Бизнес-омбудсменнің хаттары

20.07.2026

ҚР Бас Прокурорына «Qazaq Refinery» бойынша өтінішке байланысты (20.07.2026 ж.)

Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
Б.Н. Асыловқа 

Құрметті Берік Ноғайұлы! 

Менің атыма «Qazaq Refinery» Қазақстанның тәуелсіз мұнай өңдеу және мұнай-химия компаниялары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінен отандық шағын қуатты мұнай өңдеу кәсіпорындары өндірген мұнай өнімдерін экспорттауға қойылған шектеулер мәселесі бойынша өтініш келіп түсті.

Өтінішке сәйкес, 2026 жылғы 8 шілдеден бастап «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің 2026 жылғы 7 шілдедегі тапсырмасын орындау үшін экспортқа арналған жекелеген мұнай өнімдерін тасымалдауға қабылдауға шектеулер енгізген. Бұл ретте өтініш берушілер аталған шектеулер негізінен тәуелсіз шағын қуатты мұнай өңдеу кәсіпорындарына қолданылып отырғанын, ал бірқатар өзге өндірушілерге қатысты ерекшеліктер көзделгенін көрсетеді.

Қауымдастықтың ақпараты бойынша, аталған шараларды іске асыру қолданыстағы экспорттық келісімшарттарды орындаудың мүмкін еместігіне, кәсіпорындардың резервуарлық қуаттарының толып кетуіне, үздіксіз технологиялық процестерді тоқтату, халықаралық міндеттемелер бойынша айыппұл санкцияларын қолдану тәуекелдерінің туындауына әкеледі, сондай-ақ халықты жұмыспен қамту, бюджетке түсетін түсімдер және инвестициялық ахуал үшін теріс салдарға әкелуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 4-тармағына сәйкес, әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар. Аталған конституциялық құқықты іске асыру Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 3 және 5-баптарында бекітілген заңдылық, кәсіпкерлік еркіндігі, кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігі, мемлекеттік реттеудің ашықтығы және мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуына жол бермеу қағидаттарын сақтау арқылы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, Кәсіпкерлік кодексінде заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіргені және кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылық көзделген.

Сонымен қатар, Қауымдастықтың өтінішінде келтірілген дәлелдер кешенді құқықтық бағалауды, оның ішінде заңнамада белгіленген шектеу шараларын енгізу тәртібін сақтау, оларды қолдану үшін тиісті нормативтік құқықтық негіздің болуы, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын заңнамада көзделген шешімдер қабылдау рәсімдерінің сақталуын талап етеді.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сондай-ақ, заңдылықты қамтамасыз ету, кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау және қолайлы инвестициялық ахуалды қолдау үшін қойылған мәселенің маңыздылығын назарға ала отырып «Qazaq Refinery» Қазақстанның тәуелсіз мұнай өңдеу және мұнай-химия компаниялары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің өтінішінде баяндалған дәлелдерді қарауды, көрсетілген шектеу шараларын енгізу кезінде заңнама талаптарының сақталуын тексеруді ұйымдастыруды, уәкілетті мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың өз құзыреті шегінде іс-әрекеттеріне құқықтық баға беруді, ал заңда көзделген негіздер болған кезде прокурорлық ден қоюдың тиісті шараларын қабылдауды сұраймыз.

Қазақстан кәсіпкерлерінің
құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл
Қ. Нұров

Файлды жүктеп алу:

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі