Жаңалықтар

17.02.2020

Қазақстандағы "қоқыс" бизнесі қашан табысты бизнеске айналады...

359

Фото: Pixabay.com / Prylarer

Еліміздегі қалдықтардың көптігіне қарамастан зауыттарда қайта өңдеу үшін шикізат жетіспейді, деп жазады Kursiv.kz.

Қазақстандағы ҚТҚ өңдеу көлемі бір жыл ішінде 3%-ға ұлғайды және қазір жинау көлемінің 14%-ын құрайды. Елдің жасыл экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдама 2030 жылға қарай бұл көрсеткіштің 40%-ға дейін өсуін қарастырып отыр.

Швецияда қоқыс жоқ – бұл ел өз қалдықтарының 99%-ын өңдейді. Германия қатты тұрмыстық қалдықтардың (ҚТҚ) 64%-ын 50 млрд еуроны құрайтын жыл сайынғы табысқа айналдырады. Жапонияда нығыздалған қоқыстан аралдар салып жатыр. Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу көлемі жинау көлемінің 14%-ын құрайды, еліміздегі ҚТҚ-ның 20-дан астам полигоны толы, ал қазақстандық өңдеуші кәсіпкерлер әзірше тиімді бизнес-модельді іздестірумен ғана айналысып жатқан тәрізді. ҚТҚ қайта өңдеу және кәдеге жарату жүйесі республикада қалай жұмыс істейтіні туралы "Курсивтің" материалында.

 

Елімізде қанша қоқыс бар

Қазақстанда, Экология министрлігінің мәліметінше, 125 млн тонна қалдық жиналған, бірақ сұрыптау пункттері тек 40%-ға ғана жүктелген. Қайта өңдеуші кәсіпорындар көбірек шикізат қабылдауға дайын, бірақ бұл үшін ҚТҚ бөлек жинау жүйесінен өтуі тиіс, ол қазір Қазақстанда іске асырылып жатқан жоқ.

Статистика комитеті ұсынған ақпарат: 2018 жылы арнайы кәсіпорындар 3,6 млн. тонна коммуналдық қалдық жинады. Оның ішінде сұрыптауға тек 17% – 622 мың тоннасы ғана түсті және тек 164 мың тонна қайта өңдеуге жарамды болды. Қоқыс тастайтын жерге шығарылған қалдықтардың тек 4%-ы ғана қайталама шикізат ретінде пайдаланылды. 

ҚР Экология министрлігі жағымды сандарды көрсетеді. Салалық ведомствоның есептеуінше, 2016 жылы сұрыпталған және қайта өңделген ҚТҚ үлесі 2%, 2017 жылы – 9%, 2018 жылы – 11% құрады. 2019 жылы сұрыптау желілері мен қайта өңдеу компаниялары арқылы өткен қалдықтардың үлесі 14%-ға дейін өсті.

"Қазақстанда қайталама шикізатты қайта өңдеу пайызын есептеудің бекітілген әдістемесі жоқ. Сондықтан ешкім нақты қанша қалдық өңделетіндігін дөп басып айта алмайды. Статистика органдарында қоқыс шығаратын ұйымдар ғана есеп береді. Барлық қайта өңдеушілер қалдық бойынша статистикалық есеп нысандарын толтырмайды. Сонымен қатар, Қазақстанда жиналып, Ресейге және басқа елдерге экспортталып жатқан қайталама шикізаттың көлемі ескерілмейді", – деп қазақстандық KazWaste қалдықтарды басқару қауымдастығының атқарушы директоры Вера Мұстафина түрлі ведомстволардың көрсеткіштеріндегі айырмашылықтың себебін түсіндірді.

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің деректері бойынша, өңірлік бөліністе өңдеу бойынша көшбасшы Маңғыстау облысы болып табылады, онда ҚТҚ-ның 33%-ы өңделеді. Ал Алматы (23%), Қарағанды (17%) облыстары мен Шымкент қаласы (22%) экологиялық трендтерге сәйкестенуге тырысады. Ең төмен өңдеу үлесі - ШҚО (3%), Ақмола (3%) және Жамбыл (8%) облыстарында.

 

Бірінші буынның позициясы әлсіз

ҚТҚ жинау, шығару, сұрыптау және бастапқы өңдеу кәсіпорындары – бұл барлық қоқыс саласының бірінші буыны. Экология министрлігінің бағалауы бойынша, еліміздегі мұндай компаниялардың саны - 210. KazWaste басшысының айтуынша, олар қазір қиын жағдайда, көбіне оларға шикізат жетіспейді. Бұл компаниялар қағаз, картон, сұрыпталған қоқыстың пластикалық түрлерін белсенді түрде қайта өңдей алады, олардың рециклингі бір жағынан қарапайымдау болса, екінші жағынан барынша тиімді. Бірақ дәл осы қағаз, картон және пластик көбінесе көршілес елдерге қайта өңдеуге шығарылады. Бұған ел ішіндегі елеулі логистикалық шығындар (көршілерге шығару оңай, әрі тиімді) мен шет елдерде шикізаттың осындай түрі қымбат болуы ықпал етеді. Сонымен қатар, Вера Мустафина былай дейді: екінші шикізатты сату Қазақстанда да, басқа елде де салықтан жалтару үшін қолма-қол төлем арқылы жүргізіліп жатқандықтан ҚТҚ-ның заңсыз трафигі де бар.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұловтың пікірінше, Қазақстанда ҚТҚ өңдеу көлемі қолданыстағы төмен тарифтерге байланысты өспей отыр, олар тек қалдықтарды жинау, шығару және көму шығындарын қамтиды. Қалдықтарды басқару жөніндегі Қазақстандық қауымдастық та осы қорытындымен келіседі.

"Тарифтің тым төмен болуы бизнестің тіпті нөлдік табыстылығын да қамтамасыз етпейді. Алматы мен Нұр-сұлтан қалаларының кейбір компанияларын қоспағанда, барлық компаниялар дерлік жұмыс барысында шығынға батып жатыр немесе бұл бизнесті өндірістің басқа түрлерінің есебінен дотациялайды. Тарифке инвестициялық құрам кірмейді. Қоқыс тасығыштарды, сұрыптауға немесе қайта өңдеуге арналған жабдықтарды осы қаражат есебінен сатып алу мүмкін емес. Сондықтан бұл қамалды бұзу өте қиын – қалдықтарды жинау мен шығару тарифтерін арттыру қажет және халықты қалдықтарды түр-түрге бөліп бөлек жинауға шақыру керек", – дейді қауымдастықтың атқарушы директоры.

Еліміздің көптеген облыс орталықтарында қоқыс шығару тарифінің мөлшері 94-тен 230 теңгеге дейін ауытқиды (коммуналдық төлемдердің осы түрі тиісінше 553 теңгеге және 390-411 теңгеге тең Алматы мен Нұр-Сұлтаннан басқа). Вера Мұстафина, халықаралық сараптаманың мәліметтеріне сүйене отырып, компанияның қалдықтарды жинау, шығару және сұрыптау шығындарын жабуы үшін тариф мөлшері жан басына шаққандағы табыстың 0,8–1% деңгейінде болуы тиіс дейді, ал бұл шамамен 500 теңге.

 

Екінші кезең бизнесі

Сала кәсіпорындарының тағы бір санаты – қайталама шикізаттан дайын өнімді тікелей өндірушілер. Бірнеше қайта өңдеу кәсіпорын сарапшыларының бағалауы бойынша, компаниялардың рентабельділігі - 15%, бұл көрсеткіш рециклингтің көлемі мен тереңдігіне тәуелді.

Мемлекет бизнесті сұрыптау және рециклинг саласын белсенді дамытуға шақырады, "Бизнестің жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасы қайта өңдеушілер үшін қолдау көрсету бойынша бірқатар шараларды қарастырады: сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, ЕДБ несиелік желілерін ашу және инфрақұрылым жүргізу. Дегенмен бұл мемлекеттік қолдау шаралары туралы қалдықтарды өңдеумен айналысатын ШОБ ұйымдарының көбі біле бермейді, деп атап өтті Вера Мұстафина.

"S.M.F.-System Тоқылмаған материалдар фабрикасы" ЖШС – Қостанай облысындағы толық циклді шағын кәсіпорын. Компания мемлекеттен сұрыптау желісі үшін жер учаскесін алды, бірақ ол несиені, тіпті жеңілдікті несиені де пайдаланбайды, өйткені маусымдық сұранысқа байланысты бизнес үшін тәуекел шамасы тым жоғары. S.M.F. – System ҚТҚ-ны сұрыптайды, пластикті өңдейді, жол құрылысына арналған полиэтилен, құбырлар мен геотекстильді шығарады. Өндірістің рентабельділігі - шамамен 4%.

"Дайын өнім алу үшін пластикті қайта өңдеу жеткіліксіз. Сондай-ақ шет елден ілеспе шикізатты сатып алу қажет. Тауардың әрбір түрі үшін өндірістік желінің жеке түрін сатып алу керек. Мұның бәрі инвестицияларды талап етеді. Сондықтан қайта өңдеу - өте қымбат процесс, мемлекеттік қолдау, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау және салық жүктемесін төмендету қажет", – дейді фабрикадағы өткізу бөлімінің басшысы Жандос Жақсыбаев.

Ірі кәсіпорындарда, мысалы, KagazyRecycling, рентабельділік шын мәнінде 12-15% дейін жетеді. Компания нарықта сұранысқа барынша ие өнімді – гофрленген картон ыдыстарын шығарады, ол қолданғаннан кейін қайта өңдеу цикліне енеді. Бұдан басқа, кәсіпорын өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері есебінен өтемақы алады, олар (импорттаушылармен бірге) бірнеше жыл бойы қалдықтарды жинау және кәдеге жарату үшін жарналарды төлейді. KagazyRecycling бас директоры Алмат Бөлегеновтің айтуынша, қағаз өнімдерін қайта өңдеумен тек қана терең қайта өңдеу және үлкен көлемде – жылына 50 мың тоннаға дейін айналысу тиімді.

 

Өртеу тиімді

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев термиялық кәдеге жаратудан шығатын жолды көріп отыр, басқаша айтқанда, ҚТҚ өртеу есебінен электр энергиясын өндіру. Министрліктің алдын ала есептеулері бойынша көзделген салық преференциялары – корпоративтік табыс салығын алып тастау, жер салығы ставкаларына нөлдік коэффициенттерді қолдану (ҚР Салық кодексінің 80-тарауында көрсетілген) және басқаларының арқасында бизнес рентабельді болуы тиіс. Енді Қазақстан шетелдік инвесторлар осы салаға қызығушылық танытады деп сеніп отыр.

"Мемлекет қоқыс өртейтін зауыттарға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Біз өртеуге қарсы емеспіз, дегенмен басқа салалар назардан тыс қалып қояды ғой. Қайталама шикізаттан жаңа өнім шығаратын, өңірлерде жұмыс орындарын құратын, салықты дұрыс төлейтін кәсіпорындарға да мемлекеттік қолдау көрсеткен жөн шығар", – деп атап өтті қалдықтарды басқару жөніндегі Қазақстандық қауымдастықтың басшысы Вера Мұстафина.

2030 жылға қарай Қазақстан ҚТҚ өңдеу үлесін 40%-ға дейін ұлғайтпақ. Қазір Экология министрлігі қалдықтарды басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның тұжырымдамасын әзірлеп жатыр, тұжырымдама проблемаға қатысты жүйелі көзқарас пен оны шешудің тиімді қаржылық моделін ұсынуы тиіс.

Ирина Осипова

Толығырақ:  https://kursiv.kz/news/biznes/2020-02/kogda-musornyy-biznes-v-kazakhstane-stanet-po-nastoyaschemu-dokhodnym

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Жүрсінов Р.М.

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі