Бизнес-омбудсменнің хаттары

25.06.2026

ҚР Жоғарғы Сотына «Partners Realty» ЖШС директорының өтініші бойынша (25.06.2026 ж.)

Қазақстан Республикасының
Жоғарғы Соты 

Менің қарауымда «Partners Realty» ЖШС директоры Е.Ж. Архабаевтың серіктестікті мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тануға байланысты кәсіпкерлік субъектісінің заңды құқықтарын қорғау мәселесі жөніндегі өтініші бар.

Ұсынылған материалдар мен сот актілерін зерделеу соттардың мемлекеттік сатып алу туралы бір шартты орындау мән-жайларын әр түрлі бағалауымен байланысты құқықтық қайшылықтың бар екендігін куәландырады, бұл құқықтық сенімділік, сот актілерінің преюдициялылығы және құқық нормаларын біркелкі қолдану қағидаттарын сақтауға қатысты мәселелер туғызады.

2022 жылғы 20 шілдеде «Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ (бұдан әрі Тапсырыс беруші) мен «Partners Realty» ЖШС (бұдан әрі – Серіктестік) арасында Павлодар қаласындағы Катаев көшесін ағымдағы жөндеу бойынша жұмыстарды орындауға №124 мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалғаны анықталды.

Павлодар облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 2 наурыздағы шешімімен Тапсырыс берушінің талап қоюы бойынша Серіктестік мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылған. Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 маусымдағы қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Кейіннен «Partners Realty» ЖШС Тапсырыс берушіге қатысты орындалған жұмыстар актісін жарамды деп тану, аталған шарт бойынша берешекті және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы дербес талап қоюмен сотқа жүгінген. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.

Алайда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысымен бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдері жаңа шешім шығарыла отырып жойылған. Жоғарғы Сот 2022 жылғы 28 желтоқсандағы №220129/00/1 орындалған жұмыстар актісін жарамды деп танып, сондай-ақ Тапсырыс берушіден «Partners Realty» ЖШС пайдасына 304 893 368 теңге мөлшеріндегі берешекті және 1 219 573 теңге мөлшеріндегі тұрақсыздық айыбын өндіріп алған.

Осылайша, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының заңды күшіне енген қаулысымен шарт бойынша жұмыстарды орындауға, орындалған жұмыстар актісінің жарамдылығына және Тапсырыс берушіде орындалған жұмыстардың нәтижелерін төлеу жөніндегі міндеттің болуына байланысты мән-жайлар анықталған.

Аталған қаулы заңды күшіне енгеннен кейін серіктестік жаңадан ашылған мән жайлар бойынша соттың 2023 жылғы 02 наурыздағы шешімін қайта қарау туралы өтінішпен жүгінген.

Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 қыркүйектегі ұйғарымымен 2023 жылғы 2 наурыздағы сот шешімі жойылып, іс жаңадан қарауға жіберілген.

Бұл ретте апелляциялық сатыдағы сот Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысымен анықталған мән-жайлардың дауды дұрыс шешу үшін елеулі маңызы бар екенін және Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 455-бабы үшінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жаңа мән-жайларға жататынын көрсеткен.

Іс жүзінде апелляциялық сатыдағы сот Жоғарғы Соттың шарт бойынша жұмыстардың орындалуы, орындалған жұмыстар актісінің жарамдылығы және орындалған жұмыстар құнын өндіріп алу туралы тұжырымдары өнім берушіні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану үшін негіздердің бар-жоғы мәселесін шешуде елеулі маңызға ие екенін мойындаған.

Сонымен қатар, істі жаңадан қарау нәтижелері бойынша Павлодар облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 7 қарашадағы шешімімен Тапсырыс берушінің талап қоюы қайтадан қанағаттандырылып, «Partners Realty» ЖШС мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп қайта танылған. Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 9 маусымдағы қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Бұл ретте істі жаңадан қарау қорытындысы бойынша қабылданған сот актілерінде Серіктестіктің шарт бойынша міндеттемелерді тиісінше орындамағаны туралы тұжырымдар қамтылған, ал Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысымен орындалған жұмыстар актісі жарамды деп танылып, орындалған жұмыстардың толық құны, сондай-ақ тұрақсыздық айыбы өндіріп алынған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 76-бабының екінші бөлігіне сәйкес, бұрын қаралған іс бойынша заңды күшіне енген сот актісімен анықталған мән-жайлар сот үшін міндетті болып табылады және сол адамдар қатысатын басқа істі қарау кезінде қайта дәлелдеуге жатпайды.

Бұдан басқа Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 21-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот актілері барлық мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар, жеке және заңды тұлғалар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мүлтіксіз орындалуға жатады.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысында қамтылған тұжырымдардың сол шарт бойынша өнім берушіні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану үшін негіздердің бар-жоғын шешудегі құқықтық маңызы туралы мәселе туындайды.

Жаңадан ашылған мән жайлар бойынша бастапқы сот актісі жойылғаннан кейін өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп қайта танудың құқықтық салдары мәселесі де маңызды болып табылады.

Өтініш материалдарына сүйенсек, 2023 жылғы 02 наурыздағы шешім жойылғаннан кейін және 2025 жылғы 07 қарашадағы жаңа шешім шығарылғаннан кейін, Серіктестіктің Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінде болу мерзімі бұрын кәсіпкердің кейіннен жойылған сот актісі негізінде мемлекеттік сатып алуға қатысу құқығында шектеу қойылғанына қарамастан, іс жүзінде қайта есептеле бастаған.

Аталған мән-жайлар заңнаманы біркелкі қолдану, құқықтық сенімділік және сот талқылауының әділдігі қағидаттарын сақтау мәселелерін қозғайды, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын іске асыруға тікелей әсер етеді.

Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 307 және 308-баптары негізінде баяндалған мән-жайларды қарауды және бірыңғай сот практикасын қалыптастыру үшін елеулі маңызы бар мынадай мәселелер бойынша ұстанымды түсіндіруді сұраймын:

  1. Егер Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының заңды күшіне енген қаулысымен өнім берушінің шарт бойынша жұмыстарды орындағаны анықталып, орындалған жұмыстардың актісі жарамды деп танылып және орындалған жұмыстар үшін берешек өндіріп алынған жағдайда, өнім беруші мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп танылуы мүмкін бе?
  2. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша соттың бастапқы шешімі жойылған және кейіннен даудың сол нысанасы бойынша жаңа шешім шығарылған жағдайда: Павлодар облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 02 наурыздағы шешімі не 2025 жылғы 07 қарашадағы шешімі өнім берушінің Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінде болу мерзімін есептеу кезінде қандай сот актісі қолдануға жатады?
  3. Кейіннен жойылған бастапқы сот актісі негізінде өнім берушінің мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары тізілімінде нақты болған кезеңі есепке жатқызылуға тиіс пе?

Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, кәсіпкерлік субъектісінің құқық нормаларын біркелкі қолдануды және бұзылған құқықтарын қалпына келтіруді қамтамасыз ету мақсатында Павлодар облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 07 қарашадағы шешімін және Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 09 маусымдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы ұсынымды енгізу үшін заңда көзделген негіздердің болуы туралы мәселені қарауды сұраймын.

Құрметпен,
Қазақстан кәсіпкерлерінің
құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл
 Қ. Нұров

Файлды жүктеп алу:

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі