Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Бизнес-омбудсмен Дүйсеновке тағылған рейдерлік айыбын алып тастатуға қол жеткізіп, оған қатысты қылмыстық қудалауды толық тоқтатуды талап етуде
Бизнес-омбудсмен Қанат Нұровтың Бас прокуратураға жолдаған өтінішін қарау қорытындысы бойынша Алматы қаласының прокуратурасы О. К. Дүйсеновке қатысты рейдерлік бойынша қылмыстық қудалауды Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, оның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатты.
Аталған эпизод қылмыстық істегі негізгі айыптардың бірі болды. Осы эпизод бойынша жәбірленуші ретінде кәсіпкердің «KazEcoSolutions» ЖШС-індегі («KES» ЖШС) бұрынғы бизнес-серіктесі Ержанов танылған.
Сондықтан Бизнес-омбудсмен қылмыстық қудалауды толық тоқтатуды талап етеді, өйткені қалған барлық айыптаулар заңдық қатынастардың тарапы болып табылмайтын бір ғана жәбірленушінің мәлімдемелерінен туындайды. Аталған тұлға сот барысында өзіне тиесілі акцияларды құрамында өзінің досы мен әпкесі болған басқа заңды тұлғаның пайдасына ерікті түрде иеліктен шығарғанын растады.
230 млн теңге көлеміндегі грант қаражатын жымқырды деген эпизод бойынша да ешқандай негіз жоқ. Айыптау актісінде жәбірленуші тарап ретінде көрсетілген Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі сот отырысында өзіне ешқандай залал келтірілмегенін, ешқандай талап-шағымының жоқ екенін мәлімдеп, азаматтық талап қоюдан бас тартты. Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк бөлінген қаражаттың нысаналы мақсатта пайдаланылғанын растады. Ең бастысы, грантты алушы басқа заңды тұлға – «Bio Clean» ЖШС болған. Демек, Олжас Дүйсенов аталған қаражаттың алушысы емес, бұл компанияда жалдамалы қызметкер ретінде жұмыс істеген.
Ержановтың 25 млн теңге көлеміндегі қаражатты жымқыру фактісі бойынша жәбірленуші мәртебесін сақтап қалуы қосымша құқықтық бағалауды қажет етеді. Іс материалдарына сәйкес, аталған қаражат грантты бірлесіп қаржыландыру аясында бөлініп, Ержанов «KES» ЖШС қатысушылары құрамынан шыққаннан кейін «KES» ЖШС-нен «Bio Clean» ЖШС-не (онда О. Дүйсенов коммерцияландыру жөніндегі директор болып жұмыс істеген) аударылған. Сонымен қатар, аталған қаражаттың «Bio Clean» ЖШС зертханасы қызметкерлерінің еңбекақысын төлеуге нысаналы түрде жұмсалғаны анықталған. Ал «KES» ЖШС тарапынан бұл мәселеге қатысты ешқандай талап-шағым қойылмаған.
Сондай-ақ «KES» ЖШС-нің 529 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражатын жымқырды деген айыптаулар да өз дәлелін таппай отыр. Аталған операциялар жасалған кезде компанияның жалғыз меншік иелері Олжас Дүйсенов пен оның жұбайы болған. «KES» ЖШС-нің өзі Дүйсеновке қатысты ешқандай мүліктік талап қоймайды, ал даулы қаражат компанияның операциялық қызметінде нысаналы мақсатта пайдаланылған. Сонымен қатар, Ержановтың «KES» ЖШС-не ешқандай қатысы жоқ.
230 млн теңге көлеміндегі грант қаражатын жымқырды деген эпизод бойынша да айып тағуға ешқандай негіз жоқ. Айыптау актісінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жәбірленуші тарап ретінде көрсетілгенімен, сот отырысы барысында министрлік өкілдері ешқандай залал келтірілмегенін, талап-шағымдарының жоқ екенін мәлімдеп, азаматтық талап қоюдан бас тартты. Бұдан бөлек, Дүниежүзілік банк бөлінген қаражаттың нысаналы мақсатта пайдаланылғанын растады. Ең бастысы, грантты алушы басқа заңды тұлға – «Bio Clean» ЖШС болған. Олжас Дүйсенов аталған қаражаттың тікелей алушысы болмаған, компанияда жалдамалы қызметкер ретінде жұмыс істеген.
Сондай-ақ, «KES» ЖШС атқарушы директорының Ақтаудағы өкілге ХҚКО-да құжаттарды қайта тіркеу үшін берілген сенімхатын қолдан жасады деген (сенімхаттың түпнұсқалығы нотариуспен расталған және оның қылмыстық іске ешқандай қатысы жоқ) және тінту барысында табылған 2 грамм марихуананы заңсыз сақтады деген (осы эпизод бойынша жауаптылыққа тарту мерзімі 2025 жылғы қазанда-ақ өтіп кеткен) эпизодтар да құқықтық бағалауды талап етеді.
Бизнес-омбудсменнің пікірінше, істің барлық мән-жайлары тағылған айыптарға қосымша құқықтық баға беру қажеттігін көрсетеді. Себебі іс бойынша нақты жәбірленушілер жоқ, келтірілген залал анықталмаған және айыптау нұсқасы бойынша құқықтары бұзылды делінген тұлғалар тарапынан ешқандай талап-шағымдар қойылмаған.
О. К. Дүйсеновтің 500 күннен астам уақыт бойы қамауда ұсталуы ерекше алаңдаушылық туғызады. Бұл ретте заңда көзделген қамауда ұстаудың ең ұзақ мерзімі 12 айдан аспауға тиіс. Бизнес-омбудсмен аппараты бұған дейін Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының құқықтық ұстанымын ескере отырып, аталған бұлтартпау шарасының заңдылығын тексеру қажеттігіне прокуратура органдарының назарын аударған болатын. Алайда бұл мәселеге қатысты тиісті ден қою шаралары қабылданған жоқ. Сонымен қатар, Алматы қаласының Бостандық аудандық №2 соты да қорғау тарапының бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартты.
Бизнес-омбудсмен аппараты кәсіпкердің құқықтары мен қылмыстық процесс кепілдіктерінің сақталуын қамтамасыз ете отырып, істің барлық мән-жайының объективті қаралуына қол жеткізу жөніндегі жұмысын жалғастырады.
Қазақстан кәсіпкерлерінің
құқықтарын қорғау жөніндегі
уәкілдің баспасөз қызметі
Тел.: 8 (7172) 27-04-54





