Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына «МЫРЗА-ХАН» ЖШС-нің азаматтық ісі бойынша (13.07.2026 ж.)
Қызылорда облыстық сотының
азаматтық істер жөніндегі
сот алқасына
«МЫРЗА-ХАН» ЖШС қатысуымен қаралатын
азаматтық іс бойынша құқықтық ұстаным
Құрметті сот алқасының мүшелері!
Осы азаматтық істің материалдарын, бірінші сатыдағы соттың шешімін, апелляциялық шағымның және прокурордың апелляциялық өтінішхатының уәждерін зерделей отырып, апелляциялық сатыдағы соттың назарын келесі мән-жайларға аударуды қажет деп санаймыз.
Аталған дау тек оның тікелей қатысушылары үшін ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік шарттар бойынша міндеттемелерді орындауға және адал кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғауға байланысты істер бойынша біркелкі сот практикасын қалыптастыру тұрғысынан да маңызды мәнге ие.
Кәсіпкерлік қызметті сот арқылы қорғау жария және жеке мүдделердің тиісті теңгерімін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл ретте мемлекеттік органдардың өз функцияларын тиісінше орындамауының немесе олардың бұрын жасаған әрекеттеріне кейіннен құқықтық бағасын өзгертуінің салдарынан туындаған жағымсыз салдарлардың бизнес субъектілеріне жүктелуіне жол берілмеуі қажет.
Іс материалдарынан көрініп тұрғандай, тараптар арасындағы шарт заңда белгіленген тәртіппен жасалған. «МЫРЗА-ХАН» ЖШС өзіне қабылдаған міндеттемелерді толық орындаған: медициналық қызметтер нақты көрсетілген, тапсырыс беруші тарапынан қабылданған, тиісті ақпараттық жүйелерде көрсетілген және мақсатқа сай пайдаланылған. Мемлекеттік кәсіпорын көрсетілген қызметтердің ақысын олардың көлеміне, сапасына немесе міндеттемелерді орындау тәртібіне қатысты қандай да бір ескертусіз төлеген.
Алайда шарт толық орындалғаннан кейін белгілі бір уақыт өткен соң мемлекеттік кәсіпорын прокурорлық тексерудің нәтижелеріне сүйене отырып, ақшалай қаражатты өндіріп алу туралы талап қойған. Біздің пікірімізше, мұндай құқықтық ұстаным Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының негізгі қағидаттарына қайшы келеді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабына сәйкес мемлекеттік және жеке меншік бірдей дәрежеде танылады және қорғалады. Мемлекет азаматтық айналымға қатысушылардың мүліктік құқықтарын сот арқылы тең дәрежеде қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабы әркімге кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға, сондай-ақ меншік құқығын сот арқылы қорғауға кепілдік береді.
Аталған конституциялық кепілдіктер мемлекетке азаматтық айналымның тұрақтылығын қамтамасыз ету және қалыптасқан мүліктік қатынастарға негізсіз араласуға жол бермеу міндетін жүктейді.
Осы іс бойынша шартты тиісінше орындаған кәсіпкер мемлекеттік органның кейіннен жасалған төлемдердің заңдылығына қатысты өз бағасын өзгерту тәуекелін көтеруге тиіс емес. Мұндай тәуекелдерді кәсіпкерге жүктеу құқық үстемдігі және құқықтық айқындық қағидаттарын бұзады. Аталған қағидаттар Қазақстан Республикасы конституциялық құрылысының іргелі элементтері болып табылады. Міндеттемелердің орындалу нәтижесін қабылдап, оның ақысын төлеген мемлекеттік тапсырыс берушінің әрекеттері түпкілікті болып табылады және заңда көзделген құқықтық салдарға әкеледі деп адал кәсіпкердің сенім артуына құқығы бар. Өзге тәсіл мемлекеттік органның ұстанымы өзгерген сайын орындалған кез келген мемлекеттік шартты қайта қарауға мүмкіндік береді, бұл азаматтық айналымның тұрақтылығы қағидатымен үйлеспейді.
Сонымен қатар талап қоюшының талаптары міндеттемелік құқық қағидаттарына да қайшы келеді. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің ережелеріне сәйкес міндеттемелер шарт талаптарына және заңнама талаптарына сәйкес тиісінше орындалуға тиіс. Заңда тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, міндеттемені орындаудан біржақты бас тартуға немесе оның талаптарын біржақты өзгертуге жол берілмейді. Осы шарт бойынша тараптардың міндеттемелері толық орындалған: қызметтер көрсетілген, қабылданған және ақысы төленген.
Демек, ақшалай қаражатты қайтару туралы талап заңда көзделген негіздер болған және олар жол берілетін әрі жеткілікті дәлелдемелермен расталған жағдайда ғана қойылуы мүмкін. Бұл құқықтық ұстаным Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларында баяндалған тәсілдерге сәйкес келеді. Аталған қаулыларға сәйкес азаматтық-құқықтық дауларды шешу кезінде соттар міндеттемелерді тиісінше орындау, шарттардың міндеттілігі, азаматтық айналымға қатысушылардың адалдығы және азаматтық-құқықтық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету қағидаттарын басшылыққа алуға тиіс.
Осы іс бойынша азаматтық айналымға қатысушылардың адалдық қағидаты ерекше маңызға ие.
Іс материалдарында «МЫРЗА-ХАН» ЖШС-нің адал емес әрекет еткені, өз құқықтарын теріс пайдаланғаны, жалған мәліметтер ұсынғаны немесе даулы жағдайдың туындауына өзге де түрде ықпал еткені туралы дәлелдемелер жоқ. Керісінше, кәсіпкер шарт талаптарына сәйкес өз міндеттемелерін орындаған, ал мемлекеттік тапсырыс беруші орындалған міндеттемелердің нәтижесін қабылдап, оны өз қалауынша пайдаланған. Кәсіпкердің адал еместігі дәлелденбеген жағдайда мемлекеттік тапсырыс беруші тексеру жүргізілген деген себеппен ғана өз әрекеттерінің құқықтық салдарын кейіннен өзгертуге құқылы емес.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген кепілдіктерді ескеру қажет. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің негізгі міндеттерінің бірі кәсіпкерлік қызмет еркіндігін қамтамасыз ету, кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделерін қорғау, кәсіпкердің адалдығы презумпциясы қағидатын сақтау және мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке негізсіз араласуына жол бермеу болып табылады. Кәсіпкерлік кодексі мемлекетке бизнесті жүргізудің тұрақты әрі болжамды жағдайларын қалыптастыру міндетін жүктейді.
Ал шарт толық орындалғаннан кейін мемлекеттік органның ұстанымы өзгергендіктен ғана кәсіпкерден ақшалай қаражатты өндіріп алу іс жүзінде мемлекеттік басқарудың тиісінше жүзеге асырылмау тәуекелдерін кәсіпкерге жүктеуді білдіреді. Бұл Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген кепілдіктерге қайшы келеді
Сонымен қатар дәлелдеу ауыртпалығын бөлу мәселесін де ескеру қажет. Талап қоюшы сотқа шарт талаптарының бұзылғанын, келтірілген залалдың мөлшерін, жауапкердің әрекеттері мен туындаған салдар арасындағы себептік байланысты, сондай-ақ өндіріп алу туралы мәлімделген талаптың заңдылығын растайтын жол берілетін әрі іске қатысты дәлелдемелерді ұсынуға міндетті. Прокуратура органдарының ұсынуы немесе ведомстволық тексерудің нәтижелері өздігінен азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің туындауының сөзсіз дәлелі болып табылмайды және талап қоюшыны өзі сілтеме жасаған мән-жайларды дәлелдеу міндетінен босатпайды.
Ақшалай қаражаттың заңсыз алынғанын растайтын даусыз дәлелдемелер болмаған жағдайда кәсіпкерден қаражатты өндіріп алу әділдік, адалдық және құқықтық айқындық қағидаттарына қайшы келеді.
Осы даудың тараптар арасындағы жеке даудың шеңберінен шығатынына ерекше назар аудару қажет. Мемлекеттік органның кейіннен өз әрекеттерін қайта бағалауының нәтижесінде ғана мемлекеттік шартты толық орындаған адал кәсіпкерден ақшалай қаражатты өндіріп алуға жол беретін сот практикасының қалыптасуы Қазақстан Республикасының бүкіл кәсіпкерлік қоғамдастығы үшін елеулі тәуекелдер туғызады. Мұндай практика бизнестің мемлекетке азаматтық айналымның қатысушысы ретінде деген сенімін әлсіретеді, инвестициялық ахуалды нашарлатады, шаруашылық қызметтің болжамдылығын төмендетеді және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатқа қайшы келеді.
Сондықтан осы істі қарау кезінде сот заңнаманың жекелеген нормаларын сөзбе-сөз түсіндірумен ғана шектелмей, меншік құқығын қорғау, кәсіпкерлік еркіндігі, құқық үстемдігі, құқықтық айқындық, азаматтық айналымға қатысушылардың адалдығы, шарттардың міндеттілігі және азаматтық-құқықтық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету сияқты конституциялық қағидаттарды басшылыққа алуға тиіс.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл жауапкердің шарт талаптарын бұзғанын, залалдың бар екенін және ақшалай қаражатты өндіріп алуға заңда көзделген негіздердің болғанын растайтын жеткілікті, жол берілетін әрі даусыз дәлелдемелер болмаған жағдайда апелляциялық шағымды қанағаттандыруға және бірінші сатыдағы соттың заңды әрі негізді шешімінің күшін жоюға құқықтық негіздер жоқ деп есептейді.
Осыған байланысты Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасынан осы құқықтық ұстанымды апелляциялық шағым мен прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезінде ескеруді, кәсіпкерлікті қорғаудың конституциялық кепілдіктерінің, құқық үстемдігі, құқықтық айқындық және азаматтық айналымға қатысушылардың адалдығы қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етуді, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз, ал апелляциялық шағым мен прокурордың апелляциялық өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраймыз.
Құрметпен,
Қазақстан кәсіпкерлерінің
құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл
Қ. Нұров





