Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Бизнес-омбудсмен смартфон импорттаушыларынан авторлық алым алу тетігін қайта қарауға шақырды
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілінің кеңсесінде электроника импорттаушыларының «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК-ның (Kazpatent) туындыларды қайта шығарғаны үшін сыйақы (авторлық алым) өндіріп алу мәселесіне қатысты өтініші қаралуда.
Бизнес-омбудсмен аппаратының пікірінше, «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабын қолданудың қалыптасқан практикасы, сондай-ақ авторлық алымды әмбебап цифрлық құрылғыларға (смартфондар, планшеттер, Smart TV және басқа да құрылғылар) тарату азаматтық заңнаманың нормаларына қайшы келеді, салықтық құқықтық қайшылықтарды туындатады және қосымша әлеуметтік-экономикалық тәуекелдер қалыптастырады.
(Анықтама үшін: Жеке мақсаттарда және табыс табу мақсатынсыз аудиовизуалды туындыларды немесе дыбыс жазбаларын қайта шығару үшін пайдаланылатын жабдықтар мен материалдық жеткізгіштердің тізбесі Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы № 159 бұйрығымен бекітілген.)
Негізгі қайшылықтардың бірі – Заңның 26-бабында сыйақы төлеу міндеті туындыларды тек жеке мақсаттарда қайта шығарған жағдайда ғана көзделген.
Сонымен қатар, іс жүзінде авторлық алым жабдықты Қазақстан Республикасына әкелу кезеңінде-ақ өндіріліп алынады. Бұл кезеңде құрылғының түпкілікті пайдаланушысы жеке тұлға ма, әлде заңды тұлға ма екенін анықтау мүмкін емес.
Соның салдарынан авторлық алым корпоративтік сектор сатып алатын жабдықтарды қоса алғанда, импортталатын жабдықтың бүкіл көлемінен өндіріліп алынады. Бизнес-омбудсменнің пікірінше, мұндай тәсіл заңмен реттелмейтін құқықтық қатынастарға аталған норманың қолданылуын іс жүзінде кеңейтеді және кәсіпкерлердің мүліктік құқықтарын бұзады.
Сонымен қатар, қолданыстағы тетік цифрлық контентті тұтынудың қазіргі заманғы тәсілдерін ескермейді. Бүгінде пайдаланушылар стримингтік сервистерге (Netflix, Spotify және т.б.) заңды түрде жазылым ақысын төлейді. Осыған байланысты әмбебап цифрлық құрылғылардан қосымша авторлық алым өндіріп алу іс жүзінде авторлық құқық объектілерін пайдаланғаны үшін екі рет ақы төлеуге әкеледі.
Қолданыстағы тетіктің салықтық құрамдас бөлігі де елеулі сұрақтар туындатады. Төлем іс жүзінде міндетті квазисалықтық төлемнің белгілеріне ие болғанына қарамастан, Kazpatent төленген алым сомасының небәрі 25%-ына ғана электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) рәсімдейді. Қалған 75%-ына растайтын құжаттардың болмауы ресми импорттаушыларды бұл шығындарды корпоративтік табыс салығын (КТС) есептеу кезінде шегерімге жатқызу мүмкіндігінен айырады. Бұл өз кезегінде қосарланған салық салу тәуекелдерін және салықтық есептіліктің бұрмалану қаупін туындатады.
Бұдан басқа, деректерді жинау процесін «Бірыңғай цифрлық платформа» арқылы автоматтандыру қажеттілігіне қарамастан, есептілікті қолмен жинау және импорттаушыларға деректер базасын өз бетінше жүргізу жөнінде талаптар қою арқылы бизнеске жасанды әкімшілік жүктеме қалыптастырылған.
Бизнес-омбудсмен заңды электроника нарығы қазіргі уақытта қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесінің ұлғаюына, IMEI-кодтарын әкімшілендіруге байланысты шығындарға және кәдеге жарату алымын төлеуге байланысты едәуір жиынтық жүктемеге тап болып отырғанын да атап өтті. Импорттаушылар айналымының қосымша 0,5%-ын алып қою тауарлардың өзіндік құнына міндетті түрде енгізіліп, нәтижесінде электроника бағасының өсуіне және заңсыз импорттың бәсекелестік артықшылықтарының күшеюіне әкеледі.
Осыған байланысты Бизнес-омбудсмен бұған дейін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне смартфондарды, планшеттерді, Smart TV құрылғыларын, смарт-сағаттарды, смарт-көзілдіріктерді және веб-камераларды жабдықтар тізбесінен алып тастауды, сондай-ақ тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін ресми импорттаушыларға хабарламалар жіберуді тоқтата тұруды ұсынған болатын.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, Kazpatent-тің төлем сомасының небәрі 25%-ына ғана электрондық шот-фактура (ЭШФ) рәсімдеу тетігінің салық заңнамасының талаптарына сәйкестігіне құқықтық бағалау жүргізу ұсынылды.
2026 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің алаңында Бизнес-омбудсмен Қ. Нұровтың, Әділет вице-министрі Б. Жақсылекованың, Зияткерлік меншік құқықтары комитеті басшылығының, Казпатент өкілдерінің және электроника импорттаушыларының (КАТЭКС) қатысуымен кеңес өтті.
Жекелеген мәселелер бойынша пікір қайшылықтары сақталғанына қарамастан, талқылау қорытындысы бойынша өзара қолайлы бірқатар шешімдерге қол жеткізілді.
Біріншіден, Әділет министрлігі салықтық құқықтық қайшылықтардың бар екенін мойындады. Бизнес-омбудсмен мен импорттаушылардың уәждерін ескере отырып, ведомство Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, төленген авторлық алымның толық сомасын корпоративтік табыс салығын (КТС) есептеу кезінде ескеруге мүмкіндік беретін тетікті пысықтауға келісті.
Екіншіден, Әділет министрлігі авторлық алымды есептеудің қолданыстағы тәртібін қайта қарауға дайын екенін растады. Атап айтқанда, авторлық алымды кедендік құнға байланыстыру есептеу базасына логистика мен сақтандыру шығындарының негізсіз енгізілуіне әкелетіні атап өтілді.
Баламалы нұсқа ретінде құрылғының физикалық жады көлеміне (ГБ) қарай есептелетін авторлық алымның тіркелген мөлшерін белгілеу қарастырылуда. Қазіргі уақытта бизнес өкілдері экономиканың қазіргі жай-күйін, халықтың сатып алу қабілетін, салаға түсетін жиынтық салық жүктемесін, сондай-ақ заңсыз импорттың өсу тәуекелдерін ескеретін қаржылық-экономикалық модельді әзірлеуде.





