Жаңалықтар

01.08.2019

Жамбыл облысында кәсіпкерлер мен шенеуніктер арасында туындаған дау "қызыл" сызықтан шығып кетті

450

Фото: Shutterstock

 «Қызыл» сызықтың бойында жатқан құрылымдар мен ғимараттарды бұзу мәселесі және Т. Рысқұлов ауданындағы жер  қатынастары саласындағы мәселелер Жамбыл облысы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінде талқыланды, деп  хабарлайды atameken.kz.

"Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі "қызыл сызық" орнатылған шекарада салынған құрылыстарды бұзу туралы сотқа талап-арыз берді. Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасына жоғарыда аталған мәселе бойынша көмек сұрап бес өтініш келіп түсті. Келіп түскен өтініштерді жан-жақты қарау үшін, сондай-ақ осыған ұқсас проблемаларды анықтау мақсатында Палата кеңейтілген талдау жүргізді. Уәкілетті орган өзінің талап арызында ҚР Үкіметінің 202.02.2010ж. №104 Тараз қаласының бас жоспарын енгізу және құрылыстар мен ғимараттарды өз бетімен салу туралы қаулысына сілтеме жасай отырып, негізсіз дәлелдер келтіреді", - дейді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ирина Ким.

Мысалы, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот уәкілетті органның Жанұзақ Бейсеубаевқа қатысты Тараз қаласы Е. Ниетқалиев көшесінде орналасқан "қызыл сызық" шегінде салынған құрылысты бұзу туралы талап-арызын өндіріске алды. Бұрын, 2018 жылдың қыркүйек айында Тараз қалалық сотына осындай талап арыз берілген болатын. Талап арызда "Бейсеубаев" ЖК қандай да бір рұқсат құжатсыз өз бетінше "АЛКОЦОН" сауда-дәмхана үй-жайының күрделі жапсарлас құрылысын техникалық қызмет көрсету пунктінің қолданыстағы ғимаратына жүргізгені көрсетілген. Нотариалдық сатып алу-сату шартына сәйкес аталған кәсіпкер жылжымайтын мүлік объектісінің иесі болып табылады, ол техникалық қызмет көрсету пунктінен, екі жуу орнынан, дүкеннен, майларды ауыстыру үй-жайларынан, қазандығы бар вулканизациядан, дуалдан, сондай-ақ жеңіл конструкциядан тұрады, ауданы 0,043 га жер учаскесіне меншік құқығы бар.

"Барлық құрылымдар мен құрылыстар Қазақстан Республикасы заңнамасының барлық нормаларын сақтай отырып тұрғызылды, яғни өз бетімен емес. Алайда, уәкілетті орган тарапынан тұрақты қысым жасалып отырғандықтан "Бейсеубаев" ЖК эскиздік жоба жасап, пайдалануға беру актісін қайтадан алуға мәжбүр болды", – деп толықтырды кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімінің бастығы Индира Молдабекова.

Бас жоспардың ажырамас бөлігі "қызыл", "сары" сызықтарды және құрылысты реттеу сызықтарын белгілейтін егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары болып табылады. Уәкілетті орган Қаланың бас жоспарын және егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарын ұсынбады, сонымен қатар судьяның көшпелі отырысында уәкілетті органның өкілдері қызыл сызықтың қайда екендігін көрсете алмады, оны сот  отырысында бейне-фиксациямен бекітті. Нәтижесінде, судья уәкілетті органның талап-арызында көрсетілген талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарды. Қалған өтініштер бойынша да осыған ұқсас жағдай орын алған.

"Екінші анықтаманы жасауға аудан кәсіпкерлерінің өтініштері себеп болды, олар Т. Рысқұлов ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімімен өзара іс-қимыл жасау кезінде проблемаларға тап болған. Осы бөлімнің қызметіне талдау жүргізген кезде бірқатар кемшіліктер анықталды", - деді Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ирина Ким.

Кеңес мүшелеріне ұсынылған анықтамада барлық бұзушылықтар егжей-тегжейлі көрсетілген жеті тармақ бар. Бұл жер учаскелерін беру туралы өтініштерді қараудың ережелерге сәйкес келмеуі және жер комиссиясының отырыстарын өткізу мерзімдерінің бұзылуы мен жер комитеті отырыстарының дұрыс жасалмаған хаттамалары. Нәтижесінде осындай қарым-қатынас жасасуға мәжбүр болған кәсіпкерлер зардап шегеді.

Палатаның құқықтық блогының өкілдері кеңес мүшелеріне және отырысқа шақырылған Т. Рысқұлов ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Досмұхамед Жанәділовке Жер кодексінен үзінді оқып беруге тура келді: "Жер комиссиясының отырысы, егер оған оның құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып саналады. Бұл ретте агроөнеркәсіптік кешен саласындағы қоғамдық кеңестердің, мемлекеттік емес ұйымдардың және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдардың, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қатысып отырған өкілдерінің саны жер комиссиясының қатысып отырған мүшелерінің жалпы санының кемінде елу пайызын құрауға тиіс. Жер комиссиясының мүшелері отырысқа ауыстыру құқығынсыз қатысады".

Ағымдағы жылдың 2 маусымында аудан әкімдігінің жер комиссиясының отырысы өткізіліп, онда "Sembek" шаруа қожалығы басшысының жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініші қаралды.

"Отырыс хаттамасына сәйкес, комиссия құрамына Т. Рысқұлов ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерғазы Еспенов кіреді, сол күні ол отырысқа қатыспаған. Алайда хаттамада оның қолы "қарсы" деген белгімен, жазбаша түрде дәлелдеусіз қойылған", - деп атап өтті Кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімінің сарапшысы Ернұр Нұржігітов.

Жер кодексіне сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірісі үшін жалдау құқығын беру бойынша конкурсқа қойылған жер учаскелерінің тізбесін ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы қалыптастырады және қоғамдық кеңестермен, АӨК саласындағы мемлекеттік емес ұйымдармен, өңірлік кәсіпкерлер палатасымен және жергілікті басқару органдарымен келісіледі. Бұл тізілім жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

"Конкурс туралы хабарландыру 7 маусым күні аудандық "Құлан таңы" газетінде жарияланды, алайда Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері жер учаскелрінің орналасу схемасымен таныса алмады. Хабарландыру аудан жұртшылығының келісімінсіз баспасөзде жарияланды", – деді Ернұр Нұржігітов.

Бұдан басқа, Т. Рысқұлов ауданы әкімдігінің ғимаратында сауда-саттықтың жеңімпаздары туралы және алдағы болатын аукциондар туралы хабарландырулары бар арнайы ақпараттық стендтер жоқ. Бұл да Жер кодексін бұзу болып табылады. Алайда, Досмұхамед Жанәділов атап өткендей, бұл кемшіліктер түзетілді. Алайда іс мұнымен біткен жоқ. Ауданның жер комиссиясының мүшелері учаскелерді жалдау мерзімдерін өзгерту бойынша өздеріне жауапкершілік алып отыр. 26 сәуірде өткен отырыста азамат Е. Тұғылшиевтің жер телімін жалға алу мерзімін 5 жылға ұзарту туралы өтініші қаралды.  Қабылданған қаулыда бұл мерзім екі жылға дейін қысқартылды. Осындай жағдай "Нұрбол" шаруа қожалығының жерді жалға алу мерзімін 49 жылға ұзарту туралы өтінішінде де байқалады. Мәселе оң шешілді, бірақ жалға алу мерзімі 47 жыл болып белгіленді. Ал "Нармат тегі" шаруа қожалығына комиссия мүшелері жалға алу мерзімін өтініште көрсетілген 49-дың орнына 10 жылға ұзартты.

Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мерзімдерін бұзуға да жол берілген. Биліктің жергілікті атқарушы органына келіп түскен өтініш түскен күннен бастап 15 күнтізбелік күн ішіне  қаралуы тиіс. Бірақ 2019 жылғы 17 маусымда Т. Рысқұлов ауданы әкімдігінің атына ӨКП аудандық филиалы жіберген хатқа жауап әлі күнге дейін алынған жоқ. Және бұл жалғыз ғана мысал емесс. 2019 жылдың 1 шілдесінде Жамбыл облысы Рысқұлов ауданында Кәсіпкерлер палатасының филиалына "Semdek" шаруа қожалығының басшысы «Қуаттылығы 0,5 Мвт «Водопад» СЭС Құрылысы» бизнес жобасын қолдауды сұрап хат жазды. Бұл жерде шаруа аумағы 30 га болатын жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуді сұрайды. Осыған байланысты Т. Рысқұлов ауданы әкімінің атына 2 шілде күні тиісті хат жолданды. Жауап заңды мерзімдерден бір күнге кеш келіп түсті, оның өзінде бірнеше рет ескертуден кейін ғана.

Т. Рысқұлов ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Досмұхамед Жанәділов неліктен мұндай жағдайдың қалыптасқандығын түсіндіруге тырысты. Бірақ оның ақталуы кеңес мүшелерін қанағаттандырмады. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Антонина Анның ұсынысы бойынша осы мәселе бойынша құжаттарды прокуратура органдарына қарауға жіберу туралы шешім қабылданды.

"Бұзушылықтар өте көп және әрқайсысын бөлек зерттеу қажет. Ауданда мұндай жағдайдың қалайша орын алғандығын түсіне алар емеспін. Осындай проблемалардың алдын алу үшін жер туралы заңнаманы білу және сақтау жеткілікті емес пе", - деп атап өтті Антонина Ан.

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Жүрсінов Р.М.

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі