Жаңалықтар

17.04.2019

Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамыту мәселесі Nur Otan партиясында қаралды

459

НҰР-СҰЛТАН. ҚАЗАҚПАРАТ - Nur Otan партиясы жанындағы Мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың тиімділігін бағалау және мониторинг орталығының бірінші отырысында Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту мәселесі, атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы - 2020» Бизнесті қолдау және дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі қаралды. Бұл туралы партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, «ҚазАқпарат» ХАА хабарлайды.

Кездесуге қатысушылардың айтуынша, отырыс осы саладағы бірқатар мәселелерді анықтады, оларды шешу үшін мемлекеттік органдарға бірқатар жұмыстарды атқару қажет болады. Жақын арада партия өз ұсынымдарының пакетін дайындап, Үкіметке жібереді.

Nur Otan партиясы Елбасының тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдардың негізгі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі есептерін тыңдауға кірісті. Осы мақсаттар үшін Қазақстан Президенті Әкімшілігімен және ҚР Тұңғыш Президенті Қорымен бірге партия жанынан Мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды іске асырудың тиімділігін бағалау және мониторинг орталығы құрылды.

"Елбасы, партия Төрағасы бізге маңызды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға қатысты қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Бұл жұмыстың мақсаты - еліміздің стратегиялық құжаттарында көзделген барлық шараларды барынша тиімді және уақтылы іске асыруға ықпал ету.  Бұл жұмысты жүйелі ұйымдастыру үшін партия Төрағасының тапсырмасы бойынша Мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды іске асырудың тиімділігін бағалау және мониторинг орталығы құрылды. Бүгін біз Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселесін қарауға арналған бірінші отырысты өткізіп жатырмыз", - деді Мәулен Әшімбаев.

Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру қажеттігін атап өтіп, Елбасының Қазақстанда кәсіпкерлікті одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асырудағы партияның рөлі туралы сөз қозғады.

"Біз барынша терең сараптап, өз ұсыныстарымызды айтуға тиіспіз. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бағдарлама 2025 жылға дейін ұзартылады, яғни бұған дейін орын алған барлық проблемалар мен кемшіліктерді ескеру қажет.  Несиелеудің жеткіліксіздігіне, тауарларды өткізуді қамтамасыз етуге байланысты проблемаларды көріп отырмыз, сондай-ақ қазақстандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында, статистика және есеп жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс істеу қажет. Біз қазір жаңа заманда өмір сүріп жатырмыз, онда қажет сұрақтарды дұрыс және дер кезінде қойып, оларға нақты жауап іздеу өте маңызды, ал бұл үшін бізге дұрыс статистика қажет. Бүгінгі іс-шара - бұл алғашқы қадам, партия осы бағытта жұмыс істейтін болады, өз ұсынымдары мен ұсыныстарын дайындап, барлық мүдделі тараптармен бірлесіп жұмыс атқарады", - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Отырыста сондай-ақ Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, "Атамекен" ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, Nur Otan партиясының Мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың тиімділігін бағалау және іске асырылуын мониторингілеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев, "Кәсіпкерлер форумы" қауымдастығының төрағасы Райымбек Баталов сөз сөйледі.

Елбасы тапсырмаларының орындалу барысын талқылау үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері, "Даму" қорының басшылығы, сарапшылар қауымдастығының өкілдері жиналды. Видеобайланыс режимінде кеңеске ҚР Ұлттық Банкінің, өңірлік бизнес-қоғамдастықтардың және облыстардың және Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының атқарушы органдарының өкілдері қатысты.

Отырысқа қатысушылардың айтуынша, соңғы жылдары біздің елімізде позитивтік бизнес-климат құру саласында түбегейлі өзгерістер орын алған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Дүниежүзілік банк жариялаған Doing Business рейтингісінде 190 елдің ішінде 28-ші орынға ие болды. Соңғы 11 жылда еліміз 11 тармаққа көтерілді.

"Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасының (2015 жылдан бастап 2018 жылға дейін) әрекет ету кезеңінде кәсіпкерлікті қолдауға 210 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, 13 мыңнан астам ШОБ субъектісі қаржыландырылды. Жыл сайын "БЖК-2020" өз ісін жаңа бастаған 20 мың кәсіпкерді оқытуға, 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға және 3,3 триллион теңгеге өнім өндіруге мүмкіндік береді.

"Атамекен" ҰКП өкілдерінің айтуынша, бүкіл ел бойынша кәсіпкерлерге көмек көрсетудің кешенді жүйесі құрылды. Бизнесті сервистік қолдау облыстық және аудандық деңгейдегі 211 Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында ұсынылады. Биылдан бастап ірі базарларда және сауда үйлерінде қосымша кеңес беру орталықтары ашылды. Өткен жылы мұндай қызметпен 138 мыңнан астам кәсіпкер қамтылған болатын.

Бизнесті дамыту партияның "Әл-ауқаттық қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты" жаңа бағдарламасының мақсаттарының бірі болып табылады. Nur Otan тұрақты орта таптың болуы қоғамның әл-ауқатының ең маңызды индикаторларының бірі деп санайды. Экономикасы дамыған елдердің тәжірибесі шағын бизнес өкілдерінің орта таптың қалыптасуы мен дамуында басты рөл атқаратынын көрсетеді.

Алдағы кезеңде партия мемлекеттің экономикаға тікелей қатысуын азайту, бизнесті мемлекеттік қолдау қағидаттарын жақсарту, сондай-ақ кәсіпкерлер үшін несиелендірудің қолжетімділігін арттыру жөніндегі жұмысқа назар аударуға ниеттеніп отыр.

"Партия Қазақстандағы шағын және орта бизнесті қолдау бағытында жұмыс істейтін болады. Мұнда үйлестіру функциясын біз жасаған жаңа орталық атқаратын болады. Бүгінгі есептің қорытындысы ретінде біз Үкіметке партия ұсынатын ұсынымдар пакетін жібереміз", - деп атап өтті Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

Nur Otan партиясы жанындағы Мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды іске асырудың тиімділігін бағалау және мониторинг орталығы өкілдерінің ақпараты бойынша, жыл соңына дейін партия алаңында тағы сегіз мемлекеттік бағдарлама мен төрт ұлттық жоба бойынша есептер тыңдалады.

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Жүрсінов Р.М.

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі