Жаңалықтар

21.10.2020

Рустам Жүрсінов: Көмек зардап шеккен кәсіпорындарға көрсетілу керек

253

«ЛИТЕР» қоғамдық-саяси газеті, №156 /3823/, 21 қазан 2020 ж.

Бүгінде ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Коронавирустың екінші толқыны болуы мүмкін дегеннен бастап қоғамда қарбалас байқалады. Қазақстандық кәсіпкерлікке тоқталар болсақ, көптеген бизнес өкілдері бүгінде орын алған қиын жағдайға байланысты бизнес-жобаларын жабу туралы ойлап отыр. Қазақстандағы кәсіпкерлік ортадағы нақты жағдай туралы, мемлекет тарапынан берілген көмек туралы және мемлекеттік деңгейде нақты жұмыс істеу қажет екені туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов "ЛИТЕР" газетіне берген сұхбатында айтып берді.

 

- Рустам Манарбекұлы, енгізілген шектеу шараларына байланысты жаз айларында бизнес тоқтап қалды деуге болады, қазақстандық бизнес есін әрең жиды. Ал кейбіреулері өз жұмысын қайтадан бастай алмады. Себебі белгілі - салық төлеу үшін қаражаттың болмауы,  несие алу үшін кепілдің болмауы, бизнес тоқтап тұрғанымен, үй-жайларды жалға алу ақысын төлеу қажеттілігі. Осы уақытта мемлекеттік қолдаудың нақты қандай шаралары тиімді болды?

 

- Коронавирус қаупі экономиканың барлық салаларында айтарлықтай шектеулер қойды. "Атамекен" ҰКП онлайн-сауалнамасы негізінде зардап шеккен салаларда ТЖ режимі мен карантиндік шаралардан 1 млн-ға жуық бизнес субъектісі зардап шеккені анықталды. 1,6 млн. астам адам ақысыз демалысқа жіберілген.

Биылғы жылдың тамыз айына 1,6 млн ЖК, заңды тұлға мен шаруа қожалықтары тіркелген, олардың 1,3 млн-нан астамы жұмыс істейді.

ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі - 29%, жұмыспен қамту - 3,3 млн. адам. Бұл жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 1/3 (38%) астамы. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша, ЭҚЖЖ сәйкес, 430 мыңнан астам бизнес субъектілері өз қызметін тоқтатты. Бұл қызмет көрсету, бөлшек сауда, жылжымайтын мүлік, көлік және басқалары. Спорттық, отбасылық және салтанатты іс-шараларға, ойын-сауық мекемелеріне және басқаларға салынған тыйым әлі күнге дейін алынған жоқ.

19 қазанда ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысында осы жылдың 26 қазанынан бастап қашықтық пен маска режимін сақтай отырып, кинотеатрлар адам саны 30%-дан аспайтын жағдайда жұмысын қайта бастайды деген шешім қабылданды. Мемлекеттік қолдаудың тиімді шараларына келетін болсақ, бұл салық төлеу, несиелік міндеттемелер, үй-жайларды жалдау, банкроттық, бизнесті тексеру және т. б. бойынша демалыс беру болып табылады.

Берілген көмек үшін айтар алғысымыз шексіз

Үкімет біздің ұсыныстарымызды қолдады және бизнес-қауымдастық бұл үшін үлкен алғыс білдіреді.

Мысалы, ЕТҚ-дан төленетін салықтар мен төлемдерден босатуды (2020 жылғы 1 қазанға дейін) 700 мыңға жуық кәсіпкер (29 сала үшін) пайдаланды. Туризм, қоғамдық тамақтану, қонақ үй бизнесі, сондай-ақ ірі сауда объектілері, сауда-ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар мен спорт кешендері мүлік салығын төлеуден босатылды.

18 200-ге жуық ШОБ субъектілеріне ШОБ несиелері бойынша төлемдерді 222,4 млрд теңгеге кейінге қалдыру ұсынылды.

86,6 млрд теңгені қайта қаржыландырудың 3 100-ден астам рәсімі мақұлданды.

Шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша жылдық 8%-бен 387 млрд теңгеге 3 300-ге жуық қарыз берілді.

 

Қосымша шаралар

- Кәсіпкерлерге карантиндік шектеулер жағдайында бизнесті сақтап қалуға нақты көмектескен және әлі де көмегін тигізіп жатқан жаңа жеңілдіктер мен преференциялар туралы айтып өтсеңіз?

- Қазір қосымша қолдау шаралары пысықталуда. Атап айтқанда, ШОБ субъектілері үшін салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша (01.01.2021 ж.дейін), сондай-ақ оларды төлеу бойынша бөліп төлеудің оңайлатылған форматын қайта кейінге қалдыруды енгізу қажет деп санаймыз. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру кезінде ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жер салығына берілетін жеңілдіктерді тарату қажет.

Сондай-ақ еңбекақы төлеу қоры бойынша босатудың қолданылу мерзімін ұзартып, қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту қажет деп санаймын. Сонымен қатар, карантин кезеңінде қызметі шектеулі кәсіпорындардың және басқалардың коммуналдық қызметтеріне ақы төлеу үшін өтемақы талап етіледі. Пандемия зардаптары мен жалғасып жатқан карантиндік шараларды ескере отырып, экономиканың зардап шеккен салаларын қалпына келтіру ұзақ уақытты алады.

Арнайы құрылған Мемлекеттік комиссия шеңберінде ұсыныстар әзірлеу бойынша (экономикалық өсуді қалпына келтіру бойынша) белсенді жұмыс жүргізілуде.

 

Мемлекет халық үніне құлақ асады

-Бизнес-қауымдастықтың қандай бастамалары үкіметтік деңгейде тыңдалды? Бұл қазақстандық кәсіпкерліктің жағдайына қалай әсер етті?

Аталған мемлекеттік қолдау шараларының барлығына бизнес-қауымдастық бастамашылық етті. Мемлекет халық үніне құлақ асады.

Тағы бір мысал – ТЖ режимі мен карантиндік шараларды бұзғаны үшін жаппай айыппұл салуды төмендету. Кәсіпкерлер маскалар мен кілемшелердің жоқтығы үшін қамауға алынған жағдайлар да орын алды.

Жоғарғы Сотпен, Ішкі істер министрлігімен, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, формальды және елеусіз бұзушылықтар үшін қолданылатын жазалау санкцияларын төмендету тәсілдері әзірленді.

Сондай-ақ, коммуналдық қызметтер үшін ақы төлеуді кейінге қалдыру бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді. 2 мыңнан астам кәсіпкер осындай мүмкіндікке ие болды. Мемлекеттік меншік және квазимемлекеттік сектор объектілері бойынша жалдау төлемдерін есептеу тоқтатылды. 12 мыңнан астам жеке жалға берушілер жалға алушыларға көмек қолын созды (жалдау ақысын төмендету, кейінге қалдыру).

- Бүгінде пандемияның жаңа толқыны күтіліп отырған кезеңде кәсіпкерлер Сізге қандай өтінішпен жүгінеді?

- Егер жалпы бизнестің дамуы туралы айтатын болсақ, жағдай, әрине, өте күрделі. Көптеген салаларға шамадан тыс үлкен жүктеме түскендіктен, олар біраз уақытқа өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл кәсіпорындардың бір бөлігінің енді қалпына келуі екіталай. Қызмет көрсету саласы, ойын-сауық индустриясы, той-бизнесіне түскен жүктеме айтарлықтай болды, аталған салаларды қалпына келтіру үшін бірнеше жыл қажет.

3 шілдеден бастап Ұлттық палата сауалнамасы толықтырылды, бизнестен карантиннің әсері жайлы сұрастырдық. Біз 55 мыңнан астам кәсіпкерге сауалнама жүргіздік, олардың 10%-ы бизнесті жабу және қызметкерлерді қысқарту ықтималдығының жоғары екенін атап өтті. Қоғамдық тамақтану (15%), ойын-сауық және демалыс (14%), туризм (13%), білім беру (11%) салаларында жабылу қаупі жоғары. Кәсіпкерлердің 23%-ы мүлде пайда түспегенін алға тартты. Ойын-сауық және демалыс (30%), қоғамдық тамақтану (29%), білім беру (28%), халыққа қызмет көрсету (25%) саласындағы бизнестің жағдайы тіптен қиын.

 

НАҚТЫ ЖҰМЫС

Біз наурыз айынан қыркүйек айына дейін бизнестің қандай жағдайға тап болғанын анықтап алуымыз керек. Екінші толқынның соққысы күшті және ауыр болуы мүмкін. Карантин кезеңінде азын-аулақ қорын «ішіп-жеп» қойған бизнес жабылуы әбден мүмкін. Мейрамханалар, кинотеатрлар, салтанатты іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі кәсіпорындар сияқты бизнестің 50 пайызына дейін жабылуы мүмкін.

Локдаунды қайта енгізген жағдайда Үкіметтің түбегейлі қолдау шараларын іске асыру үшін елеулі ресурстары жоқ екені анық. Қазір наурыз айымен салыстырғанда нақты жұмыстар жүргізілуі тиіс, ең алдымен, салалық ерекшеліктерді ескеру қажет. Яғни, әр саланың ерекшелігін, салалық талаптарын және кәсіпорындардың жабылуына әкелуі мүмкін тәуекелдерді ескеру қажет.

Бұл шектеу шараларына да, "нақты" қолдау шараларына да қатысты. Көмек оған шынымен мұқтаж болғандарға - ең көп зардап шеккен кәсіпорындарға көрсетілуі керек.

Біз Үкіметке өз ұсыныстарымызды жібердік. Ұсыныстарымыз қабылданады деген үміттеміз.

- Сізге, бизнес-омбудсмен ретінде кәсіпкерлер өз құқықтарын қорғауды сұрап жиі жүгіне ме?

- Егер бизнесмендердің құқықтары мен заңды мүдделерін тікелей қорғау туралы айтатын болсақ, 2016 жылдан бастап бизнес-омбудсмен институты 25 мыңнан астам өтінішті қарады, олардың бірде-біреуі назардан тыс қалмады және тұрақты бақылауда болды. Оның ішінде 2020 жылдың 8 айында ғана 3 378 өтініш түсті. Бизнес проблемаларының 70%-дан астамы өңірлік деңгейде шешілді. Өткен жылдан бастап кәсіпкерліктің өңірлік проблемалары мен оларды шешу жолдары көрініс табатын облыс әкімдерімен Жол карталарына қол қою тәжірибесі енгізілді.

Жуырда ғана Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен және облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровпен Жол картасына қол қойдық. Облыс әкімдігімен және прокуратурасымен бірлесіп, кәсіпкерлерді қолдау және қорғау үшін аталған құжаттың әрбір тармағын орындау бойынша барлық шаралар қабылданатынын ерекше атап өткім келеді.

- Отандық бизнеске коронавирус тудырған дағдарыстан аман-есен шығу үшін қандай кеңес берер едіңіз?

- Біз адал бизнесті қорғайтынымызды атап өткім келеді. Санитарлық талаптарды сақтау - бұл әр адамның және бизнес субъектісінің міндеті.

Біз кәсіпкерлерді азаматтардың денсаулығын сақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға шақырамыз. Бизнеске заңсыз араласқаны үшін лауазымды адамдардың жауапкершілігі күшейтілетін болады.

Өткен жылы Мемлекет басшысы өз Жолдауында кәсіпкерлерді рейдерліктен және құқық қорғау және бақылаушы органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғауды күшейтуді тапсырды.

Бас прокуратурамен, басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, ҚК және ӘҚБтК-не заңнамалық түзетулер әзірленді. ҚК-нің рейдерлік (249-Б.), кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру (365-Б.) жөніндегі баптары түбегейлі қайта қаралды. Рейдерлікке басқа біреудің бизнесін басып алудың кез келген заңсыз тәсілдерін жатқызу ұсынылды.

Бизнеске заңсыз араласу бойынша пайдакүнемдік мақсатты алып тастау, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттерінің тәсілдерін нақтылау ұсынылды, ӘҚБтК-ге түзетулер бөлігінде мемлекеттік бақылау саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілік бойынша ескіру мерзімін бір жылға дейін ұлғайту жоспарлануда (175, 175-1-Б).

Жағдай күн сайын өзгеруде. Ең бастысы - тәртіп пен байсалды көзқарас. Онлайн бағытты дамыту қажет. Егер сыртқы нарықтың ауқымы тарылса, онда ішкі нарықтарға назар аударып, бүгінгі жағдайға бейімделген жөн.

 

Татьяна КАЗАНЦЕВА, Нұр-Сұлтан

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Жүрсінов Р.М.

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі