Жаңалықтар

24.12.2020

Лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі күшейтілетін болады

271

«Казахстанская правда»

Президент Қазақстан халқына Жолдауында бизнестің қызметіне мемлекеттік органдардың шамадан тыс араласуына тосқауыл қойып, оның заң жүзінде қорғалуын тапсырған болатын. Осыған байланысты прокуратураның алдына үлкен міндет қойылды, атап айтқанда, қадағалауды күшейту және азаматтар мен бизнесті тиімді қорғау.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту және бизнесті қылмыстық қудалау басталғанға дейін құқық қорғау органдарының тексеру амалдары институтын енгізу мәселесін құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының қарауына ұсынды.

Бизнес-омбудсменнің айтуынша, қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғау үшін өтінішті тіркеу жеткілікті. Жекелеген жағдайлар да бар – егер бұзушылықтың орын алғандығы туралы мәлімет тексеру актілерімен расталмаған болса, өтініш тіркелмейді. Сондай-ақ азаматтық-құқықтық дау кезінде де өтініш тіркелмейді.

Дегенмен, кейде тексерушілердің техникалық қателікті немесе қасақана жасалған бұзушылықты анықтайтын немесе тексеріліп отырған тұлғаның іс-әрекетінің заңсыздығын бағалайтын құзіреті немесе біліктілігі болмауы да мүмкін. Әдетте, құқық қорғау органдарына материалды берудің анықтаушы факторы залал шегінен асып кету болып табылады. Сондықтан бизнеске негізсіз қылмыстық қысым жасау ықтималдығы әрдайым жоғары болады.

– Біз қылмыстық іс қозғалғанға дейін тексеру тетіктерін енгізуді ұсынамыз. Бұл экономикалық құқық бұзушылық саласына қатысты. Бұл жағдайда шотты қамауға алмас бұрын және алып қою шараларын іске асырмас бұрын өтінішті тексеріп алуға болады. Басты өлшем - фактілерге субъективті баға беру, қылмыстық іс қозғау үшін негіздердің бар-жоғын анықтау, кәсіпорындардың қызметін тоқтатпау, - деп атап өтті Рустам Жүрсінов.

Бірақ талқылау барысында бұл тергеуге дейінгі тексеру институтына қайта оралу ретінде қабылдануы мүмкін деген пікір айтылды. Бұған дейін құқық қорғау органдары тергеуге дейінгі тексеру сатысында және алдын ала тергеу барысында тек атаулары ғана басқаша болғандықтан, сондай-ақ іс жүзінде бір әрекет екі рет іске асырылатындықтан аталмыш институттан бас тартқан болатын.

Талқылау барысында жұмыс тобы біршама өзгеше тәсілді қолдады – прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуының заңдылығын тексеріп, ол үшін ақылға қонымды мерзім белгілеуге құқылы.

Осы мәселені талқылай отырып, жұмыс тобының мүшелері бір жағынан, прокуратура органдарының азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау жөніндегі қадағалау функцияларын күшейтуге, екінші жағынан, жергілікті полиция қызметін реформалауға және Ішкі істер министрлігін бейінді емес функциялардан босатуға баса назар аударды. Талқылау қорытындысы бойынша прокуратура органдарының қадағалау функцияларын күшейту бойынша ұсыныс қолдау тапты. Атап айтқанда, прокуратура органдары кәсіпкерлік субъектілерінің өтініштері бойынша тексеру жүргізуді тағайындауға құқылы. Қазір олар тек "Прокуратура туралы" ҚР Заңының ережелерін басшылыққа алады.

Лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту бойынша бұрын әзірленген ұсыныстарды (түзетулерді) Бас прокуратура әзірлейтін заң жобаларының біріне қазіргі уақытта енгізу туралы мәселе пысықталуда. Олар ҚК-нің 365-бабына ("Заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау") түзету енгізуді көздейді. Осылайша, мемлекеттік органдардың бизнестің ісіне заңсыз араласуының формалары нақтыланды, пайдакүнемдікті көздеді деген күмән тудыратын белгі алынып тасталды. Қолданыстағы баптың тиімсіз болуына пайдакүнемдік көзделді деген күмәннің субъективті қырын дәлелдеудің күрделілігі және субъектінің теріс пиғылы мен оның қоғамға тигізетін кері салдары болуы негізгі себеп болып отыр.

Бұдан басқа, ҚК-нің 249-бабын ("Рейдерлік") формальды құрамға көшіру, өзге біреудің бизнесін басып алудың кез келген заңға қайшы тәсілдерін рейдерлікке жатқызу да көзделген. Сондай-ақ, ҚК-нің 412-бабын ("Көрінеу кінәсіз адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту") кәсіпкерлік субъектісіне ірі залал келтіргені үшін лауазымды тұлғаны жауапкершілікке тартумен толықтыру, жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша анықталған құқық бұзушылықтар үшін лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін ескіру мерзімін бір жылға дейін ұлғайту көзделеді.

Бизнесті тексеру өндірісін прокурормен келісу қажеттілігінің өзі қылмыстық қудалау органдарының тәбетін айтарлықтай төмендетуі мүмкін, деген пікірде бизнес-омбудсмен.

Тағы бір маңызды ұсыныс – прокурордың сотқа дейінгі тергеуді бастаудың заңдылығын тексеруі. Қазір прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталғаны туралы ғана хабардар етіледі (бір тәулік ішінде). Енді ол лауазымды тұлғалардың осындай мәлімдемелері мен бастамаларының қаншалықты негізді екенін тексереді. Бұзушылықтар анықталған жағдайда прокурор тергеуді тоқтатады.

Түзетулер прокуратураға қылмыстық процес бастала салысымен араласуға және негізсіз тергеу тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Руслан Ысқақов

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Жүрсінов Р.М.

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі