Жаңалықтар

16.06.2026

Кәсіпкер Дүйсенов заңсыз түрде 11 айдан бері қамауда отыр

397

Бизнес-омбудсмен кәсіпкер О.Қ. Дүйсеновті қамауда ұстауды заңсыз деп санап, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асыловқа жүгінді.

Бүгінде кәсіпкер 16 айдан астам уақыт қамауда отыр, оның ішінде 11 айдан астамы сот талқылауы сатысына тиесілі. Бұл ретте Бизнес-омбудсмен аппараты қылмыстық-процестік заңнаманың бірқатар елеулі бұзушылықтарын анықтады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 342-бабының 2-бөлігіне сәйкес, қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған сотталушыны істің сотқа келіп түскен күнінен бастап үкім шығарылғанға дейін қамауда ұстау мерзімі 6 айдан аспауға тиіс.

Сонымен қатар, ҚПК-нің 342-бабының 3-бөлігіне сәйкес, ауыр қылмыстар туралы істер бойынша сот тиісті қаулы шығару арқылы қамауда ұстау мерзімін 12 айға дейін ұзартуға құқылы.

Бизнес-омбудсмен аппаратының мәліметінше, 2025 жылғы 23 шілдеден кейін, яғни қылмыстық іс материалдарымен танысу үшін бұлтартпау шарасының мерзімі 1 айға ұзартылған күннен соң, істі қараған соттардың ешқайсысы (оның ішінде Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты, Алматы қаласының Бостандық аудандық соты және Алматы қалалық сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы) О.Қ. Дүйсеновті қамауда ұстау мерзімін 12 айға дейін ұзарту туралы шешім қабылдамаған.

Бұдан бөлек, 2025 жылғы тамыз және желтоқсан айларында сот бұрын таңдалған бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдырумен ғана шектелген. Ал қамауда ұстау мерзімін тағы 1 айға ұзарту тек 2026 жылғы 23 сәуірде жүзеге асырылған.

Бизнес-омбудсмен аппаратының пікірінше, аталған мән-жайлар кәсіпкердің бостандыққа деген конституциялық құқығының өрескел бұзылғанын көрсетеді.

Конституцияға сәйкес адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы болып табылады, ал адамның құқықтары мен бостандықтары әркімге туғанынан тиесілі, абсолютті және ажырамас деп танылады, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуын айқындайды. Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар, сондай-ақ әркімнің жеке бас бостандығына құқығы бар.

Аталған мәселеге Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2026 жылғы 10 маусымдағы нормативтік қаулысы қосымша маңыз береді. Осы қаулымен Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 342-бабының 3-бөлігі Конституцияға сәйкес емес деп танылды.

Бизнес-омбудсмен аппаратының атап өтуінше, қолданыстағы заңнама соттың бұлтартпау шарасын ұзарту туралы процестік шешімдерді уақтылы қабылдауын талап етеді және тұлғаны мерзімсіз қамауда ұстауға жол бермейді. Соған қарамастан, О.Қ. Дүйсенов тиісті сот қаулысы болмаған жағдайда да қамауда ұсталуда.

Осыған байланысты Бизнес-омбудсмен жағдайға қайта араласып, Қазақстан Республикасының Бас прокурорына кәсіпкерді одан әрі қамауда ұстаудың заңдылығына құқықтық баға беруді және прокурорлық ден қою шараларын қабылдауды сұрап жүгінеді.

Сонымен қатар, Бизнес-омбудсмен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевқа кәсіпкер Олжас Дүйсеновтің заңсыз қамауда ұсталуы салдарынан бұзылған конституциялық құқықтарын қалпына келтіруге жәрдем көрсету туралы өтініш жолдайды.

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі