БАҚ омбудсмен туралы

30.06.2017

Болат Палымбетов Алматы облысының Іле ауданында кәсіпкерлерді қабылдады

1235

Бизнес-омбудсмен кәсіпкерлермен кездесу үшін аудан орталығына келді. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов Алматы облысы Іле ауданына жұмыс сапары барысында кәсіпкерлермен кездесу өткізді.

Ол Өтеген батыр кентінде кәсіпкерлермен кездесіп, олардың шағымдары мен ұсыныстарын тыңдады.

Іле ауданы – ең ірі индустриалды-өнеркәсіптік және халық тығыз орналасқан аудандардың бірі.

Жақын орналасқан Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар аудандарының кәсіпкерлері де кездесу үшін алдын ала жазылды.

Болат Палымбетов кәсіпкерлерді «Атамекеннің» және кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл аппаратының атқарған жұмыстарының нәтижелерімен таныстырды.

«Барлық өңірлерде бизнес өкілдерімен жеке кездесулер өткіземін. Мен үшін барлық мәселені кәсіпкердің өз аузынан естіген маңызды. Кез-келген кәсіпкер кездесуге жазыла алады, мәселелерді талқылау бойынша ешқандай кедергілер мен ешқандай сүзгі болмайды. Алматы облысына келген сапарымда алдымен аудан орталықтарына барып өңірдегі бизнестің жай-күйін білмек болдым», - деді бизнес-омбудсмен.

Болат Палымбетовтың айтуынша, өткен жылы Қазақстан бойынша 2 мыңнан астам кәсіпкер оның қабылдауында болған екен.

«Биыл барған облыстардың ішінде Алматы облысы – бсегізінші аймақ, байқағаным, қордаланған проблемалардың көпшілігі жергілікті жерде шешілетін проблемалар екен. Республикалық деңгейдегі мәселелердің азайып келе жатқандығы қуантады, жалғанкәсіпкерлікке қатысты және басқа да қылмыстық істерге қатысты шағымдар саны барынша азайған. Мұның бәрі біз қолданған шаралар жұмыс істейді, біз дұрыс бағыттамыз дегенді білдіреді», - деді Болат Палымбетов.

Кәсіпкерлерді қабылдау барысында бизнес-омбудсменге жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдардың басты мәселелері айтылды.

Өңірлік кеңес мүшесі, мектепке дейінгі білім беру қауымдастығының директоры Күләнда Батырбекова жан басына шаққандағы қаржыландыруды бекітудегі мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру турасындағы проблемаларға тоқталды.

Айта кетейік, осыған ұқсас проблемалармен Талдықорғанда өткізген жеке кездесулерінде бірқатар жеке ұйымдар да келген болатын.

Болат Палымбетов жеке меншіктегі мектепке дейінгі ұйымдар мәселесі бүгінде дереу арада ден қоюды талап етеді деді. Сондықтан да Қазақстанның барлық өңірлерінде мектепке дейінгі білім беру саласы бойынша мониторинг өткізілетін болады.

 Жер қатынастары саласындағы мәселе бойынша ЖК «Абишев Е.С.»-нің директоры Еркін Әбішев жүгінді. Кәсіпкердің айтуынша, бірнеше жыл бойына Іле ауданында «әлеуметтік инфрақұрылым элементтері бар «Сәтті болашақ» атты коттедж қалашығының» құрылыс жұмыстарын бастау үшін жер телімінің нысаналық мақсатын өзгерте алмай келеді екен. Кәсіпкердің жеке меншігінде шаруа қожалығын жүргізуге арналған 47,400 га құрайтын жер телімі бар. Дегенмен, бүгінде жергілікті атқару органы жер телімінің нысаналық мақсатын өзгертуден бас тартып отыр.

Оның айтуынша, әкімдік шаруа қожалығын жүргізетін жер телімдерінде объектілер құрылысын салуға, тіпті ауыл шарушылығын жүргізуге арналған немесе жеке тұрғын үй салуға тыйым салынған деп Жер кодексіне сілтеме жасап отыр.

Айта кету керек, жоғарыда айтылып өткен жобаны іске асыру үшін 23,965 га жер телімі қажет, бұл кәсіпкерге тиесілі жер телімінің бір бөлігі ғана. Дегенмен, әр түрлі сылтаулар айтып, жергілікті атқарушы орган жердің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тартумен келеді.

Бизнес-омбудсменге осы мәселенің ендігі жүйелік бағыт алғанын баяндады. Сондықтан да ол Алматы облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Ляззат Шыңғысбаеваға әкіммен кездесіп, осы жағдайды мәлімдеп, шаралар қабылдауды тапсырды.

Бизнес-омбудсменге айтылған тағы бір мәселе, «Қазақстан қағазы» АҚ-ның компаниялар тобына байланысты. «Kagazy Recycling» ЖШС-нің заңгері Марат Жандосов мемлекеттік органдармен ЖШС арасындағы сот дауларының барысы жөнінде айтып өтті.

Іс аяқ астынан ІІМ Тергеу департаменті тергеушісінің жоспардан тыс тексеруінен басталды. Осы тексеру қылмыстық іс жүргізу кодексінің аясында жүргізіліп, мемлекеттік орган салықтық тексеру актісі мен нұсқаманы шығарды.

Компания өкілінің айтуынша, 2016 жылдың 13 қаңтарындағы №3 нұсқаманы мемлекеттік орган заңсыз шығарды, өйткені салықтық тексеру жүргізуге негіз бола алатын жалғыз құжат прокурормен келісілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру  органының қаулысы ғана бола алады.

«Мемлекеттік органдар осы және басқа да іс жүргізу нормаларын бұзған. Біз аудандық және облыстық прокуратураға жүгіндік, дегенмен сот та, бақылау-қадағалау органы да мемлекет тарапынан болған заңбұзушылыққа назар аударар емес. Біздің компания Қазақстан мен Орта Азиядағы картон ыдыстар мен гофра орамаларының ең ірі өндірушісі болып табылады. Компанияға қатысты сот процестері бірнеше жыл бойына жалғасып келеді. Облыстық деңгейде мәселені шеше алмасымыз анық, бар үмітіміз сізде», - деді ол.

Болат Палымбетов бұл мәселені бас прокурордың алдында көтеретіндігін және мәселені шешу үшін жан-жақты әрекет ететіндігін айтып өтті.

«Бірінші сыра зауыты» компаниясының өкілі алкоголь өнімінің өндірісін реттейтін құқытық актіге байланысты ұсыныстарын жеткізді.

Этил спиртін өндіру саласында нормаға сәйкес алкоголь өнімдерін өндіру, сақтау және алкоголь өнімдерін көтерме саудада өткізу үшін алкоголь өнімдерін өндірушілердің  жеке меншігінде тек қана алкоголь өнімдерін өндіруге арналған технологиялық жабдықтары болуы тиіс. 

Бұрынғы біліктілік талапта алкоголь өнімін өндіру үшін жабдықтарды тек қана алкоголь өнімдерін өндіру үшін ғана пайдаланылсын деген шарттар болмаған еді. Осылайша, өндірушілер өз жабдықтарында алкогольсіз сусындарды да өндіре алатын еді. Жоғарыда айтылған бұйрық күшіне енгеннен бастап мұндай мүмкіндік жойылды.

«Сондықтан да біздің ойымызша, бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Тек алкоголь өнімдерін өндіруге қолданылсын деген сөздерді мынадай түрде жазса дейміз: алкоголь өнімдерін өндіру үшін өндірушінің жеке меншігінде тек қана алкоголь өнімдерін өндіретін технологиялық жабдық болуы керек (сыраны қоспағанда)».

Яғни, алкогольсіз сусындарды құюға тыйымды алып тастап, сыра өндіру желілерінде квас құюға да рұқсат берілсе, - деді компания өкілі.

Өз кезегінде бизнес-омбудсмен бұл мәселелер республика деңгейінде қаралып, зерделенеді деп уәде берді.

Кәсіпкерлерді қабылдауды қорытындылай келе, Болат Палымбетов кәсіпкерлерді белсенді болуға бизнес-ортаны жақсарту үшін өз ұсыныстарын қосуға шақырды.

Ақпарат көзі: http://palata.kz

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Жүрсінов Р.М.

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі