Халықаралық жаңалықтар

12.11.2018

ҚР Президенті Каспий маңы елдері үшін визалық және көші-қон режимдерін жеңілдетуді ұсынды

744

Фото ҚР Президентінің баспасөз қызметінен алынды

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының XV форумына қатысты, деп хабарлайды Kazpravda.kz Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Туризм дамуының жаңа тәсілдері мен үрдістеріне арналған форумның жұмысына өңірлер мен облыстардың басшылары, екі елдің салалық мемлекеттік органдары мен іскер топтарының өкілдері қатысты.

Іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Елбасы Форум өзін тиімді мемлекетаралық алаң ретінде танытқанын атап өтті.

«Форум жұмыс атқарып жатқан уақыт аралығында екі елдің саяси-экономикалық өзара іс-қимылының маңызды институтына айналды. Бұл формат посткеңестік кеңістікте айтарлықтай үлгі болды. Өткізілген форумдар аясында біз 200-ден астам келісім-шарттар мен келісімдер қабылдадық. Бұл құжаттарды жүзеге асыру тек өңірлерге ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Ресей экономикасының тұтас салаларына да айтарлықтай серпін береді», – деп, мәлімдеді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясы Қазақстанның стратегиялық одақтасы мен маңызды сауда-экономикалық әріптесі болып табылатынын атап өтті.

«Ағымдағы жылдың 8 айында екі ел арасындағы тауар айналымы 11 миллиард доллардан асты, жыл соңына қарай ол 18 миллиард долларды құрауы мүмкін. Өзара саудада өңделген тауарлардың үлесі 82%-ға жетіп, әлі де өсіп жатқандығы қуантады. Ресей өңделген өнімнің қазақстандық экспорты үшін ірі нарық болып табылады», – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті сондай-ақ мұнай-газ саласындағы, тау-кен металлургия және агроөнеркәсіп кешеніндегі, химия өнеркәсібіндегі және басқа да секторлардағы инвестициялық ынтымақтастықтың нәтижелеріне тоқталды.

Жаһандық экономикадағы туризм саласының маңыздылығын атай отырып, Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің туристік әлеуетін тиімді пайдалану және оны одан әрі дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттілігіне назар аударды.

«Бүгінгі Форум өте маңызды және өзекті мәселе – біздің елдерімізде туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістеріне арналған. Туризм жаһандық экономикалық дағдарыс кезеңінде де экономиканың өсу құралы болып табылады. Қазақстан мен Ресей осы процестерден тыс қалмауы тиіс. Бізге ашылып жатқан мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет», - деп атап өтті Елбасы.

Қазақстан Президенті сондай-ақ қатысушыларды ҚР-да туристердің келу ағынын ұлғайтуға және 60 мыңнан астам жұмыс орнын құруға бағытталған туризмді дамытудың бес жылдық мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу барысы туралы хабардар етті.

«Екіжақты туризмді дамыту сияқты ынтымақтастықтың маңызды бағытына жеке тоқталғым келеді. Ресейде де, Қазақстанда да демалыс өткізуге болатын көптеген тартымды орындар бар және көруге тұратын жерлер де жеткілікті. Мысалы, ресейліктер, әсіресе елдің батыс сібір бөлігінің тұрғындары жазда біздің Бурабайда, Балқаш және Алакөл көлдеріне, қыста Алматыдағы Шымбұлақ тау шаңғысы курортына және басқа да орындарға демалуға барады», – деп, атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы сондай-ақ екіжақты туризмді дамыту саласындағы бірқатар мәселелерді атап өтті, оларды шешу уәкілетті органдардың қатысуын талап етеді. Олардың ішінде шекаралық өткелдерді туристерге жайлы, ыңғайлы ету мақсатында жаңғырту; туристік және көліктік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру; Каспийдегі туризмді бірлескен күш-жігермен дамыту; ғарыштық туризмнің қалыптасуына жәрдемдесу және т.б.

Қазақстан Президенті осы Форум екіжақты өңіраралық іскерлік қатынастарға жаңа серпін беретініне, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының жаңа көкжиегін ашатынына сенім білдірді.

Форумда айтылған барлық баяндамалар мен пікірлерді түйіндей келе, Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президентіне екі елдің үкіметтеріне туристік ағындарды ұлғайту мақсатында екі елдің аймақтарын байланыстыратын автомобиль, темір жол және авиациялық қатынастарды дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды.

«Туристердің шекаралық бақылаудан барынша қолайлы өтуі үшін барлық жағдайды жасау қажет. Қазақстан-ресей шекарасындағы өткізу пункттерінің инфрақұрылымы және оларды техникалық жарақтандыру адамдар мен көлік құралдарын өткізу қарқындылығына сәйкес келмейді. Осыған байланысты екі ел үкіметіне осы мәселелерді бірлесіп шешу маңызды», – деді Елбасы.

Бұдан басқа, Қазақстан Президенті визалық және көші-қон режимдерін оңайлатып, көрші елдермен Каспий теңізіндегі туризм бойынша ынтымақтастық архитектурасын құруды, сондай-ақ медициналық және білім туризмін дамыту жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды.

«Байқоңыр ғарыш айлағының әлемдік тарихындағы бірегей ұшыру алаңдарында бірлескен күш-жігермен ғарыш туризмін дамыту қажет. Осы мәселелердің кейбірі туризмді дамытуға жауапты министрлермен келесі жылға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына енгізілді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөз соңында «Астана» Халықаралық қаржы орталығын іске қосу жөніндегі жұмыстың нәтижелерін айта келе, Елбасы бизнес-қауымдастықтарды АХҚО мен оның базасында құрылған қаржы институттарының жұмысына белсенді қатысуға шақырды.

Форум қорытындысы бойынша келесі құжаттарға қол қойылды:

- Қазақстан мен Ресейдің 2019-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары;

- ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары және перспективалы өңірлік бастамалардың тізбесі;

– ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен РФ Экономикалық даму министрлігі арасындағы «Қазақстан-Ресей» шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасын дайындау және іске асыру ниеті туралы меморандум;

– ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен РФ Экономикалық даму министрлігі арасындағы Туризм саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;

- 1994 жылғы 10 желтоқсандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттама;

- 2006 жылғы 3 қазандағы ҚР және РФ шекара маңындағы аумақтардың тұрғындарының қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама.

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Жүрсінов Р.М.

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі