Сатып алулар – сыбайлас жемқорлық өрісі
Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов жазды
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алқасының жұмысына қатысты. Рустам Жүрсінов сатып алулар – өте үлкен сыбайлас жемқорлық өрісі деген пікір білдірді.
"Тәуекелдерді бастапқы кезеңде, яғни бюджетті жоспарлау кезінде жойған жөн. Ол үшін «Бірыңғай сатып алулар терезесі» порталының базасында бюджеттік өтінімдерді автоматтандырумен және нақты нарықтық бағаларды белгілеумен баға комплаенсін қолдану қажет", - деп жазды Жүрсінов өзінің Facebook-тегі парақшасында.
Ол "Атамекен" ҰКП Protecting business and investments жобалық кеңселерінің жұмысына белсенді қатысып отырғанын атап өтті. Мәселен, 2020 жылы бизнесті сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша 200-ден астам келісімге қол қойылды. 2020 жылғы 15 желтоқсандағы жағдай бойынша жобалардың жалпы саны 613 құрады, мәлімделген инвестициялардың жалпы сомасы 16,1 трлн теңгеден асады.
"Сатып алулар саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша төмендету үшін "Атамекен" ҰКП-ның "Сатып алулардың бірыңғай терезесі" порталының мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылып отырғанын атап өту қажет. Ағымдағы жылдың 22 қаңтарында Агенттік алаңында 2020 жылдың басынан бастап осы портал жанында әрекет ететін "Регион ГЗ" мемлекеттік сатып алулардың рейтингтік жүйесі таныстырылды. Жүйенің жұмысы барысында негізсіз жоғары бағалармен іске асырылған сатып алулар анықталды, жалпы сомасы 22,8 млрд теңгеден асады".
Оның айтуынша, 9 сатып алу алаңында 2020 жылы жалпы сомасы 6,4 трлн теңгеден астам соманы құрайтын 1 млн.420 мыңнан астам шарт жұмыс істеген. Бұл ретте, сарапшылардың бағалауы бойынша сатып алулардағы бюджет шығыны жыл сайын кемінде 100 млрд.теңгені құрайды екен. Бұл өте үлкен "сыбайлас жемқорлық өрісі".
"Сондай-ақ, көлеңкелі айналым мен сыбайлас жемқорлықтың өсуіне әкелетін факторлардың бірі қолма-қол ақшамен жұмыс істейтін компаниялардың қызметі екенін атап өткен жөн. Осыған сүйене отырып, біз тәуекелдерді бастапқы кезеңде-ақ, яғни бюджетті жоспарлау кезінде жоюды ұсынамыз. Ол үшін «Бірыңғай сатып алулар терезесі» порталының базасында бюджеттік өтінімдерді автоматтандырумен және нақты нарықтық бағаларды белгілеумен баға комплаенсін қолдану қажет. Біз сондай-ақ сыбайлас жемқорлық факторларын жүйелі түрде төмендете отырып, сатып алулар жүйесін одан әрі дамыту қажет деген пікірдеміз. Бұған цифрландыру және жасанды интеллектті енгізу ықпал етеді. Осындай жобаны біз Жоғарғы Сотпен бірлесіп табысты іске қостық".
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, процеске кәсіпкердің өзі тартылған кезде ғана сыбайлас жемқорлық факторларын төмендету бойынша жасалатын қадам сапалы, әрі сенімді болмақ. Егер ол өзінің контрагентін және оның тәуекелдерін нақты білетін болса, онда ол онымен жұмыс істеуден бас тартады.
Рустам Жүрсіновтың пікірінше, Бұған Бизнес-тізілім, яғни әртүрлі мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланатын цифрлық платформа көмектеседі. Бұл кәсіпкерлер туралы толық ақпарат беретін, әлеуетті контрагенттердің сенімділігін көруге, олардың тәуекелдерін бағалауға мүмкіндік беретін және әртүрлі индекстерді – іскерлік беделді, төлем және несие тәртібін, қаржылық тұрақтылықты, тиісті сақтықты және т.б. құрайтын сервис болады. Бұл жүйені ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап іске қосу жоспарланып отыр.
"Жалпы, елімізде кәсіпкерлікті дамыту бойынша белсенді жұмыс атқарылып жатқанын атап өткен жөн. Дегенмен, мемлекеттік реттеу, қойылатын талаптардың шамадан тыс көп болуы, бақылау жүктемесі, өзін-өзі реттеу саласының қажетті дәрежеде дамымағанды тәрізді проблемалар әлі де шешілмеген күйінде қалып отыр. Әрине, бизнеске қойылатын талаптардың нақты санын ешкім анықтай алмайды, біз санақ жүргізу арқылы 13 мыңнан астам талапты анықтадық. Көбінесе олар моральдық тұрғыдан ескірген, көңілге қонбайды және бірін-бірі қайталайды. Бұл ретте тәуекелдерді басқару жүйесі көбіне жұмыс істемейді".
Осыған байланысты, Бизнесті реттеуді "жаңадан енгізу" мәселесі көтерілді. 2020 жылғы 31 желтоқсанда Мемлекет басшысы осы мәселе бойынша Жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында жаңа реттеушілік саясаттың базалық қағидаттары мен тәсілдері әзірленіп, қарауға шығарылмақ.
"Қазір тәсілдер мен тиісті заң жобасы пысықталуда. Барлық реттеушілік талаптар мен құралдар 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін қайта қаралады деп жоспарланып отыр", - деп жазды Рустам Жүрсінов.