Жаңалықтар

19.06.2026

Кәсіпкерлерді қорғаудың тиімді тетігіне айналған әкімшілік әділет – Бизнес-омбудсмен өкілінің пікірі

373

2026 жылғы 12 маусымда Алматы қалалық соты мен Нархоз университеті бірлесіп «Жаңа Конституция жағдайындағы әкімшілік әділетті дамыту: құқық қолдану және заң шығару бастамаларының бағдарлары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Іс-шара Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) қолданысқа енгізілгеніне бес жыл толуына арналды.

Конференция барысында әкімшілік әділетті дамыту, заңнаманы және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланды.

Конференция жұмысына мемлекеттік органдардың, сот жүйесінің, азаматтық қоғам институттарының, сарапшылық қауымдастықтың өкілдері, сондай-ақ шет мемлекеттердің әкімшілік әділет органдарының өкілдері қатысты. Іс-шараға Бизнес-омбудсмен институты атынан Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілінің кеңесшісі Сафарауль Йылмаз қатысты.

Өз сөзінде ол әкімшілік әділеттің енгізілуі мемлекет пен кәсіпкер арасындағы қалыптасқан өзара қарым-қатынас моделін түбегейлі өзгертіп, жария-құқықтық дауларда тараптардың нақты процестік теңдігін қамтамасыз еткенін атап өтті.

Бұрын мемлекеттік орган іс жүзінде артықшылықты жағдайда болып, кәсіпкер мемлекеттік аппараттың шешімдерінің заңсыздығын өз бетінше дәлелдеуге мәжбүр болса, ӘРПК қолданысқа енгізілгеннен кейін дәлелдеу міндеті мемлекетке жүктелді. Енді мемлекеттік орган өз шешімдерінің, әрекеттерінің немесе әрекетсіздігінің заңдылығын дәлелдеуге міндетті.

ӘРПК-нің 12-бабында бекітілген мөлшерлестік қағидатының маңызы ерекше. Аталған нормаға сәйкес, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке араласуы жария мақсатқа қол жеткізу үшін қажетті шектерден аспауға тиіс. Шектеу шараларын қолдану немесе рұқсат беру құжаттарының күшін жою кезінде мемлекеттік орган қойылған мақсатқа қол жеткізудің кәсіпкер үшін барынша жеңіл әрі қолайлы тәсілін таңдауға міндетті.

ӘРПК-ні қолданудың бес жылдық тәжірибесі әкімшілік әділетті бизнесті әкімшілік озбырлықтан қорғаудың ең тиімді тетіктерінің бірі ретінде бағалауға мүмкіндік береді. Егер ӘРПК енгізілгенге дейін азаматтар мен кәсіпкерлердің мемлекеттік органдарға қарсы талап қоюларының қанағаттандырылу деңгейі шамамен 15 пайызды құраса, Кодекс күшіне енгеннен кейін бұл көрсеткіш 60–65 пайызға дейін жетті.

Сонымен қатар, қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, мемлекеттік реттеудің бірқатар бағыттары ӘРПК-де көзделген кепілдіктерді толыққанды іске асыру тұрғысынан әлі де проблемалы болып қалып отыр.

Бизнес-омбудсменнің пікірінше, тексерулер, тергеп-тексерулер, бақылау іс-шаралары мен қадағалау рәсімдері ӘРПК-де белгіленген тәртіппен шағым жасауға болатын әкімшілік актіні қабылдаумен аяқталуға тиіс. Мұндай актінің болмауы кәсіпкерді Кодексте көзделген процестік кепілдіктерді пайдалану мүмкіндігінен іс жүзінде айырады.

Атап айтқанда, Уәкіл монополияға қарсы тергеп-тексерулер саласына ӘРПК нормаларының толыққанды қолданылуын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударады, өйткені мұндай тергеп-тексерулердің жекелеген санаттары бойынша қабылданатын қорытынды құжаттар әрдайым әкімшілік актінің белгілеріне ие бола бермейді. Бизнестің құқықтарын қорғау тұрғысынан бұл тиімді сот арқылы қорғану құқығын іске асыруға елеулі шектеулер туғызады.

Салықтық бақылау саласында да бірқатар мәселелер туындайды. Уәкілдің пікірінше, кейбір жағдайларда салық органдары жария-құқықтық дауларды шешу үшін азаматтық-құқықтық тетіктерді пайдаланады. Әңгіме, ең алдымен, әкімшілік сот бақылауының нысанасына айнала алатын әкімшілік актіні алдын ала қабылдамай-ақ мәмілелерді жарамсыз деп тану немесе салық міндеттемелерін өндіріп алу туралы талаптар қою тәжірибесі туралы болып отыр.

Осыған байланысты кәсіпкерлерге ӘРПК-де көзделген тәртіппен салық органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты тиімді сот бақылауы тетіктерін қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.

Осылайша, әкімшілік әділетті дамытудың келесі кезеңі ӘРПК-де бекітілген стандарттар мен кепілдіктерді кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің барлық салаларына дәйекті түрде тарату болуы тиіс.

Бизнес-омбудсменнің кеңесшісі сөзін қорытындылай келе, әкімшілік әділетті одан әрі дамытудың негізгі бағыттары ретінде әкімшілік соттар қарайтын істер санаттарының тізбесін кеңейтуді, сондай-ақ әкімшілік шарт институтын енгізуді атады.

 

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі