Жаңалықтар

19.05.2022

Бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов: Қазақстанда импортты алмастыру бағдарламасы әзірленуде

159

Фото: Kazakh24.info / Александр Сергеев

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Ақтөбе облысына сапары барысында Kazakh24.info сұхбат бергенінде іскерлік белсенділік рейтингінде өңірдің көрсеткіштері неліктен төмен екеніне және бизнес қандай жүйелік проблемалармен бетпе-бет келетініне тоқталып өтті.

 

- Рустам Манарбекұлы, бизнес-омбудсменге өтініш көп түсе ме?

- Өңірлік проблемалар бар, сондай-ақ ел деңгейінде қаралуы тиіс проблемалар да бар. Егер өтініштер статистикасы бойынша қарайтын болсақ, 2016 жылы Болат Палымбетов басқарған бизнес-омбудсмен институты пайда болған кезде бүкіл Қазақстан бойынша кәсіпкерлерден 7 200 шағым түскенін атап өткім келеді. Бізде реактивті жұмыс әдісі бар, яғни шағым түскеннен кейінгі постфактум және белсенді, яғни нормативтік-құқықтық актілерді сараптау. Біз бизнеске қатысты барлық мемлекеттік комиссиялардың құрамында бармыз. Оған қоса ҰКП бизнес проблемаларының тізілімін жүргізуде. Әр аймақ өз тізілімін жүргізеді. Ал Ұлттық палата проблемалардың қалай шешіліп жатқанын қадағалайды. Жергілікті деңгейде шешілмейтін мәселелер республикалық деңгейге шығарылады.

Қазір тізілімде 600-ден астам проблема бар. Олардың басым бөлігі, атап айтқанда 78%-ы шешілді. Бизнеспен көшпелі кездесулер кезінде біз қосымша тізілім қалыптастырамыз, оған қазір 300-ге жуық мәселе енгізілген. «Атамекен» ҰКП мен Үкімет арасында әр апта сайын жұма күні вице-премьермен кездесіп, бизнестің 5-6 проблемасын шешеміз деген уағдаластық бар. Мен айтқан 300 проблеманың 150-і ендігі шешімін тауып та қойды, 115-і жұмыста. Қалған бөлігі талқылануда.

 

- Мысал келтіре кетсеңіз...

- Мысалы, сүт өнімдерін таңбалау. Осы мәселені шештік, оны таңбалаудың не қажеті бар?

 

- Таңбалаудан мүлде бас тартылды ма, әлде бұл уақытша шара ма?

- Республикаішілік деңгейде таңбалаудан бас тартылды. Ал егер тауар экспортқа шығарылса, онда бұл үкіметаралық келісім болмақ. Осы белсенді жұмыстың арқасында шағымдар саны азаюда.

 

- 2016 жылы 7 200 шағым түскенін айтып өттіңіз, қазір ше?

- 2021 жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 4 200-ге дейін төмендеді. Яғни, 40%-ға төмендеу байқалады. Бұл статистика - біздің жұмысымыздың көрсеткіші.

 

- Бизнестің ең өзекті мәселелері қандай?

- Жер мәселесі, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы (МСҚБ), салық қызметі. Пандемияға байланысты шектеу шараларынан кейін форс-мажорлық жағдайлар себебінен шарттық міндеттемелерді орындауға, дәлірек айтқанда орындамауға қатысты мәселелер орын алды. Көптеген даулы мәселелер болды. Біз форс-мажор басталғаны туралы 7 мыңнан астам куәлік бердік. Осылайша бизнес жауапкершіліктен босатылды.

 

- Мен түсінуімше бұл жүйелі мәселелер сияқты. Әсіресе жер мәселесі.

- Ақтөбе облысында бұл мәселе Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағыдай өткір емес. Сондықтан ҰКП әрдайым конкурстар мен аукциондар өткізу қажеттілігі туралы айтады. Үш жыл бұрын прокуратура жер мәселелерін тексеріп, 5 400 бұйрық шығарды! Біз Бас прокурормен, Жоғарғы сот төрағасымен уағдаластыққа қол жеткіздік, енді игерілген, күрделі жұмыстар жүргізіліп жатқан жер учаскелері алып қоюға жатпайды. Мысал келтірер болсам: Қостанайда тұтас ықшам аудан салынды, онда адамдар тұрып жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін жердің заңсыз берілгені анықталды. Енді не істеу керек? Тұрғындардың баспанасын тартып алып, тұрғын-үй кешенін бұзу қажет пе? Тосын жағдай!

 

- Қалай болғанда да бұл жер учаскесін құрылыс салу үшін бөлді ғой?

- Бұл өте күрделі процедура, тіпті біз, заңгерлер, осы мәселені шеше алмадық.

 

- Заңдарда осындай қайшылықтар көп пе?

- Шынымды айтсам, жеткілікті.

 

- Сіз ақтөбелік бизнесмендермен жеке кездесулер өткіздіңіз. Кәсіпкерлердің қандай да бір кедергілерге немесе қайшылықтарға тап болғанынан жарқын мысал келтіре аласыз ба?

Не күлерімді, не жыларымды білмеген кездер де болды. Қабылдауға бір ақсақал келіп, өз проблемасы туралы айтып берді. Ол әлеуметтік маңызы бар тауарды, яғни картоп өсіруге субсидия алған екен. Дегенмен жыл өнімді болмады. Өнімді келісімде көрсетілген көлемде өсіру мүмкін болмады. Ол айырмашылықты мемлекетке адал қайтарды. Оған өсімақы төлеуді талап етіп ӘКК өкілдері келеді. Ақсақал оларға жауап ретінде Президент пандемия кезінде бизнеске айыппұл салынбайды деген деп жауап берді. Екі тарап сотқа барды. Сот тараптарды бітімге келу үшін кәсіпкерлер палатасына жіберді – бұл медиация рәсімі. Ақсақалдың қолында форс-мажор жағдайларының туындағаны және өсімақыны қоса алғанда, шарттық міндеттемелерді орындамау бойынша жауапкершіліктен босатылғаны туралы ресми халықаралық куәлік бар. Ал ӘКК өкілдері тынышталар емес - олар қайтадан сотқа берді. Ол жерде де ақсақалдікі дұрыс екенін айтты.

Мұның бәрі қалай аяқталатынын айта алмаймын, іс әлі сотта. Бірақ егер Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның бюрократын жауапқа тартатын болса, мен құптар едім.

Тағы бір мысал. Бұл экологиялық есептілікке қатысты. Фермер мал ұстайды. Қоршаған ортаға эмиссия үшін оған тоқсан сайын 20 парақ есептілік ресімдеу қажет. Содан кейін бюджетке 5 мың теңге төлеу керек. Ол өзі нысанды толтыруды білмейді, сондықтан 100 мың теңге төлеп, осы нысанды толтырып беретін адамды жалдайды.

 

- Біздің өңірдің бизнесмендерімен дөңгелек үстел өткізу барысында сіз іскерлік климат рейтингісінде Ақтөбе облысы соңғы орында екенін атап өттіңіз, дегенмен біздің өңір осы уақытқа дейін үздік бестікте болған еді. Не болды? Сіздің ойыңызша, мұндай күрт төмендеудің себебі не?

- Мен өңірді күрт төмендеді деп айтпас едім. 2019 жылы Ақтөбе облысы осы рейтингте 11-ші орынға ие болды. 2020 жылы біз талдау жасаған жоқпыз. Ал өткен жылғы рейтинг соңғысы. Біз мұндай құлдырауды пандемиямен байланыстырамыз. Сонымен қатар, бизнес ерекше белсенді бақылаушылардан да шаршайды. Біз Ақтөбе облысы МКД басшылығымен кездестік. Онда жап-жақсы жігіттер жұмыс істейді. Олармен тіл табысқан сияқтымыз. Билік пен бизнес арасында ашық диалог орнату қажет, ал диалогты облыс әкімі Оңдасын Оразалин басқарып, қолдау көрсетуі тиіс.

 

- Ақтөбе облысы - шекаралас аймақ. Ресейлік кәсіпкерлер біздің елімізде бизнес ашуға көбірек қызығушылық танытып отыр, ал олардың импортты алмастыру бағдарламасы жергілікті тауар өндірушіні банкротқа ұшыратуы мүмкін. Қазақстандық кәсіпорынға шекара маңы мемлекетінің нарығына шығу оңай емес және әлі де бірқатар кедергілер бар.

- Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша қазір импортты алмастыру бағдарламасы әзірленуде. Біз бірінші нұсқаны алдық және бір ай бұрын оның сыни талдауын жүргіздік. Қазір бұл бағдарлама әзірленіп жатыр және отандық өндірушіні қолдау бойынша бірқатар шаралар әзірленетін болады.

 

- Сіз қалай ойлайсыз, ақтөбелік кәсіпкерлердің бизнес рухы мықты ма?

- Мен ақтөбелік бизнесмендердің кәсіпкерлік рухы орташа республикалық деңгейден жоғары екеніне сенімдімін. Географиялық орналасуы, менталитеті - мұның бәрі жағымды әсерлер. Ал іскерлік ахуал рейтингінде төмендеуге әсер еткен негізгі фактор реттегіш орта мен өткізу нарықтары болды деп санаймын. Өйткені, пандемияға байланысты шекаралар жабылды, ал Ақтөбе облысының шекаралас аймақ екенін ескерген жөн. Бірақ мен мұны сын ретінде емес, іс-әрекетке шақыру ниетінде айтып отырмын.

 

- Әңгімелескеніңізге рахмет!

 

Александр СЕРГЕЕВ

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Жүрсінов Р.М.

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі