Бизнес-омбудсменнің хаттары

18.06.2026

Әділет министріне «Сот сараптамасын ұйымдастыру мекемесі» ЖШС тарапынан жіберілген заң бұзушылықтар бойынша (18.06.2026 ж.)

Қазақстан Республикасының
Әділет министрі
Е.Ж. Сәрсембаевқа 

Құрметті Ерлан Жақсылықұлы!

Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі өкілеттіктерді іске асыру шеңберінде Сізге Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы қазандықты кеңейту нысаны бойынша мүліктік дауды қарау кезінде пайдаланылған сараптамалық және бағалау зерттеулерін жүргізу барысында «Сот сараптамасын ұйымдастыру мекемесі» ЖШС мамандары мен сарапшылары тарапынан жол берілген жүйелі бұзушылықтарға байланысты жүгініп отырмын.

Іс материалдарын талдау барысында аталған ЖШС сарапшыларының бір құрылыс нысаны бойынша бастапқы деректер мүлдем өзгермеген жағдайда есептік көрсеткіштер арасында 10 еседен астам айырмашылықтар қамтылған қорытындылар шығарғаны анықталды:

  1. 2020 жылғы 19 маусымдағы №60 маман қорытындысы бойынша сома 996 318 037 теңге мөлшерінде анықталған;
  2. 2020 жылғы 22 желтоқсандағы №197 сот сараптамасы қорытындысы бойынша сома 250 617 272 теңге мөлшерінде анықталған;
  3. 2021 жылғы 2 маусымдағы №84 сарапшы қорытындысы бойынша сома 99 388 004 теңге мөлшерінде анықталған.

Мұндай есептік көрсеткіштердің ауытқуы ғылыми-техникалық әдістемелердің, объективтілік, жан-жақтылық және толықтық қағидаттарының өрескел бұзылғанын тікелей көрсетеді.

Бұдан бөлек, іс материалдарымен және Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тоқтатқан қылмыстық іс материалдарымен аталған сарапшылар есептерден толықтай алып тастаған технологиялық жабдықтар мен орындалған жұмыстардың іс жүзінде жеткізілгені, монтаждалғаны және «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ теңгеріміндегі жұмыс істеп тұрған қазандық құрамында үздіксіз пайдаланылып отырғаны құжат жүзінде расталған.

Нәтижесінде аталған сарапшылардың негізсіз әрі шындыққа сәйкес келмейтін қорытындылары салдарынан кәсіпкер орасан зор шығындарға ұшыраған жағдай қалыптасты. Даулы қорытындылардың негізінде кәсіпкерлік субъектісіне мемлекет кірісіне іс жүзінде толық орындалған, жұмыс істеп тұрған және пайдаланылып отырған жұмыстар мен жабдықтардың құнын қайтару міндеті заңсыз жүктелген.

Кәсіпкер шын мәнінде мемлекетке қайтаруға міндетті емес көп миллиондық соманы мәжбүрлі түрде қайтаруға міндеттелген жағдайға тап болды. Мұндай жағдайда мән-жайларды объективті тексеру нысанды тікелей қарап-тексеру және оның нақты жай-күйін сараптамалық қорытындылардағы тұжырымдармен салыстыру арқылы ғана мүмкін болады.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми түсіндірмесіне сәйкес «Сот сараптамасын ұйымдастыру мекемесі» ЖШС сот-сараптамалық қызмет субъектілеріне жатпайды, ал 2020 жылғы 19 маусымдағы №60 маман қорытындысы заңнама мағынасында сот сарапшысының қорытындысы болып табылмайды.

Бұл факт жүргізілген зерттеулердің дұрыстығы мен олардың қабылданған сот актілеріне тигізген теріс әсеріне қосымша құқықтық баға беру қажеттігін растайды.

Аталған тұлғалардың әрекеттерінде кәсіби міндеттерге өрескел немқұрайлы қарау белгілері бар екенін ерекше атап өтемін. «Сот-сараптамалық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабына сәйкес сот сарапшысы Сот сарапшысының әдеп кодексін бұлжытпай сақтауға міндетті.

Жұмыс істеп тұрған жабдықтың нақты бар екендігін елемеу және сметалық есептеулерді қасақана бұрмалау арқылы көрініс тапқан аталған сарапшылардың әрекеттері Әдеп кодексінің объективтілік, адалдық, тәуелсіздік және жоғары кәсібилік сияқты негізгі қағидаттарын тікелей бұзады. Бұл өз кезегінде сот сараптамасы институтының беделіне нұқсан келтірген.

Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, аталған мән-жайлар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғы тұрғысынан да тексеруді талап етеді деп есептеймін. Өйткені өтініш берушінің уәждеріне сәйкес іс материалдары мен сот актілерінде «Сот сараптамасын ұйымдастыру мекемесі» ЖШС жүргізген сараптамалық зерттеулерде елеулі қайшылықтар мен кемшіліктердің болғаны көрсетілген, бұл дәлелдемелерді бағалауға және соның салдарынан кәсіпкерден мемлекет кірісіне өндірілген сомалардың мөлшеріне тікелей әсер еткен.

Аталған мән-жайлар жиынтығында толық әрі объективті тексеру жүргізуді және олардың құқықтық бағасы бойынша процестік шешім қабылдауды талап етеді.

Осыған байланысты, «Сот-сараптамалық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11, 12, 13, 14 және 55-баптарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің ережелерін басшылыққа ала отырып, Сізден:

  1. «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы қазандықты кеңейту нысаны бойынша азаматтық және қылмыстық істердің материалдарын, сондай-ақ барлық сараптамалық қорытындыларды талап ете отырып, «Сот сараптамасын ұйымдастыру мекемесі» ЖШС мен нақты сарапшылардың кәсіби қызметіне жоспардан тыс тексеру ұйымдастыруды;
  2. Сарапшылар қорытындыларындағы елеулі айырмашылықтардың себептерін анықтау үшін сараптамалық зерттеулерге тәуелсіз құқықтық және әдіснамалық талдау жүргізуді қамтамасыз етуді, сондай-ақ ЖШС сарапшылары қолданған есептеу әдістерінің Қазақстан Республикасының Сот сараптамалары әдістемелерінің мемлекеттік тізіліміне қатаң сәйкестігін тексеруді;
  3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің (Сот сараптамалары орталығының) қызметкерлері, прокуратура органдары, Ақтөбе қаласының құрылыс бөлімі» ММ, «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ, Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы, салалық мамандар және өтініш беруші А.Қ. Исмағұловтың қатысуымен есептерден шығарылған жабдықтың нақты бар-жоғын, монтаждалуын және пайдаланылуын тексеру үшін комиссиялық тексеру ұйымдастыруды;
  4. Батыс Қазақстан облысы бойынша Сот сараптамалары институтының қайталама сараптама тағайындау туралы тергеу судьясының қаулысын орындамау мән-жайларына құқықтық баға беруді, сондай-ақ ЭТД органдарының іс материалдарын ұсынбауы салдарынан тәуелсіз мемлекеттік сараптаманың жүргізілмей қалғанын ресми тіркеу үшін мұрағаттық хат алмасу материалдарын талап етуді;
  5. Сарапшылардың «Сот-сараптамалық қызмет туралы» ҚР Заңының 11-бабы талаптарын және Сот сарапшысының әдеп кодексінің нормаларын сақтауын тексеріп, материалдарды Тәртіптік комиссияның қарауына шығаруды;
  6. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы Біліктілік комиссиясында аталған мәселені қарауды бастамашылық етіп, қорытындыларға рецензия жүргізуді және кейіннен сот органдарына жаңа мән-жай ретінде ұсыну үшін Әділет министрлігінің даулы құжаттардың әдіснамалық дәрменсіздігі мен сенімсіздігі туралы ресми құқықтық актісін (қорытындысын немесе ұйғарымын) шығаруды;
  7. «Сот-сараптамалық қызмет туралы» ҚР Заңының 14-бабы негізінде рұқсат құжаттарының қолданылуын тоқтату жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ аталған ЖШС мен оның қызметкерлеріне берілген сот-сараптамалық қызметпен айналысуға арналған мемлекеттік лицензиялардың қолданылуын тоқтата тұру немесе толық тоқтату туралы талап қою арыздарын сот органдарына жолдауды;
  8. Тексеру материалдарын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабында көзделген қылмыс құрамының белгілерінің бар-жоғына құқықтық баға беру үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына жолдап, тиісті процестік шешім қабылдауды қамтамасыз етуді сұраймын.

Заңнама мен кәсіби әдеп талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда кәсіпкерлік субъектісінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге және анықталған бұзушылықтардың салдарын жоюға бағытталған ведомстволық және құқықтық ықпал ету шараларын толық көлемде қабылдауыңызды сұраймын.

Қарау нәтижелері туралы растайтын материалдарды қоса тіркей отырып, заңда белгіленген тәртіппен хабарлауыңызды сұраймын. 

Қазақстан кәсіпкерлерінің
құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл
Қ. Нұров

Файлды жүктеп алу:

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Нұров Қанат Ілияұлы

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі