Жаңалықтар

22.07.2021

Ақмола облысында шенеуніктердің бизнеске тиесілі жерді алып қоюы қалыпты жағдайға айналған тәрізді

173

Ақмола облысы

Бүгінгі таңда экономиканың қозғаушы күштерінің бірі болып табылатын, сондай-ақ тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған шағын және орта бизнеске адамдар көптеп келе бастады. Дегенмен билік өкілдері бизнеске әлі де қырын қарайтын тәрізді. Әйтпесе, адал кәсіпкерлердің мемлекеттік органдар бастамашылық еткен сот істерінің орбитасына көптеп тартылатындығын қалай түсіндіруге болады.

2020 жылы Аршалы ауданының әкімдігі "Көктерек Сервис" ЖШС-не туристік демалыс базасын салу үшін жер телімін ұсынды. Компания мен аудандық жер бөлімі арасында 5 жыл мерзімге тиісті жалдау шарты жасалды.

Бұған дейін инвестициялық жоба аудандық әкімдік жанындағы Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңесте сәтті қорғалып, Аршалы ауданының аумақтарын дамыту бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына да енгізілген болатын.

Айта кету керек, өңірлік туризмді ілгерілетуге бағытталған жоба шын мәнінде ауқымды, оған шамамен 60 млн теңге салынды. Сонымен қатар, ол туристік әлеуетті, инфрақұрылымды дамыту, инвестициялар тарту сияқты таза материалдық міндеттерді ғана емес, сонымен қатар рекреациялық қызметті – тарихи және мәдени мұраны сақтауды, спорттық-сауықтыру бағдарламаларын, жастар мен отбасылардың бос уақытын ұйымдастыруды қамтиды.

Алайда, ағымдағы жылдың қаңтар айында жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану шартын заңсыз деп таныған аудан прокуратурасының ұсынысы негізінде Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына "Көктерек Сервис"ЖШС қатысты талап-арыз берді.

Ұзаққа созылған сот процестері басталды. Қалыптасқан жағдай жергілікті биліктің бір қолымен бергенін екінші қолымен алып қоятынын ашық көрсетті. Жер учаскесін пайдалануға алып, оған бар қаражатын салған кәсіпкер жер сипап қалды. Демек, кәсіпкер лауазымды тұлғалардың қателіктері үшін зардап шегеді, ал шенеуніктер ешқандай жауапкершілік көтермейді.

"Біз, тіпті, не істерімізді білмей, абдырап қалдық. Осы уақытқа дейін жер учаскесінде ауқымды жұмыстар атқардық – әкімшілік ғимараттар салдық, тұрғын үйлерді қайта жаңарттық, шатыр қалашығын ұйымдастырдық, қажетті коммуникацияларды, соның ішінде интернет желісін жүргіздік, бейнебақылау орнаттық, пирстер, күркелер, балалар және спорт алаңдарын салдық, күзет пункттерін, нұсқағыштарды қойдық, қажетті құрал-жабдықтар сатып алдық. Демалушыларға қайық, катер, квадроцикл, қарда жүретін көліктерді, жүк және жеңіл автомобильдерді ұсынамыз, сондай-ақ құтқару жабдықтарын сатып алып, пайдалануға бердік, бір сөзбен айтқанда, туристік базаның жұмыс істеуі үшін қажет нәрсенің бәрін жасадық. Сонымен қатар, біз жұмыспен қамтамасыз етілген адамдар үшін де жауаптымыз ғой", - дейді компания өкілі Айжан Оспанова.

Жергілікті атқарушы органдардың жер телімдерін беру кезіндегі заңдылықтың сақталуын талқылау үшін Ақмола облысы прокуратурасының алқасы да шақырылды, оның қорытындысы бойынша облыс әкімдігіне өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп проблемалық жер телімдерін толық немесе ішінара игеру тұрғысынан толық паспорттау бойынша жұмыс жүргізу тапсырылды.

Сонымен қатар, шенеуніктер бұл даулы істерде мемлекеттік органдардың кінәсі мен қателіктері бар екенін мойындайды және олар барлық мүдделі тараптардың пікірлерін ескере отырып пысықталатын болады.

"Біз өз тарапымыздан бизнестің қызметіне кедергі тудыруға тырысқан жоқпыз, барлық мәселе құқықтық өріс аясында зерттелді", - дейді жерді пайдалану мен қорғауды бақылау жөніндегі облыстық басқарманың басшысы Ерғали Шорин.

Сот талқылаулары жарты жылға жуық уақытқа созылды, алайда заң қызметкерлері инвестициялық жобаны іске асырудың маңыздылығын ескере отырып, әділ шешім қабылдады, жерді пайдалану мен қорғауды бақылау жөніндегі басқарманың шағымын қараусыз қалдырды.

Сонымен қатар, Ақмола облысында бизнес субъектілері мен мемлекеттік органдар арасындағы жер қатынастары саласындағы даулар қоғамдық резонансқа ие болды. 2019 жылғы сәуірде Ақмола облысы әкімінің төрағалығымен облыс прокуратурасының, облыстық соттың, облыстық басқармалар мен ведомстволар басшыларының қатысуымен кәсіпкерлік субъектілеріне сауда-саттықты өткізбей жер учаскелерін беру фактілері бойынша түпкілікті шешімдерді әзірлеу жөнінде кеңес өтті. Ол кезде Ақмола облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына игеру және/немесе ішінара игеру жүргізілген, қомақты қаражат жұмсалған жер учаскелері бойынша сотқа талап арыз бермеуді қамтитын тапсырма берілген болатын.

"Мұндай шағымдар аз емес. Жер инспекциясы талап-арыз беруді прокуратура талап етеді десе, қадағалау органы мұның бәрі ұсыныс сипатқа ие деп сендіреді. Лауазымды тұлғалар ешқандай жауапкершілік көтермейді, ұсыныстар біржақты шығарылады, сотқа талап-арыз беру түріндегі құралдарды пайдалану қойылған міндеттерді шешу үшін қолайсыз, - деп атап өтті ӨКП директорының орынбасары Расул Сыздықов.

Мұндай іс-әрекеттер тек мүдделі кәсіпкерлерге ғана зиян тигізбейді, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік ахуалына және жергілікті мемлекеттік органдардың имиджіне кері әсерін тигізеді. Өйткені мемлекеттік органдар бизнес пен тұрғындардың мүдделеріне қызмет етуі тиіс. Кәсіпкерлер пандемия жағдайында өз жобаларын жүзеге асырып қана қоймай, жұмыс орындарын сақтап, олардың санын арттыруға барын салып жатыр.

 

 

Дереккөз: https://atameken.kz/ru/news/44162-v-akmolinskoj-oblasti-slozhilas-praktika-massovogo-iz-yatiya-chinovnikami-zemel-u-biznesa?fbclid=IwAR1nJTRRfeExPnqae76xtYcvtYuvYM4-7lrCPX-RKg9g8C8DGDYZI2We_wo

 

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Жүрсінов Р.М.

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі