Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.
Бас Прокурорға Исмағұлов А.Қ.-ның өтініші бойынша (18.06.2026 ж.)
Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
Б.Н. Асыловқа
Құрметті Берік Ноғайұлы!
Менің бақылауымда «Қазтеплоэнергомонтаж» ТС құрылтайшысы А.Қ. Исмағұловтың өтініші бар. Өтініште Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы қазандықты кеңейту нысанының құрылысына байланысты дауды қарау барысында кәсіпкерлік субъектісінің құқықтарының бұзылғаны, сондай-ақ сот шешімдерінің негізіне алынған сараптамалық зерттеулерде елеулі қайшылықтардың бары туралы уәждер келтірілген.
Анықталғандай, 2017 жылғы 10 сәуірде Ақтөбе қаласының құрылыс бөлімі» ММ мен «Қазтеплоэнергомонтаж» ТС арасында 1 561 168 000 теңге сомасына №03-3/75 мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған.
Жобаны іске асыру барысында тапсырыс беруші, жобалау ұйымы және техникалық қадағалау тарапынан келісілген өзгерістер жобалық-сметалық құжаттамаға енгізілген. Бұл ретте шарттың жалпы құны өзгеріссіз қалған.
Іс материалдарына және сот талқылауы барысында техникалық қадағалау өкілдерінің берген айғақтарына сәйкес мердігер шартта көзделген жұмыстардың шамамен 95 пайызын орындаған. Қалған жұмыстар мердігерге тәуелсіз себептермен аяқталмаған, өйткені сол кезеңде газбен жабдықтау желілері тартылмаған болатын. Аталған желілерді қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатқызылған. Осыған байланысты нысанды толық көлемде пайдалануға беруге қатысты жекелеген жұмыстарды орындау объективті себептермен мүмкін болмаған.
Сонымен қатар нысан іс жүзінде салынып, жұмыс істеп тұр. Мердігер орнатқан қазандықтар, жанарғылар, сорғылар және түтін мұржалары сияқты жабдықтар нысанда орналасқан, мақсатына сай пайдаланылуда және оларды «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ пайдаланып келеді.
Алайда көрсетілген мән-жайларға қарамастан, дауды қарау кезінде сот актілерінің негізіне «Сот сараптамасын ұйымдастыру мекемесі» ЖШС-нің орындалмаған жұмыстардың құнын анықтауда елеулі айырмашылықтар қамтылған қорытындылары алынған.
Атап айтқанда, 2020 жылғы 19 маусымдағы №60 маман қорытындысына сәйкес орындалмаған жұмыстардың құны 996 318 037 теңге, 2020 жылғы 22 желтоқсандағы №197 сараптама қорытындысына сәйкес 250 617 272 теңге, ал 2021 жылғы 2 маусымдағы №84 сарапшы қорытындысына сәйкес 99 388 004 теңге болып айқындалған.
Осылайша, бастапқы деректер өзгеріссіз болғанына қарамастан, бір нысан бойынша орындалмаған жұмыстардың болжамды көлемі 10 еседен астам айырмашылық көрсетеді. Бұл жүргізілген зерттеулердің дұрыстығы мен негізділігіне объективті түрде күмән келтіреді.
Дауды қарау нәтижесінде «Қазтеплоэнергомонтаж» ТС-нен орындалмаған деп танылған жұмыстар үшін 99 388 004 теңге, тұрақсыздық айыбы ретінде 7 181 373 теңге және сот шығындары ретінде 3 197 081 теңге өндірілген.
Сонымен бірге сот актілерінен жабдықтың бір бөлігін ауыстыру тараптардың келісімі бойынша жүзеге асырылғаны көрінеді. Жабдықтың жеткізілгені және монтаждалғаны дауланбайды, ал жабдықтың өзі бүгінгі күнге дейін нысанда пайдаланылып келеді. Алайда аталған мән-жайлар сараптамалық зерттеулерде тиісті түрде ескерілмеген, бұл орындалған жұмыстардың құны мен өндірілген сомалар жөніндегі түпкілікті қорытындыларға тікелей әсер еткен.
Нәтижесінде кәсіпкерден іс жүзінде орындалған, жеткізілген, орнатылған және жұмыс істеп тұрған жылумен жабдықтау нысанының құрамында пайдаланылып жатқан жұмыстар мен жабдықтар үшін көп миллиондық қаражат өндірілген жағдай қалыптасқан.
Ерекше назар Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өндірісінде болған №211500121000038 қылмыстық ісін тергеу мән-жайларына аударылуға тиіс.
Ақтөбе қаласының тергеу судьясының қаулысымен бұрын жүргізілген зерттеулердегі қайшылықтарды жою мақсатында Батыс Қазақстан облысы бойынша Сот сараптамалары институтында қайталама сот құрылыс-экономикалық сараптамасы тағайындалған. Алайда аталған сараптама іс жүзінде жүргізілмеген. Өтініш берушінің уәжіне сәйкес, оны жүргізу үшін қажетті материалдар сараптама мекемесіне сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы тарапынан ұсынылмаған.
Соның салдарынан сараптамалық қорытындылар арасындағы қайшылықтар тәуелсіз мемлекеттік сараптама арқылы тиісті түрде шешілмеген.
Өтініш материалдарынан көрінгендей, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында даулы жабдықтың нысанда нақты орнатылғаны, бар екендігі және пайдаланылып жатқаны расталған. Кейіннен қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған. Бұл мән-жайлар орындалған жұмыстардың нақты көлемін және сот шешімдерінің негізіне алынған қорытындылардың негізділігін бағалау үшін маңызды болып табылады.
Қосымша атап өту қажет, тиісті даулар қаралған кезеңде А.Қ. Исмағұлов бас бостандығынан айыру орындарында болған, бұл оның өз құқықтарын толыққанды қорғау және дәлелдемелер ұсыну мүмкіндігін объективті түрде шектеген.
Сонымен қатар өтініш беруші Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми түсіндірмесін ұсынған. Оған сәйкес «Сот сараптамасын ұйымдастыру мекемесі» ЖШС сот-сараптамалық қызмет субъектілеріне жатпайды, ал 2020 жылғы 19 маусымдағы №60 маман қорытындысы Қазақстан Республикасының заңнамасы тұрғысынан сот сарапшысының қорытындысы болып табылмайды.
Аталған мән-жайлар тиісті зерттеулердің жол берілетіндігі мен дәлелдемелік күшіне, сондай-ақ олардың дауды қарау нәтижелеріне ықпалына қосымша құқықтық баға беруді талап етеді.
Жоғарыда баяндалған мән-жайлардың жиынтығы, атап айтқанда сараптамалық зерттеулердегі елеулі айырмашылықтар, қайталама мемлекеттік сараптама нәтижелерінің болмауы, нақты орнатылып пайдаланылып жатқан жабдықтың болуы және кәсіпкерден елеулі көлемдегі қаражаттың өндіріліп алынуы жан-жақты прокурорлық тексеру жүргізу қажеттігін көрсетеді.
Осыған байланысты орындалған жұмыстардың нақты көлемін анықтау, сарапшылар қорытындыларының негізділігіне баға беру және кәсіпкерлік субъектісінен 109 миллион теңгеден астам қаражат өндіріп алудың заңдылығын тексеру қажет деп санаймын.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде, «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын басшылыққа ала отырып, Сізден:
- «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы қазандықты кеңейту нысаны бойынша азаматтық және қылмыстық істердің материалдарын, сондай-ақ барлық сараптамалық зерттеулерді талап ете отырып, көрсетілген уәждерге тексеру жүргізуді ұйымдастыруды;
- Сот шешімдерінің негізіне алынған сараптамалық зерттеулерге тәуелсіз құқықтық және әдіснамалық талдау жүргізуді қамтамасыз етуді;
- «Сот сараптамасын ұйымдастыру мекемесі» ЖШС мамандары мен сарапшылары қорытындыларындағы елеулі айырмашылықтардың себептерін анықтауды;
- Орындалған жұмыстар есебінен шығарылған жабдықтың нақты бар-жоғын, монтаждалуын және пайдаланылуын тексеруді;
- Қайталама сот сараптамасын тағайындау туралы тергеу судьясы қаулысының орындалмау мән-жайларына құқықтық баға беруді;
- Прокуратура органдарының, Ақтөбе қаласының құрылыс бөлімі» ММ-нің, «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ-ның, Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының, салалық мамандардың және өтініш берушінің қатысуымен нысанды комиссиялық тексеруді ұйымдастыруды;
- Нысанда пайдаланылып жатқан «Қазтеплоэнергомонтаж» ТС мүлкін одан әрі пайдаланудың құқықтық негіздерін тексеруді;
- Заңда көзделген негіздер болған жағдайда кәсіпкерлік субъектісінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған прокурорлық ден қою шараларын қабылдауды;
- Қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен тиісті процестік шешім қабылдауды сұраймын.
Қарау нәтижелері туралы заңда белгіленген тәртіппен тексеру материалдары мен қабылданған процестік шешімдерді қоса тіркеп хабарлауыңызды сұраймын.
Қазақстан кәсіпкерлерінің
құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл
Қ. Нұров





