Ақмола облысындағы кәсіпкерлер құқығын қорғау

Ақмола облысы бойынша бизнес-омбудсмен аппаратының хатшылығы ағымдағы жылдың 9 айында жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша бизнестің оң шешімін тапқан проблемаларына жеке-жеке тоқталып өтті.

Кәсіпкерлерден түсетін өтініштердің құрылымы әртүрлі. Әдеттегідей, жер қатынастары бірінші орында, содан кейін сәулет, салық мәселелері, мемлекеттік сатып алулар, теміржол көлігі, субсидиялау, АӨК. 

Мысалы, "Қазақстан құрылысшылар одағы" РЗТБ Ақмола филиалы Көкшетау қаласы, Красный яр ауылында "СТ Жил Строй" ЖШС салған объектілерді пайдалануға беру актілерін есепке алуға көмек көрсетуді сұрады және Ақмола облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты шаралар қабылдау туралы өтініш білдірді.

Тексеру нәтижелері бойынша Ақмола облысының прокуратурасы бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізді, онда Ақмола облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының лауазымды адамдарының құрылыс объектісін пайдалануға беру кезінде заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіруіне жол берілгені байқалады. Аталмыш басқарманың қызметкері мен басшысы өз функционалдық міндетін тиісінше орындамағандықтан бұзушылық орын алған.

Аталған ұсыныс Ақмола облысының әкімдігіне жолданып, анықталған бұзушылықтарды жою және оларды алдағы уақытта болдырмау шараларын қабылдау, сондай-ақ кінәлі лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту бойынша мәселелер қойылды.

Нәтижесінде Көкшетау қаласы, Красный яр ауылында "СТ Жил Строй" ЖШС салған нысан пайдалануға берілді. Қорғалған мүліктік құқық сомасы 420 000 000 теңгені құрады.

Жер қатынастары саласынан тағы бір мысал. Өңірлік кеңсеге "АРТ-С-Батыр" ЖШС-нен өтініш түсті, ЖШС "Біржан сал ауданының жер қатынастары бөлімі" ММ мен "АРТ-С-Батыр" ЖШС арасында жасалған жалпы ауданы 15 мың га жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартын жарамсыз деп тану туралы Ақмола облысының Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының талап арызын кері қайтарып алуға жәрдемдесуді сұраған екен. Кәсіпкерден жерді алып қоятын болса, онда жылқыларды сойып, етін сатудан басқа амал қалмайды, өйткені ол өзіне алған қаржылық міндеттемелерін орындай алмайды. Банкротқа ұшырауы мүмкін.

Осы жер учаскесін игеру үшін кәсіпкер ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған еді, сондай-ақ 600-ден астам жылқыны ұстауға арналған базаны ұйымдастырған болатын, аталмыш мәселені шешу мақсатында кеңсе бірнеше өтінішхат жолдады, басқармамен бірнеше рет іскерлік келіссөз жүргізді. Нәтижесінде басқарма бұрын жіберген талап арызын қараусыз қалдыру туралы бастамашылық жасалды. Қорғау сомасы 174 000 000 теңгені құрады.

ТКШ саласына келер болсақ. "Рауан-1728" ЖШС Бурабай ауданының ТКШ және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жанындағы "Бурабай тазалық" ШЖҚ МКК талаптарының заңдылығына қатысты өтінішпен жүгінді, олар жасалған шарттан тыс төлем жасауды сұрап шот ұсынған.

Сонымен қатар, серіктестікке бюджеттік ұйымдар санатына сәйкес тариф бойынша коммуналдық шығындарды төлеуге шот ұсынылды. Бірақ ЖШС мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласында қызметін жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік объектісі болып табылады.

Бизнес-омбудсменнің өңірлік кеңсесінің Бурабай ауданының жергілікті атқарушы органына жолдаған өтінішхатының қорытындысы бойынша, аталған аудан әкімдігінен ШЖҚ "Бурабай тазалық" МКК мен "Рауан-1728" ЖШС арасында туындаған даулы мәселе реттелді деген жауап келді. Қорғалған құқық сомасы 257 968 теңгені құрады.

"Бизнеспен қатынасты жоспарлы түрде құру нәтижесінде біз айтарлықтай оң өзгерістерді байқап отырмыз. Бүгінде кәсіпкер бізге көмек сұрап жүгіне алатынын анық біледі", - дейді Ақмола облысындағы бизнес-омбудсмен өкілі Расул Сыздықов.