Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және сақтау тарифтеріне қатысты мәселе бизнестің пайдасына шешілді

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Абай облысы кәсіпкерлерінің Қазақстанның бизнес-омбудсменімен мамыр айындағы кездесуінде көтерілген кезекті оң шешімін тапқан мәселе туралы хабарлады. Экологиялық заңнама талаптарына сәйкес, Семейде ҚТҚ сұрыптау және сақтау тарифтері 7 жыл бойы өзгерген жоқ, «Атамекен» ҰКП өкілдері іске кіріскеннен кейін бұл мәселе шешімін тапты.

Ағымдағы жылдың көктемінде ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтың Абай облысының бизнес-қоғамдастығымен кездесуі барысында 16 проблемалық мәселе айтылды. Бизнес-омбудсменнің тапсырмасы бойынша осы мәселелерді шешумен ШҚО Кәсіпкерлер палатасы және «Атамекен» ҰКП Абай облысындағы өкілдігі айналысып жатыр.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары, ШҚО кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің өкілі Әлия Мұқашева қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаумен және сақтаумен айналысатын жеке кәсіпкер Рафаил Хазиповтың мәселесі қалай шешілгенін айтып берді.

Рустам Жүрсіновпен кездесу барысында бизнесмен депутаттардың және жергілікті атқарушы органның атына бірнеше рет сұрау салғанына қарамастан, оның қызметтеріне арналған тариф Семей қаласында 7 жыл бойы өзгермегенін айтты.

«Әкімдіктің Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің тарифтерді белгілеу бөлігіндегі талаптарын орындамауы осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің қалыпты жұмыс істей алмауына алып келді. Бұған қала тұрғындарының наразылығы қосылды», – дейді Әлия Мұқашева.

2021 жылғы қазанда ЖК Хазипов пен жергілікті атқарушы орган арасында ҚТҚ-ны сұрыптау мен сақтауға тарифтерді қайта қарау және белгілеу міндеттемесімен медиативтік келісім жасалды. Алайда, жеті айдан кейін келісім шарттарын әкімдік орындамады, сондықтан кәсіпкер бизнес-омбудсмен мен «Атамекеннен» осы мәселені шешуге көмек сұрады.

ҰКП Абай облысындағы өкілдігі мен ШҚО-дағы бизнес-омбудсмен өкілі жүргізген белгілі бір жұмыстан кейін мәселе «Хазипов» ЖК пайдасына шешілді. Семей қаласы мәслихатының кезекті сессиясында жаңа, барабар тарифтер бекітілді, енді кәсіпкерлер шығынсыз жұмыс істей алады.

«Бүгін біз қоқыс сұрыптайтын компаниялардың жұмысы жақсарғанын көріп отырмыз және Семей тұрғындары бұдан былай қоқыс шығару мәселелеріне тап болмайды деген үміттеміз. Біздің өңірде қазірдің өзінде экологиялық проблемалар жеткілікті, оларды шұғыл шешу қажет және олардың одан сайын артуына жол беруге болмайды», – деді Әлия Мұқашева.