Жаңалықтар

06.08.2020

Тасымалдаушылар шығынға батуда

589

 

«Казахстанская правда»

Соңғы айлардағы көлік саласының шығыны 350 млрд теңгеден асты, бұл ретте жолаушылар тасымалы секторына өте ауыр тиді.

Жаңа локдаун автобус тасымалының жолын байлады, авиаторлар өз жұмысын бастап та үлгермеді, ал теміржол көлігінің пайда табу жөніндегі үміті ақталмады. Жалпы алғанда аталмыш салада тек жүк тасымалының жағдайы бірқалыпты тәрізді. Ал жолаушылар тасымалының жағдайы тіптен қиын…

2020 жылғы қаңтар-маусымда елдегі жалпы жүк айналымы өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда оншалықты төмендей қойған жоқ (-3,4%), 276,586 млрд тонна-километрді (т/км) құрады. Тиісінше, көлік және қоймалау саласында жұмыс істейтін компаниялардың кірістері төмендеді. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша олар 1,35 трлн теңгені құрады, ал өткен жылдың ұқсас кезеңінде көлік қызметкерлері 1,44 трлн теңгеден астам табыс тапқан болатын.

Бүгінгі таңда жүк тасымалының ең үлкен көлемі автомобиль және қалалық электр көлігіне тиесілі: 1,4 млрд тонна немесе 81,3%. Сонымен қатар, Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректеріне сәйкес темір жол көлігі жүк тасымалының саны да, көлемі де (+4,2%) айтарлықтай ұлғайған.

Сондай-ақ, құбыржолдардың жүк айналымы 6,3%-ға, теңіз көлігінің жүк айналымы 10,5%-ға қысқарды. Ең көп зардап шеккен  әуе тасымалы, былтырғы жылмен салыстырғанда 38,1%-ға қысқарды.

 

Субсидия бәріне бірдей берілмейді…

Автобус тасымалдарына келетін болсақ, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтың айтуынша, бұл сала бүгінде өте қиын жағдайда.

- Тасымалдаушылардың айтуынша, компаниялардың банкротқа ұшыруына басты себеп - карантин кезеңінде енгізілген шектеулер мен тиісті субсидиялау көлемінің болмауы, - дейді ол.

Қаржы тапшылығына байланысты бір айдан астам уақыт бұрын ірі автобус парктерінің бірі жабылды. Бұл туралы 29 маусымда компания Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында ресми түрде хабарлады.

Жолаушылар көлігі саласындағы ағымдағы жағдай жақында "Қазақстанның автомобиль конвенті" ЗТБ ұйымдастырған zoom-конференцияның басты тақырыбына айналды. Конференция барысында қауымдастық басшысы Марат Берқалиев бизнес-омбудсменнен саланың өзекті мәселелерін ел Президентіне жеткізуін өтінді.

– Субсидиялаудың өңірлер бойынша біркелкі бөлінбейтіндігіне, ал кейбір өңірлерде субсидия тіпті көзделмегендігіне қатысты мен тасымалдаушылармен келісемін, - дейді Рустам Жүрсінов.

Сонымен қатар, салалық министрліктің ақпараты бойынша, субсидия көлемі 2017 жылы 1,7 млрд-тан 2019 жылы 36,9 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Айтпақшы, дәл осы жылдары автобус тасымалын дамыту бойынша 2018-2020 жылдарға арналған кешенді бағдарлама қабылданды. Осыған қарамастан, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарының әкімдіктері субсидия бөлу мәселесін қарастырмаған.

- Жергілікті атқарушы органдар негізінен мемлекет қатысатын 8 автобус паркін, оның ішінде МЖӘ жобаларын қолдайды, осы жобалар аясында жергілікті бюджет есебінен жаңа автобустар сатып алынды. Оларға субсидия бөлініп, тиімді бағыттар ұсынылады, бұл жосықсыз бәсекелестікке және нарықтан жеке тасымалдаушыларды ығыстыруға әкеледі, – деп түсіндірді бизнес-омбудсмен.

Қазақстан автокөлік одағының бас директоры Сәбит Аманбаев та өңірлерде мемлекеттік кәсіпорындар жедел қарқынмен дамып жатқанын, ал жеке компаниялар көбіне шығынға ұшырап отырғанын атап өтті.

- Қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы қалалық жолаушылар тасымалы саласында тәртіп орнатуды тапсырды және жауапты орындаушыларға 2 ай уақыт берді, – дейді ол. - Өкінішке орай, елдегі эпидемиологиялық жағдай бұған кедергі келтірді және жеке тасымалдаушылардың жағдайын одан әрі ушықтырды.

Президенттің тапсырмасы аясында мемлекеттік органдардың, Ұлттық палатаның, отандық бизнестің және ҚР ИИДМ қатысуымен кеңестер өтті. Автомобиль тасымалдарын дамыту бойынша жүйелі шаралардың жаңа кешені әзірленді, министрліктің хабарлауынша аталмыш шаралар кешені жаздың соңына дейін бекітілуі тиіс.

- Сонымен қатар, төтенше жағдай мен карантинді ұзарту жағдайында қоғамдық көлікті сауықтырудың түбегейлі мәселелері әлі шешілген жоқ. Жұмыс орындарын жоғалту қаупі басым болып тұр, атап айтқанда 100 мың адам: жүргізушілер, кондукторлар және басқа да мамандар жұмыссыз қалуы мүмкін, – деп атап өтті Рустам Жүрсінов. - Қалыптасқан жағдайда мемлекет қолданыстағы жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша шаралар қабылдауда. Автобус тасымалы саласына келетін болсақ, ол республикалық бюджеттен мақсатты трансферттерге өте мұқтаж.

Салалық министрліктің алдын ала бағалауы бойынша, 2020 жылы жоспарланған жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен берілетін субсидияларға (53,2 млрд теңге) қосымша шамамен 70 млрд теңге талап етіледі, бұл жылжымалы құрамды жаңартуға және тасымалдау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, тасымалдаушылардың шығындары субсидияланбайтын өңірлердегі автобус парктерінің жағдайы өте нашар. Негізгі қордың таусылуы жолаушылар тасымалын тоқтатуға, яғни жұмыс орындарын жоғалтуға әкеледі.

 

Әкімдіктер заңды бұзып отыр

- Кейбір әкімдіктер коммуналдық кәсіпорындарды МЖӘ жобалары ретінде қолдауды жалғастырып отырғандығы құпия емес. Іс жүзінде олар квазимемлекеттік секторды қаржыландырып, оларды нығайтып отыр. Жалпы, бұл аталған тауар нарығындағы бәсекелестікті барынша шектейді, - деген пікірде бизнес-омбудсмен.

Оның айтуынша, әкімдіктер өткен жылдың шілде айында қабылданған квазимемлекеттік сектордың жаңа субъектілерін құруға мораторий енгізу туралы Ел Президентінің Жарлығын елемейді де. Мемлекет қатысатын компаниялардың құрылуын шектейтін нақты ережелерді енгізу нені білдіреді.

- Әкімдіктер Мемлекет басшысының Жарлығын айналып өтіп, өңірлерде үлесі аз болса да (49%) мемлекет қатысатын автобус кәсіпорындарын құруын жалғастыруда, – деп хабарлады Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.

Ол мысал ретінде Шығыс Қазақстан облысындағы МЖӘ жобасын атады, онда 2019 жылы әкімдіктің қолдауымен басқа жеке тасымалдаушыларды нарықтан ығыстырған Semey bus автобус паркі құрылды. "ҚДБ-Лизинг" АҚ арқылы автопарк лизингке 170 жаңа автобус сатып алып, жолаушыларды электронды билеттеуді енгізді.

- Қазір қоғамдық көліктің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қалған коммуналдық парктердің тағдырына қатысты дұрыс шешім қабылдау маңызды. Барлық мәселе тасымалдауды дамыту бойынша кешенді жоспар аясында пысықталатын болады, - дейді Рустам Жүрсінов.

 

Салық ауыртпалығын жеңілдету

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік маңызы бар бағыттар мен маршруттарға қызмет көрсететін жолаушылар тасымалы алдағы 3 жылға ҚҚС төлеуден босатылады. Тиісті заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.

Халықаралық автобус тасымалы саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін тағы бір жақсы жаңалық бар: мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары аясында оларға несие бойынша кейінге қалдыруды ұзарту немесе мемлекеттік бағдарламалардың жеңілдікті шарттары бойынша бар қарызды қайта қаржыландыру мүмкіндігі берілді.

Ол үшін тасымалдаушылар тиісті өтінішпен және қажетті құжаттармен екінші деңгейдегі банкке немесе операциялардың жекелеген түрлерімен онлайн режимінде немесе мобильді қосымшаның көмегімен айналысуға уәкілетті басқа да ұйымдарға жүгінсе жеткілікті.

Бүгінде "Атамекен" Ұлттық палатасы ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп тұрақты қалалық, қала маңындағы, қалааралық, облысаралық және халықаралық жолаушылар автомобиль тасымалын жүзеге асыратын ұйымдардың, сондай-ақ автостанциялар мен вокзалдардың жұмысын іске қосу алгоритмін әзірлеп жатыр.

 

Логистиканы дамыту

Қазіргі уақытта елімізде 21 көлік-логистикалық орталық жұмыс істейді, олардың санын одан әрі ұлғайту жоспарланып отыр. Мысалы, Алматы облысында - 6, Нұр-Сұлтанда – 5, Ақтөбе облысында – 4, Шымкентте – 2 көлік-логистикалық орталығы жұмыс істейді. Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласында көлік-логистикалық орталығы бір-бірден. Маңғыстау өңірінде көлік-логистикалық орталығы екеу.

Логистикалық орталықтардың дамыған жүйесі жеткізілім тізбегін азайтуға, тауар ағындарын оңтайландыруға және олардың жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Орта мерзімді перспективада елордада, Шымкентте, Ақтауда, Ақтөбеде, Атырауда, Қостанайда, Оралда, Павлодарда және Өскеменде 9 көлік-логистикалық орталығын салу жоспарланған.

ҚР ИИДМ-де атап өткендей, көлік-логистикалық инфрақұрылымды кеңейту саланың проблемаларын шешуге көмектеседі.

 

Әйгілі көліктік бақылау

Бүгінгі таңда автомобиль тасымалдары саласында жүк тасымалдарын жүзеге асыратын 3,5 мың компания және паркінде 17,5 мыңнан астам автокөлік құралдары бар тұрақты автобус тасымалдарымен айналысатын 1 000 компания бар.

ҚазАТО кеңесінің мүшесі, Alem Trans Group көлік компаниясының басшысы Владимир Степченконың айтуынша, халықаралық автомобиль тасымалы нарығында шешілмеген мәселелер көп. Ең басты мәселе - бюрократиялық кедергілер мен сыбайлас жемқорлыққа байланысты көліктік бақылаудың жоқтығы.

- Ахуалдық орталықтың мәліметінше, ағымдағы жылдың 5 айында шетелдік тасымалдаушылар үш елден 920 рейс жүк тасымалын іске асырған, ал тасымалды іске асыруға олардың рұқсаты болмаған, – деді ол. - Бұл ретте шетелдік тасымалдаушылар ел бюджетіне бір де бір теңге аударған жоқ.

Владимир Степченко Көлік министрлігін қайта құруды ұсынды. Оның пікірінше, бұл салада тәртіп орнатудың ең жақсы тәсілі, ал министрлікті қайта құру мүмкін болмаған жағдайда, ведомство құрылымында автомобиль тасымалы департаментін құру туралы мәселені қарастыруды ұсынады.

 

Светлана Абенова    

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Жүрсінов Р.М.

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі