Жаңалықтар

29.05.2020

Банктер дағдарыс дауылына қарсы тұра ала ма?

387

Пандемия мен мұнай бағасының құлдырауы нарыққа әсер еткенде банктердің күйі не болады.

Банк секторы коронавирустың алғашқы соққысын сезінді, Қазақстанның банк секторы 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысының салдарын еңсеруге 10 жылдан астам уақыт жұмсаған болатын. Нарықтың тұрақтылығын растау үшін активтердің сапасын бағалау жүргізілді, ал реттеуші банктерде оншалықты проблема жоқ деп сендірді. Ұлттық банктің жақында жариялаған мәліметтеріне қарағанда, карантин мен ТЖ-ға қарамастан, банк секторына пайда табуға мүмкіндік туған тәрізді, проблемалы несиелер деңгейі 10%-ға жете қойған жоқ, сектор бойынша реттеуші дәл осы межені ұстануды талап етеді.

Келе жатқан "алапат дауыл" нарық үшін кезекті сынақ болуы да мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, пандемияның басты соққысы - мұнай бағасы мен Қазақстандағы теңге бағамының құлдырауын банктер бірден сезіне қоймайды. Рейтингтік агенттіктер қазірдің өзінде банк секторы пайдасының үш есе төмендеуін, активтер сапасының нашарлауын және кредит беру көлемінің төмендеуін болжады. Банк секторында дағдарыстың белгілері бар ма және жаңа экономикалық турбуленттілік қарсаңында қандай ойыншылар ұтысты жағдайда екенін анықтап жатырмыз.

"Ашып айтар болсақ, Қазақстанның банк жүйесі бірнеше жылдан бері ұзаққа созылған дағдарыста тұр, бұған проблемалы кредиттердің жоғары деңгейі мен шағын және орта банктердің банкроттығы, Қазақстан банктері тұрақты түрде алатын мемлекеттік көмектің елеулі көлемі дәлел бола алады. Екінші жағынан, ҚР банк секторына Covid-19 пандемиясынан болған "соққы" мен мұнай бағасының төмендеуінен болған әсерді біз тек жылдың соңына қарай көре аламыз", – деді S&P Global Ratings "Қаржы институттары" бағытының директоры Ирина Велиева. Оның айтуынша, негізгі жағымсыз әсер қарыз алушылардың төлем қабілеттілігінің нашарлауына және қосымша резервтер құру қажеттігіне байланысты болады. Банк секторының табыстылығы биылғы жылы өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендейді, ал көптеген банктер операцияларды зиянсыздық шегінде жүргізетін болады. Алайда, тұтастай алғанда, дағдарыстың жаңа айналымы келгенімен банк жүйесінде капитал мен өтімділіктің елеулі қоры бар – бұл дағдарыс тигізетін кері әсерді жеңілдетіп, банктердің көпшілігіне күрделі кезеңнен өтуге мүмкіндік беруі тиіс.

DAMU Capital Management-тің бас директоры Мұрат Қастаев Қазақстанда пандемия мен ТЖ режимі енгізілуіне байланысты туындаған дағдарыстың зардаптарын банктер II және III тоқсанда сезінеді деген пікірде. Пандемия мен ТЖ режимінің салдары қазірден-ақ сезіле бастады. "Наурыз айының қорытындысы бойынша банк секторының активтері 6,9%-ға өскен болса, сәуір айының қорытындысы бойынша өсім 4,9%-ға дейін төмендеді. Сондай-ақ, банктердің меншікті капиталы наурыз айының қорытындысы бойынша 2,4% өсімді көрсетсе, сәуір айының қорытындысы бойынша өсім іс жүзінде тоқтап, 0,3%-ды құрады. Сектордың табысы әлі де төмендей қойған жоқ - сәуір айында жиынтық пайда 249 млрд теңгеден 263 млрд теңгеге дейін өсті. Төлеу мерзімі 90 күннен асқан несиелерді жеке бақылауға алған жөн, олар сәуір айында 8,94%-дан 9,41%-ға дейін өсті", - деп атап өтті DAMU Capital Management басшысы.

"Астана-Инвест" инвестициялық үйінің сарапшысы Серік Қозыбаев Қазақстанда, басқа елдердегі сияқты дағдарыс банк секторына да әсер еткендігін айтып өтті. "Қарыз алушылардың төлем қабілетсіздігі тәуекелін арттыруға да ықпал етті, өйткені халықтың бір бөлігі жұмыссыз қалды, бизнес табыссыз қалды, тіпті уақытша болса да банк өнімдеріне сұраныс төмендеді. Дағдарыс кезінде жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да, кредит алуды азайтты. Сондықтан, банк секторының табысы І және ІІ тоқсанда төмендеуі әбден мүмкін", – деп атап өтті ол. Дегенмен, оның пікірінше, банк секторындағы жағдай жалпы алғанда тұрақты. Екі айға ТЖ режимі енгізілгенімен, алаңдауға себеп жоқ, деп атап өтті ол. Қазір ел экономикасы "қалпына келу үстінде". Сондай-ақ, экономикадағы және банк секторындағы жағдайды жақсарту үшін қажетті шарт мұнай бағасы болып табылады, ол біртіндеп көтеріліп келеді, бірақ пандемия жарияланғанға дейінгі деңгейден әлі де алыс.

"Бүгінгі таңда нарықта кең ауқымды банк дағдарысы туындады демес едім, бірақ біз кейбір ойыншыларда белгілі бір қиындықтар болуы мүмкін екендігін жоққа шығара алмаймыз", – деп атап өтті Moody ' s агенттігінің вице-президенті – аға талдаушысы Семен Исаков. Оның пікірінше, Қазақстанның банк секторы жалпы алғанда жақсы өтімділікке ие және жеткілікті түрде капиталдандырылған. Сонымен қатар, қолдау үшін қабылданған шаралар (жеке және заңды тұлғалардың клиенттері үшін төлем жасауды кейінге қалдыру, ШОБ үшін төмендетілген ставкалар бойынша кредиттер беру) банктерге біраз уақыт береді және соққының әсерін біршама жеңілдетеді, дегенмен бұл шаралар активтердің құнсыздануын мойындау қажеттігінен арашалай алмайды.

Ирина Велиева, қабылданып жатқан қолдау шараларына қарамастан, 2020 жыл банктер үшін өте ауыр болады деп санайды. Банк секторын ұзақ мерзімді қалпына келтіру үшін ең маңыздысы - бұл Қазақстанның экономикалық өсу траекториясына қайта оралу. Сондай-ақ, Ұлттық банк пен реттеушінің банктік реттеу мен қадағалауды одан әрі жетілдіру жөніндегі қадамдары өте маңызды болмақ.

 

Қай банк тиімді жағдайда

"Дағдарысты капитал жеткіліктілігінің жақсы көрсеткіштері, табысты бизнес-моделі, несие қоржынының жақсы сапасы және қажет болған жағдайда қосымша капитал тартуға мүмкіндігі бар күшті акционерлері бар банктер табысты еңсере алады", – деп сендірді Мұрат Қастаев.

Семен Исаков капиталы жеткілікті, өтімділік деңгейі жоғары, ШОБ секторындағы кредиттердің төмен көлемі және жеке тұлғаларға кепілдікпен қамтамасыз етілмеген кредит берудің көрсеткіштері жоғары банктерге қиындықтарды жеңу оңай болады деп болжайды.

"Біз реттеуші минимумға қатысты капиталдың жеткілікті қоры бар банктер неғұрлым тиімді жағдайда деп есептейміз, себебі биылғы жылы резервтерді қалыптастыру мөлшері елеулі болуы мүмкін, негізгі капитал қоры банктің қаржылық тұрақтылығын қолдауда негізгі рөл атқара алады. Бұдан басқа, өткен жылдары кредиттік белсенділікті арттырмаған және жоғары кредиттік тәуекелдерді өзіне қабылдамаған банктер ұтады. Оларда кредиттік портфельдер жеткілікті "жетілген" және портфель сапасына тигізетін кері әсері төмен болуы мүмкін. 2018-2019 жылдары белсенді өскен банктер қазір ауқымды резервтеу қажеттілігімен бетпе-бет келіп, 2020 жылдың қорытындысы бойынша шығынды болуы мүмкін", - деп атап өтті Ирина Велиева.

Жалпы алғанда, Қазақстанның банк секторы экономикалық сын-қатерлерге алғаш рет тап болып отырған жоқ, бірақ бұл жолы сарапшылардың айтуынша, олар 2008 және 2014 жылдарға қарағанда дағдарысқа төтеп беруге дайын.

 

Ольга Фоминских

Толығырақ: https://inbusiness.kz/ru/news/ispytanie-krizisom-kakie-banki-uspeshno-preodoleyut-idealnyj-shtorm

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Жүрсінов Р.М.

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі