Табыс тарихы

13.06.2019

Атырауда шаруаларға тиесілі субсидиялар бюджетке қайтарылды

67

Атырау облысы

Жергілікті құс фабрикасы былтырдан бері өздеріне тиесілі субсидияны ала алмай келеді, ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өткен жылдың қорытындысында республикалық бюджетке игерілмеген 800 млн. теңгені қайтарды, жазады atameken.kz.  

Облыстың құс өсірушілерінің субсидия алуға қатысты проблемасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қаралды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасына "Алмалы құс" және "Бақай құс" құс фабрикалары шағымданды.

"Алмалы құс" ЖШС директорының орынбасары Роза Ерешева айтып өткендей, өткен жылдың маусым айында олар кәсіпорынның инвестициялық шығындарын жабу үшін субсидия алуға өтінім берген, алайда бүгінгі күнге дейін оларға тиесілі қаражаттың аз бөлігі ғана төленді. 

"Құжаттарды бірінші рет маусым айында тапсырдық, одан кейін тамыз және қараша айларында қайта тапсырдық. Біздің жабдықтарды тексеру актісі шамамен бір айға созылды, содан кейін субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізілетін болғандықтан бізден біраз күте тұруымызды өтінді. Қараша айында құжаттарды тез арада тапсыруды талап етті, себебі жаңа ережеге сәйкес, торлық жабдықтар бойынша субсидияларды біз тек 31 желтоқсанға дейін ғана ала алады екенбіз. Құжаттарды тапсырдық, желтоқсан айының басында бізге 2018 жылдың субсидиясының бір бөлігін ғана төледі. Ал біздің 2017 жылы берген өтінішімізді 2019 жылдың сәуірінде, ақша түскенде қарайтындықтарын айтты. Сәуір айынан бастап тағы да жаза бастадық, облыс басшылығына хабарластық. Облыс әкімінің орынбасары Құс өсірушілер одағына хат жолдады, бізге тор жабдықтары үшін төлем жасала ма, жоқ па, соны білмек болдық. Келген жауапқа сәйкес біз жіберген құжаттар түгелімен дұрыс және ақша төленуі тиіс екен. Бірақ 13 мамырда бізге облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан хат келді, онда олар Құс өсірушілер одағынан хат алмағандықтарын, сондықтан біздің құжаттар қаралмайтындығын мәлімдеді. Біз жіберген құжаттар басқармада әлі күнге дейін жатыр, біз 2017 жылғы субсидияны әлі алған жоқпыз, әртүрлі себептер айтуда", - деді Роза Ерешева.

"Бақай құс" құс фабрикасының директоры Бақтыгүл Убишеваның айтуынша, олардың кәсіпорындары да қиындықтарға тап болып отыр. Бүгінде олардың шығындары түсетін түсімнен асып кеткен, ал субсидияларды соңғы рет 2015 жылы алған екен.   

"Субсидия алу үшін бізде сұрыптау машинасы болуы керек екен. Бұл өте қымбат жабдық, қазіргі уақытта оны ала қоятын шамамыз жоқ. Қазір біздің құс фабрикасы күніне 40 мың жұмыртқа өндіреді, ал жоғарыда аталған жабдық тәулігіне 200 мың жұмыртқа қуатымен жұмыс істейді. Бұл талапты біз сияқты шағын кәсіпорындарға көмек ретінде алып тастауды сұраймыз. Наурыз айында бірқатар объективті себептер бойынша біздің өніміміз 30 пайызға дейін төмендеді, қазір оны тек 55-60% - ға дейін арттыруға мүмкіндік туды", - деді Бақтыгүл Убишева.

"Өңір үшін аталған екі кәсіпорынның әлеуметтік маңызы зор. "Бақай құс" құс фабрикасы өз өтінішінде жем алу үшін квота бөлу мүмкіндігін қарастыруды сұрайды. Бұрын мұндай ереже болған, қазір жоқ. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы мәселеге қатысты хат жолдадық. Сондай-ақ, олар сапасыз мерзімі өткен өнімді Ресейден әкелуге шектеу енгізуді сұрайды, біз жауапты органдардың бұған назар аударғанын қалар едік. Үшіншіден, біз субсидия төлеу үшін сұрыптау машинасының болуы туралы ережені алып тастау туралы ұсынысты қолдаймыз, бұл мәселе бойынша да министрлікке хат жолдадық. "Алмалы құс" кәсіпорнына келетін болсақ, олардың инвестициялық шығындары 180 млн. теңгені құрады. Бұл қаржыға олар құрал-жабдықтар сатып алып, қосымша құс қоралары мен жем-шөп цехын іске қосты. Бүгінгі таңда құс фабрикасы 37 млн. теңге көлемінде субсидия алды. Сонымен қатар, 2018 жылы жергілікті бюджетте субсидия төлеуге 1.2 млрд. теңге қарастырылған, оның 800 млн. жыл соңында игерілмеу себебінен республикалық бюджетке қайтарылды", - деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының АӨК жөніндегі орынбасары Серік Сәрсекенов.

Кеңес отырысына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаев қатысып, ол бұл лауазымға бір апта бұрын ғана тағайындалғанын атап өтті және қалыптасқан жағдайды анықтауға барынша тырысты.

"Менің білуімше," Алмалы құс " фабрикасы осыдан бірнеше жыл бұрын сатып алынған жабдықтар үшін субсидия сұрап отыр. Ережелерде нақты мерзімдер көрсетілген, аталмыш компания ол мерзімді өткізіп алды. Осыған байланысты оларға субсидия берілмеді. Алайда, бүгінгі күнге дейін субсидия мәселелерімен айналысқан қызметкерге қатысты қазір тексеру жүргізіліп жатыр, ол уақытша жұмыстан шеттетілді. Тағы бір маман бала күтіміне байланысты демалыста, яғни, қазіргі уақытта бөлімде іс жүзінде ешкім жоқ. Әрине, қалыптасқан жағдайда өзімізді ақтамаймыз, біз тексеру нәтижелерін күтеміз және кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге тырысамыз", - деп атап өтті мемлекеттік орган басшысы.

Қалыптасқан жағдайға қатысты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов өз пікірін айтты. Ол өткен жылдың 31 қазанында "Алмалы құс" ЖШС-нен шағым келіп түскенін, алайда 26 қарашада облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы оларға субсидия төлеуге уәде бергеніне байланысты олар шағымды кері қайтарып алғанын айтты.      

"Қазіргі уақытта бізге "Алмалы құстан" қайта өтініш түсті. Бүгін біз басқа уәкілетті органдарды тарта отырып, барлық кемшіліктер бойынша тексеруге кірістік, егер олар расталса, біз қатаң құқықтық баға береміз. Тексеру қорытындысын күту керек, содан кейін кәсіпкер сотқа жүгіне алады. Өз кезегімізде, біз кәсіпкерге заң аясында қолдау көрсетуге уәде береміз", - деп атап өтті Тоқтамыс Жұмағұлов.

"Біз өз тарапымыздан жағдайға құқықтық талдау жүргіздік. 800 млн. теңге бюджетке қайтарылды, ал біздің шаруашылықтар осы ақшаға мұқтаж. Егер оқиға хронологиясын қарайтын болсақ, 2018 жылдың 29 маусымында кәсіпкер Ауыл шаруашылығы басқармасына жүгінді. Олар құжаттарды бес күн бойы қарап тексеру актісі жүргізілетіндігін айтқан. Тексеру актісін Махамбет аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі жүргізуі тиіс болған. Және бұл процесс 26 күн жүргізілген. Содан кейін, өзгерістер енгізілуі мүмкін екендігін айтып, кәсіпкерлерді құрғақ уәдемен шығарып салған. Ал өзгерістер енгізілген сәтте субсидияларды беруді тоқтату тұру қажет деген нұсқау бар ма? Сондай-ақ кәсіпкерге мерзімнің шектеулі екендігін ешкім түсіндіріп айтпаған. Бұны бизнес өзі ойлауы тиіс деп ойлаған шығар, бәлкім. Қыркүйек айынан бастап қараша айына дейін олар ауыл шаруашылығы басқармасына қайта хат жолдайды, және екі жағдайда да жауап ала алмаған, мемлекеттік орган неліктен оларға жауап қайтармады? Содан кейін ақшаның жоқтығын алға тартып келесі жылдың сәуір айына қалдырған. Одан әрі тіпті қызықты жағдай орын алды. Мемлекеттік орган Үкіметтің қаулысын орындай отырып, қоғамдық ұйымға, атап айтқанда, Құс өсірушілер одағына Үкімет қаулысын түсіндіруді сұрап хат жолдаған. Нәтижесінде кәсіпкерді құжаттарды портал арқылы тапсыруға жібереді, кәсіпкер онда да қиындықтарға тап болады. Жоғарыда айтылғандардың барлығын түйіндей келе, кәсіпкерге тексеру нәтижелерін күту қажет дер едік және егер сотқа жүгіну қажет болса, Өңірлік палата қажетті қолдау көрсетуге дайын", - деп мәлімдеді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша сектор меңгерушісі, Атырау облысы Кәсіпкерлер Палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев.

Соңында Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Ыдырысов бүгінгі таңда шаруалардан субсидия мәселесіне қатысты 100-ден астам өтінім түскендігін және бәрі де жауап күтетінін  атап өтті.

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі, 15 шілді 2019 ж.

Палымбетов Б.Ә.

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі