Жаңалықтар

03.06.2026

Бизнес-омбудсмен «БИКО» ЖШС мен Қазақ соқырлар қоғамы арасындағы дауда прокуратураның өкілеттігін асыра пайдаланғанын байқайды

19

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Қанат Нұров (Бизнес-омбудсмен) «БИКО» ЖШС ісі бойынша Қазақстан Республикасының Бас прокурорына қайтадан жүгінуге мәжбүр болды.

2025 жылдың соңында Бизнес-омбудсмен Бас прокурорға хат жолдап, прокуратура органдарының жеке құқық субъектілері – «БИКО» ЖШС мен «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ (ҚСҚ) арасындағы азаматтық-құқықтық дауға өз өкілеттіктерінің шегінен тыс араласқанын көрсеткен болатын.

Еске сала кетейік, типография ғимараты мен жер пайдалану құқықтарын сатып алу-сату туралы шарт ҚСҚ мен «БИКО» арасында 2002 жылы жасалған. Алайда арада 17 жыл өткен соң, 2019 жылы ҚСҚ аталған мәмілені жарамсыз деп тану туралы талаппен сотқа жүгінді. Дегенмен барлық сот сатылары талапты қанағаттандырудан бас тартып, мәміленің заңдылығын растады.

Алайда 2024 жылы, мәміле жасалғаннан кейін 20 жылдан астам уақыт өткен соң, Бас прокуратура шартты жарамсыз деп тану мақсатында өз бастамасымен наразылықхат енгізді. Бұл ретте прокуратураның өзі бұған дейін аталған даудың тараптардың өтінішхаты бойынша Бас прокурор сот актілеріне наразылық келтіре алатын істер санатына жатпайтынын түсіндірген болатын.

Осыдан кейін Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы ҚСҚ-ның «БИКО»-ға қарсы мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап-арызын қанағаттандырып, оның жарамсыздығының салдары ретінде мемлекеттен 2003 жылы «БИКО» жеке меншікке сатып алған жер учаскесін, сондай-ақ осы уақыт ішінде «БИКО» тарапынан 950 шаршы метрге ұлғайтылған ғимаратты қайтаруды міндеттеді.

Сонымен қатар, «БИКО»-ның құқық белгілейтін құжаттары – 2003 жылғы жер учаскесін сатып алу-сату шарты мен 2024 жылғы нысанды пайдалануға қабылдау актісі сот талқылауының нысанасы болған жоқ және жарамсыз деп танылған жоқ.

Бизнес-омбудсмен Аппаратының мәліметінше, меншік құқығын тоқтату заңды күшіне енген, мұндай салдарды тікелей көздейтін сот актілері болған жағдайда ғана мүмкін. Мұндай сот актілерінің болмауы «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабының 1-тармағы талаптарының сақталмағанын көрсетеді және Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағына қайшы келеді. Аталған нормаға сәйкес, ешкім де өз мүлкінен сот шешімінсіз айырылуға тиіс емес.

Соған қарамастан, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-тың Алматы қаласы бойынша филиалы ҚСҚ-ға тиісті өзгерістерді тіркеуден бас тартқаннан кейін, Алматы қаласы Алмалы ауданының прокуратурасы Әділет департаментінің атына мұндай тіркеуді жүзеге асыру қажеттігі туралы ұсыну енгізген. Нәтижесінде, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-тың Алматы қаласы бойынша филиалы сот тәртібімен дауланбаған «БИКО»-ның меншік құқығы туралы жазбаларды заңсыз түрде жойып, «БИКО»-ның мүлкін ҚСҚ-ның атына қайта тіркеген. Оның ішінде мемлекеттен сатып алынған жер учаскесіне жеке меншік құқығы және ҚСҚ-ның ешқандай қатысы жоқ қосымша ғимарат та қайта тіркелген.

Бұдан бөлек, «БИКО» Бизнес-омбудсменге жолдаған өтінішінде прокуратура органдарының өз өкілеттіктерін асыра пайдаланғанын атап көрсетеді. Компанияның пікірінше, бұл сот рәсімдерін прокурорлық ықпал ету актілерімен алмастыру арқылы көрініс тауып, прокуратура тарапынан кәсіпорын қызметіне заңсыз араласуға жол берілген. Кәсіпкердің пайымдауынша, Алматы қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-тың, сондай-ақ прокуратураның ұсынуын құқықтық негіздерсіз орындаған әділет органдарының әрекеттеріне де құқықтық баға берілуі қажет.

Осыған байланысты Бизнес-омбудсмен Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асыловтан «БИКО» келтірген уәждерге жан-жақты тексеру жүргізуді және Алматы қаласы Алмалы ауданы прокуратурасының, Алматы қаласы бойынша Әділет департаментінің және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-тың әрекеттеріне құқықтық баға беруді сұрайды.

Сонымен қатар, Бизнес-омбудсмен кінәлі лауазымды тұлғаларды заңда белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тарту мәселесін көтереді.

«Кәсіпкер жиырма жылдан астам уақыт бойы мүлікті адал иеленіп, оны дамытуға инвестиция салып, активтің құнын арттырғаннан кейін, құқық шеңберінен шығатын шешімдердің салдарынан өз еңбегінің нәтижесінен айырылып жатса, әділдік туралы айту қиын. Бизнес заңды түрде сатып алынған мүлік пен сотпен расталған жеке меншік құқықтарының ондаған жылдар өткен соң күмән тудырмайтынына сенімді болуы тиіс. Әйтпесе, инвестициялық тартымдылыққа ғана емес, мемлекеттің құқықтық жүйесіне деген сенімге де қауіп төнеді», – деп атап өтті Бизнес-омбудсмен Қанат Нұров. 

Бұған дейінгі баспасөз хабарламасына және Бас прокуратураға жолданған жаңа өтінішке сілтемелер:

https://ombudsmanbiz.kz/rus/press-centr/news/?cid=0&rid=1964
https://ombudsmanbiz.kz/rus/otkr_pismo/?cid=0&rid=2040

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі