23 маусым мен 18 тамыз аралығында 66 108 кәсіпорын сауалнамаға қатысты. Сауалнама көрсеткендей, 83 мың қызметкер қысқартылып, тағы 93 мыңы ақысыз демалысқа жіберілген.
Сонымен қатар, респонденттердің 10%-ы бизнесі жабылуы мүмкін десе, 23%-ы мүлдем кіріс түспейді дейді.
Осыған байланысты біз Қаржы министрлігіне ұсынысымызды жолдадық, бірақ олар ескерілмеді. Мен Президент Әкімшілігіне тиісті өтініш дайындадым.
Сондай-ақ, Ұлттық палата тауарға ілеспе жүкқұжатты міндетті ресімдеуді енгізуді 2022 жылға ауыстыру мүмкіндігін қарастыруды сұрағанын еске салғым келеді.
Қазіргі уақытта акцизделетін тауарлар бойынша пилоттың мерзімі – 2021 жылғы 1 шілдеге дейін, ЕЭО-дан әкелу/ЕЭО-ға шығару бойынша - 2021 жылғы 1 шілдеге дейін, ал виртуалды қойманың тауарлары бойынша (Қаржы министрлінің 384 бұйрығы) - 2021 жылғы 1 қарашаға дейін ұзартылатыны туралы біржақты шешім қабылданды.
Таңбаланатын тауарлар мен ДСҰ шеңберіндегі Алып қоюлар тізіліміне енгізілген тауарлар (оның ішінде темекі өнімдері, цифрлық таңбалауды қолдану) бойынша пилоттың басталу мерзімі 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап 2021 жылғы 1 шілдеге, аяқталу мерзімі 2021 жылғы 1 шілдеден бастап 2022 жылғы 1 ақпанға көшіріледі.
Сонымен қатар, салық төлеушілердің ұсыныстарын ескере отырып, бірқатар жеңілдік қарастырылған.
- 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында жеке кәсіпкерлер онлайн кассалық аппараттар мен POS-терминалдарды пайдаланған жағдайда салық есептілігін ұсынудан босату туралы мәселені қарау ұсынылды. Бұл шара жеке кәсіпкерлердің күрделі мәселелерін шынымен шеше ала ма?
- Иә, бұл қолдау шарасы бизнес үшін шынымен қажет, әсіресе пандемия кезінде. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыс жүргізіліп жатыр, салық есептілігін ұсыну бойынша міндеттеменің күшін жоюды көздейтін ЖК үшін оңайлатылған режимді енгізу талқылануда.
Қаржы министрлігі бұл режимді онлайн кассалық аппараттар мен POS-терминалдарды алмастыратын мобильді қосымшаны пайдалана отырып қолдануды ұсынып отыр. Сонымен қатар, кәсіпкерге бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізудің қажеті болмайды, өйткені бәрі мобильді қосымшада болады.
Егер осының барлығы іске асырылып, енгізілсе, салық органдарына шағын бизнес субъектілеріне тексеру жүргізудің қажеті болмайтыны сөзсіз, өйткені ЖК кірістері туралы барлық ақпарат автоматты түрде салық органдарының ақпараттық жүйесіне түсетін болады.
-Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазір экономикалық өсімді қалпына келтіру кезеңінде Үкімет "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп салық-бюджет саясатын жаңа жағдайда жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуі керек. Сіздің ойыңызша, қандай шаралар мен шешімдер ШОБ үшін салықтық әкімшілендіруді түбегейлі жеңілдетіп, жұмсарта алады?
- Кәсіпкерлерге еркіндік беру қажет. Ол үшін мүмкіндігінше кез-келген байланыстарды азайту керек (мемлекетпен-Ред.). Сонда біз жаңа экономикалық саясатқа біртабан жақындаймыз. Мемлекет басшысы мұндай өзара байланыс адамдардың өмірі мен денсаулығы, экология, адамгершілік, ұлттық қауіпсіздік үшін тәуекелдер туындаған жағдайда ғана орын алуы тиіс екеніне назар аударды. Ал реттеуді жаңадан енгізу керек.
Сондықтан 31 желтоқсанда ҚР Президенті тиісті Жарлыққа қол қойды, онда "реттеуші гильотина" ұғымы енгізіледі. Барлық мемлекеттік органдар 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін емтихан тапсырып, өз талаптарын қорғауы тиіс. Егер қорғай алмаса, онда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы талаптарды орындамаған кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Бұл барлық мемлекеттік органдарды базалық талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізуге ынталандырады.
Мемлекет басшысы атап өткен екінші тезис– Салық кодексін тексеру. Салықтық құқықтық қатынастар бизнес үшін аса күрделі мәселелердің бірі екені түсінікті. Біздің міндетіміз – Салық кодексін мүмкіндігінше қарапайым ету.
Қазір бизнес әр қызметкер үшін бес түрлі төлем төлейді, ал жалпы жүктеме 32% құрайды. Біз 20% бірыңғай төлемді ұсынамыз. Ставкаларды саралауға қатысты ұсыныстар бар. Естеріңізге сала кетейін, 2020 жылы сараланған ҚҚС ставкасы, яғни әлеуметтік маңызы бар тауарлар үшін 8%-ға төмендетілген мөлшерлеме қолданылды. Осы ставканың қолданылу мерзімін ұзартып, оны тұрақты ету керек деген пікірдеміз.
- Қазақстанда "Бастау" бағдарламасы бойынша оқып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздарды жеңілдікпен кредиттеу үшін "Атамекен" ҰКП-ның қатысуымен микроқаржы ұйымдарын құрғысы келетіндігіне қалай қарайсыз?
- Ең алдымен, Қазақстанның облыс әкімдерінің қатысуымен "Атамекен" ҰКП құрған микроқаржы ұйымдарының қазіргі қызметі туралы айтқым келеді. Олардың негізгі қызмет түрі ауылдық жерлерде жұмыс істеп тұрған және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге жеңілдікті шарттармен кредит беру болып табылады.
Көріп отырғанымыздай, мұндай МҚҰ әлеуметтік бағдарланған бейінге ие: олар негізінен ауыл тұрғындарын қаржыландырады, өйткені түрлі себептерге байланысты дәл осы ауыл тұрғындарына банктер мен микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдар қызығушылық танытпайды.
Микрокредиттер беруден басқа, "Атамекен" ҰКП құрған МҚҰ қарыз алушыларды бизнес жүргізу негіздеріне және қаржылық сауаттылыққа үйретеді, яғни халықпен тығыз байланыста тікелей "алаңда" жұмыс істейді.
Сондықтан мемлекеттің ауылдық жерлерде және шағын қалаларда тұратын өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты қаржыландыруға мүдделі болып отырғаны таңқаларлық жайт емес, мемлекет қаржыландыруды «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен микроқаржы ұйымдары арқылы іске асырып отыр.
Меруерт Сәрсенова