Жетістіктер тарихы

20.04.2021

Атырауда жол құрылысы саласындағы мәселелер талқыланды

732

Атырау облысы

Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы жол құрылысы саласындағы мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жетілдіру мәселесіне арналды.

Бұл тақырыпты республика көлемінде ағымдағы жылдың 22 сәуірінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі V Республикалық кәсіпкерлер форумы барысында талқылау жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жол құрылысы саласындағы мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жетілдіру бойынша проблемалық мәселелер мен ұсыныстар жиналуда.

Отырыста атап өтілгендей, ел Президенті автомобиль жолдарының сапасына қатысты өткір сын айтты. Үкіметке, әкімдерге және құқық қорғау органдарына мемлекеттік сатып алуды, оның ішінде жол құрылысы саласындағы реттеуді қайта қарау бойынша жүйелі шаралар қабылдау тапсырылды.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Әлібек Семғалиев жоғарыда аталған проблема біздің облысқа да қатысты екенін атап өтті.

"Халық салынып біткен автомобиль жолдарына неліктен жыл сайын жөндеу жүргізіледі деп наразылық білдірді. Бұл сапа көрсеткіші ғой. Мұның себебі неде? Бұл жосықсыз мердігердің кінәсі ме, әлде жоба дұрыс жасалмаған ба, әлде өзге бір себебі бар ма? Біз бүгін кінәліні тауып, жазалау үшін емес, осындай жағдайды тудыратын себептерді жою үшін жиналдық. Заңнамаға өзгерістер енгізу қажет болуы да мүмкін. Біз сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдап, оларды тиісті шаралар қабылдау үшін орталық аппаратқа жібергіміз келеді", - деп атап өтті Кеңес төрағасы.

Отырыс жұмысына қатысқан құзыретті мемлекеттік органдар мен жол құрылысы саласындағы мердігер компаниялардың өкілдері өз міндеттерін орындауға жауапкершілікпен қарайтындарын жеткізді. Алайда, пайдалану мерзімі бар, сонымен қатар жергілікті ауа-райы жағдайлары жол төсемінің тез тозуына әкеледі.

"Нефтестройсервис" ЖШС директоры Рашид Отаров Кеңес мүшелеріне тендер өткізілген кезде белгілі бір компаниялар үнемі жеңіп шығатынын айтып шағымданды.

"Біздің компанияның балансында 1500 техника бар, ұжым 6500 жұмыскерді құрайды. Өзінің жеке зертханасы, қиыршық тас өндіретін зауыты бар. Алайда, қаншама жыл ішінде біз жол құрылысы бойынша тендерде бірде-бір рет жеңіске жете алмадық", - деді Рашид Отаров.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт "Сапалы жол-Адалдық алаңы" жобасы аясында өткен жылы жолдарды жөндеу жұмыстарына мониторинг жүргізілгенін айтты. 48 рейдтік іс-шараның қорытындысы бойынша 49 бұзушылық анықталды, бүгінде олардың 37-сі жойылды. Мердігерлердің шарт талаптарын сапасыз орындауына қаражаттың жетіспеуі себеп болды, ал қаражаттың жетіспеуі ЖСҚ-ның дұрыс әзірленбеуіне алып келді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің орынбасары Руслан Тұңғышбаев жол-құрылыс жұмыстарын сүйемелдеу бойынша комиссия құру қажеттігі туралы ұсыныс айтты. "Бекет Сәт Жол" ЖШС директоры Қанат Мүсепов жол құрылысында қолданылатын материалдардың тізімін қайта қарап, асфальт төсеу технологиясын жаңарту қажет деген пікірде. Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Ыдырысов сараптама жүргізуге жауапты мамандардың біліктілігін арттыру қажеттілігі туралы мәлімдеді. ЖСҚ әзірлеумен айналысатын компанияларды іріктеу мәселесіне сапалы қарау қажет, барлық жобалар мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс, - деп есептейді Өңірлік палата басшысы.

Мердігер ұйымды таңдау кезінде негізгі шарт – лицензияның болуы, қалған параметрлер ескерілмейді, бұл жұмыс сапасына теріс әсер етеді. Құрылыс материалдары бағасының жыл сайынғы өсуі де кері әсерін тигізеді, - деп өз пікірімен бөлісті Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев.

Тендердің қорытындысы бойынша ең төмен баға ұсынған компанияны таңдау өзін-өзі ақтамайтынын қолданыстағы тәжірибе көрсетті. Көбіне қажетті базасы бар жергілікті компаниялар тендерден қағылып, төмен баға ұсынған бір күндік компания жеңімпаз болып танылады, – деп толықтырды кеңес төрағасы Әлібек Семғалиев.

Отырыс қорытындысы бойынша барлық айтылған ұсыныстар "Атамекен" ҰКП орталық аппаратына одан әрі жұмыс істеу үшін жіберілетіні атап өтілді.

 

Ақпарат көзі: https://atameken.kz/ru/news/42536-v-atyrau-predprinimateli-obsudili-problemy-v-sfere-dorozhnogo-stroitel-stva

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Жүрсінов Р.М.

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі