Жаңалықтар

12.06.2026

Бизнес-омбудсмен, «Атамекен» ҰКП және адвокаттар қауымдастығы кәсіпкерлерді қорғау бағытында күш біріктіреді

263

2026 жылғы 10 маусымда Қазақстан Республикасының Республикалық адвокаттар алқасы, Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстанның Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Құжат бизнесті қорғау тетіктерін күшейтуге және кәсіпкерлер құқықтарының бұзылуының алдын алуға бағытталған. Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл мен «Атамекен» ҰКП-ға қылмыстық қудалау, тергеу әрекеттерін жүргізу, мүлікке тыйым салу және кәсіпорындардың қызметіне елеулі әсер етуі мүмкін өзге де шешімдерге байланысты өтініштер тұрақты түрде келіп түседі. Осы жағдайда құқықтық тәуекелдерді уақтылы анықтау және кәсіпкерлердің заңды мүдделерін білікті қорғаумен қамтамасыз ету ерекше маңызға ие.

Меморандум аясында тараптар бизнеске заңсыз қысым көрсету фактілерінің алдын алу, кәсіпкерлер құқықтарының бұзылуына жедел ден қою және оларды жою бойынша жүйелі шешімдер әзірлеу үшін күш-жігерлерін біріктіруге келісті.

Кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау аясына негізсіз тарту тәуекелдері, әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тарту жағдайлары, сондай-ақ сот талқылаулары барысында олардың құқықтарының бұзылуы туралы Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл мен «Атамекен» ҰКП-ны ерте кезеңде хабардар етуге ерекше назар аударылатын болады.

Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров атап өткендей, бизнесті құқықтық қорғауды қамтамасыз етуде адвокаттар қауымдастығына ерекше рөл тиесілі.

«Кәсіпкерлікті дамыту және қорғау институттарының қылмыстық және өзге де сот процестерінде бизнес мүдделерін білдіруге қатысты процестік өкілеттіктері жоқ. Бұл мәселелерде негізгі рөл адвокаттарға тиесілі, өйткені кәсіпкерлердің процестік құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететін – тек сіздер. Сондықтан біз осы Меморандумнан үлкен үміт күтеміз және оның тығыз өзара іс-қимылдың, ақпаратпен уақтылы алмасудың әрі бизнес құқықтарын неғұрлым тиімді қорғаудың берік негізіне айналатынына сенеміз», – деп атап өтті Қанат Нұров.

Меморандумға қол қою кәсіпкерлер үшін құқықтық кепілдіктерді нығайтуға және Қазақстандағы бизнесті қорғауды қамтамасыз ететін институттар арасындағы әріптестікті дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.

 

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі