Жаңалықтар

20.12.2020

Мониторингтік топтар тек өрескел бұзушылықтарды қадағалайтын болады

205

Мониторингтік топтар жұмысының жаңа алгоритміне өзгеріс енгізілді, деп хабарлады Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.

Енді мониторингтік топтар бизнесті тек бес талаптың сақталуына қатысты тексеретін болады. Рейдтер алдында топтардың құрамын әкімдіктер жариялайды. МТ жұмысының жаңа алгоритміне енгізілген өзгерістер туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов өзінің Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

"7 желтоқсанда коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мониторингтік топтар жұмысының алгоритмін бекіткен болатын, дегенмен мониторингтік топтар құрамының ашықтығы, тексерулер үшін негіздер және оларды бизнес объектілерінде жүргізу тәртібіне қатысты бірқатар мәселе ашық күйінде қалған еді. Біз бұл олқылықтардың орнын толтыруды ұсындық. Кеше, 19 желтоқсанда, Үкімет жаңартылған алгоритмді ұсынды, ол көптеген мәселелерді шешеді", - деді Рустам Жүрсінов.

Жаңа алгоритмде мониторингтік топтарға бизнесті тек бес талаптың сақталуына қатысты тексеру тапсырылды: жұмыс режимін сақтау; адамдар көп жиналатын іс-шараларды өткізуден бас тарту; әлеуметтік қашықтықты сақтамау; маска режимін сақтамау; келушілер санының лимиттен асуы.

"Егер мониторингтік топ осы 5 бұзушылықтың біреуін анықтаған жағдайда, ол кәсіпкерге айыппұл сала алмайды. Материалдар санитарлық дәрігердің тексеруінсіз әкімшілік іс жүргізу үшін СЭС-ке жіберіледі немесе шұғыл хабарлама жасалады, ал СЭС инспекторы кәсіпкерді тексереді. Екінші жағдайда санитарлық дәрігер бизнес нысанын тексеру парағында қарастырылған талаптардың сақталуын тексереді. Қазіргі уақытта 24 талап бар, бірақ жақын арада оны 20-ға дейін қысқарту жоспарлануда", - деп атап өтті бизнес-омбудсмен.

Сондай-ақ әкімдіктер мониторингтік топтар тексеруге шықпас бұрын олардың дербес құрамын өз сайттарында жариялауға, ал мониторингтік топтардың мүшелері бар болған жағдайда қызметтік куәліктерін көрсетуге міндетті болады. Осылайша, кәсіпкерлер өздерін тексеруге заңды бақылау тобы келгенін анықтай алады.

Бұдан басқа, мониторингтік топтың рейдтік іс-шаралар жүзеге асырылатын аумақтың учаскесін алдын ала айқындауы туралы ұсыныс енгізілді. "Бұл мониторингтік топтардың жұмысын цифрлық бақылауға негіз болды. Цифрлық мониторинг олардың қызметінің ашықтығын арттырады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді. Әзірге цифрлық мониторинг пилоттық режимде тек Түркістан облысында ғана жүргізілуде. Біз бұл тәжірибені бүкіл елге таратуды ұсынамыз", – деп нақтылады Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.

Мониторингтік топтар тарапынан заңға қайшы әрекет орын алған жағдайда кәсіпкерлер ҰКП-ның call center-не 1432 қысқа нөмірі бойынша қоңырау шала алады. Хабарласқан адамды жедел әрекет ету үшін өңірлік кәсіпкерлер палатасының немесе аумақтық прокуратураның заңгерлерімен байланысқа қосады.

Мониторингтік топ мүшелері тарапынан сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісі орын алған жағдайда бизнес субъектілері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне 1424 қысқа нөмірі бойынша хабарласа алады.

 

Карина Алимова

Толығырақ: https://inbusiness.kz/ru/news/monitoringovye-gruppy-budut-otslezhivat-tolko-grubye-narusheniya-biznesa 

 

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Жүрсінов Р.М.

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі