Жаңалықтар

12.01.2021

Тексерушілер заңбұзушылыққа бармауы тиіс!

279

Фото: ашық дереккөздерден алынды

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" ҚР Кодексіне енгізілген өзгерістер туралы айтты.

Аталмыш кодекске өткен жылы 119 түзету енгізілді, оның 111-і Ұлттық палата ұсынған түзетулер болатын. Ұсыныстар негізінен тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану тәртібін жетілдіру, кедендік тексеру жүргізу рәсімін жетілдіру, кеден ісі саласында мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау сияқты мәселелерді қамтиды.

Бизнес-омбудсмен кедендік тексеру жүргізу рәсімдерін жетілдіру мәселесіне тоқталды. Бұл түзетулер "Нұр Отан" партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі фракциясы мен "Атамекен" ҚР ҰКП арасындағы 2020 жылға арналған ынтымақтастықтың жол картасын іске асыру аясында әзірленген. Түзетулер кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғауға, жүргізілетін тексерулер сапасын арттыруға, сондай-ақ бизнестің кедендік тексерулер нәтижелеріне шағымдануға кететін уақытын үнемдеуге, шығатын қаржылық шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді.

Камералдық кедендік тексеру жүргізу тәртібі толығымен өзгерді. Енді бұл рәсімге камералдық салықтық бақылау элементтері енгізілді, яғни тексеру барысында заң бұзушылық анықталса, кәсіпкерді бірден әкімшілік жауапкершілікке тартпай-ақ, оған бұл олқылықты өз күшімен жоюға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, бұл тексерулердің мерзімі 6 айдан 2 айға дейін қысқартылды. Сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың қосымша құжаттарды ұсыну мерзімі 5 жұмыс күнінен 2 айға дейін ұзартылды.

Салықтық тексерулерге ұқсас кедендік тексерудің жаңа түрі енгізілді, яғни тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану негізінде жүргізілетін кешенді көшпелі кедендік тексеру. Ол бекітілген жартыжылдық кестеге сәйкес жүргізілетін болады және бұл кесте уәкілетті органның сайтында орналастырылады. Сондай-ақ, кәсіпкер тексеру жүргізілетіндігі туралы 30 күн бұрын хабардар етіледі.

Кедендік тексеру қорытындылары бойынша алдын ала акт ресімделетін болады, оған кәсіпкер өзінің келіспеушілігін жолдай алады және оның жолдаған талап-арызын мемлекеттік кіріс органдары қарауға міндетті.

Енді көшпелі кедендік тексерулерді сыртқы экономикалық қызметке қатысушы тіркелген жері бойынша бір ғана кеден органы жүргізетін болады.

Көзделген тәртіпті өрескел бұзу фактілері анықталған жағдайда кедендік тексеруді жарамсыз деп танитын заңнамалық норма бекітілді.

Рустам Жүрсінов осы түзету енгізілгенге дейін инспекторлардың тексеру жүргізу мерзімдерін, рәсімдік мәселелерді, сұрау салу және сұрау салынатын құжаттарды қарау тәртібін бұзғанына қарамастан, тексеру актісінің күшін жою және оны жарамсыз деп тануға мүмкіндік болмағанын атап өтті.

Салықтық тексерулер кезінде осыған ұқсас жағдайлар орын алғанда апелляциялық комиссия ҚР Салық кодексінің және ҚР Кәсіпкерлік кодексінің нормаларын басшылыққа ала отырып, аталған тексеруді жарамсыз деп танып, кәсіпкердің пайдасына шешім шығарады.

Бұл түзету орын алған қайшылықтарды жоюға және сыртқы экономикалық қызметке қатысушының құқықтарын толық көлемде қорғауға мүмкіндік берді.

Ал көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматқа көшуі тиісті өтінішті электронды түрде ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл ретте құжаттарды қарау мерзімі 50% қысқартылады және ықтимал сыбайлас жемқорлыққа да жол берілмейтін болады.

Тұтастай алғанда, кеден органы тауардың кедендік құнын қайта қараған жағдайда декларантты, ал кеден органы тауарларды дұрыс жіктемеген кезде және бұзушылықтарды өз бетінше жойған кезде кеден өкілдерін жауапкершілікке тартпауды көздейтін нормалар заңнамалық түрде бекітілді. Сондай-ақ, осы заңнамалық нормаларға сәйкес "АСТАНА-1" АЖ жұмысында қателіктер анықталған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтын болды.

Кеден органдары тауарларды шығарған сәттен бастап талап қою мерзіміне байланысты 3-5 жыл өткеніне қарамастан, кедендік құн бойынша және тауарларды жіктеу бойынша бұрын қабылданған шешімдерді қайта қарау тәжірибесін жиі қолданады. Осындай тексерудің нәтижесі бойынша кедендік баждарды, салықтарды және өсімпұлдарды қосымша есептеу жүргізіледі, сондай-ақ кәсіпкер жауапкершілікке тартылады

Ал осы түзетулер енгізілгеннен кейін кәсіпкер мемлекеттік кіріс органдарының лауазымды тұлғаларының қателіктері үшін жауап бермейтін болады.

Бюджетке түсетін түсімнің төмендеуіне әкеп соғатындықтан, заң жобасын қарау барысында кедендік төлемдер мен тексерулерге қатысты біздің кейбір ұсыныстарымыз қолдау таппады. Бұл ұсыныстарымыз ағымдағы жылы мемлекеттік органдармен бірлесе отырып қосымша пысықтауды талап етеді.

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Жүрсінов Р.М.

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі