Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Бизнес-омбудсмен қоғамдық диалогты дамытуға және заңнаманы жетілдіруге қосқан үлесі үшін атап өтілді
2026 жылғы 24 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII сайланымындағы Қоғамдық палатаның қорытынды отырысы өтті. Оның құрамында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров мүше болды.
Қоғамдық палата Мәжіліс депутаттарын, саяси партиялардың өкілдерін, үкіметтік емес секторды, сарапшылар қауымдастығын, ғалымдарды, экономистер мен қоғам қайраткерлерін біріктірді. Ол мемлекеттік саясат пен заңнаманың аса маңызды мәселелерін талқылау барысында мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін қоғамдық диалогтың маңызды институты ретінде қызмет атқарды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, қоғамдық пікірталастар көшелер мен алаңдарда емес, Парламент қабырғасында өтуі тиіс. Осыған байланысты Қоғамдық палатаның қызметі азаматтық қоғаммен кері байланысты нығайтуға бағытталды.
VIII сайланымдағы Мәжілістің төрт сессиясы барысында (2023 жылғы мамырдан 2026 жылғы маусымға дейін) Қоғамдық палатаның 30 отырысы өткізіліп, онда өзекті әрі қоғамдық маңызы жоғары мәселелер қаралды. Олардың қатарында мемлекетке заңсыз иеленілген активтерді қайтару, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, бәсекелестікті дамыту, сондай-ақ Салық, Бюджет, Құрылыс және Цифрлық кодекстердің жобалары, жасанды интеллект, банктер және банк қызметі туралы заң жобалары мен басқа да қоғамда кең талқыланған бастамалар болды.
Атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша Қоғамдық палата Мәжілістің бейінді комитеттері мен мемлекеттік органдарға 509 ұсыным әзірлеп, жолдады.
Палата жұмысына қатыса отырып, Бизнес-омбудсмен заңнаманы жетілдіру, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін әділ жағдайлар қалыптастыру мәселелері бойынша кәсіпкерлер қауымдастығының ұстанымын дәйекті түрде білдіріп отырды.
Қорытынды отырыс барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов Қоғамдық палатаның қалыптасуына қосқан зор үлесі, оның жұмысына белсенді қатысқаны және ұлттық заңнаманың сапасын арттыруға бағытталған мазмұнды ұсыныстар енгізгені үшін Қанат Нұровқа Алғыс хат табыстады.
«Бизнес-омбудсмен институты үшін Палата жұмысына қатысу іскерлік ахуалды жақсартуға және кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғауға бағытталған бастамаларды ілгерілетудің маңызды құралы болды», – деп атап өтті Бизнес-омбудсмен Қанат Нұров.
Фотогалереяға сілтеме:
https://ombudsmanbiz.kz/kaz/press-centr/foto/?cid=66





