Атырауда бизнеске әкімшілік кедергі тудырған шенеунік тәртіптік жауапкершілікке тартылды
ХҚКО мамандарының кінәсінен кәсіпкер екі ай бойы жылжымайтын мүлікті тіркей алмай келген.
Істің желісінен "Шәріпов" шаруа қожалығының басшысы Болат Шәріпов ағымдағы жылдың 19 ақпанында жаңадан салынған жылжымайтын мүлік объектісін тіркеу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалына жүгінгенін көруге болады.
Аталған қызмет Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2013 жылғы 06 мамырдағы №156 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары негізінде көрсетіледі. Алайда, 22 ақпанда ХҚКО қызметкерлері кәсіпкерге мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартқан.
Өз кезегінде шаруа қожалығының басшысы Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасына шағым түсірді. Сондай-ақ, оның шағымы облыс прокуроры Халидулла Даешовтың кәсіпкерлерді жеке қабылдауы барысында қаралды.
Келіп түскен өтініш негізінде Өңірлік палата қадағалау органына ХҚКО қызметкерлері тарапынан жіберілген бұзушылықтарды көрсете отырып, хат жолдады. Прокуратураның тексеруі кезінде бұл бұзушылықтар расталды.
Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша - облыс прокуратурасы көрсеткен ескертулер жойылды, кәсіпкердің объектісі мемлекеттік тіркеуден өтті, ал "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының қалалық тіркеу және жер кадастры бөлімі басшысының орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.