Жаңалықтар

17.04.2019

Ескі үлгідегі кассалық аппараттар Қазақстанда жарамсыз болып қалды...

512

Фото: Shutterstock

Барлық дерлік компаниялар енді деректерді беру функциясы бар кассалық аппараттармен жұмыс істеуге міндетті, деп жазады Kursiv.kz.

2019 жылдың 1 сәуірінен бастап қазақстандық компаниялардың көпшілігі клиенттермен есеп айырысу кезінде деректерді беру функциясы бар кассалық аппараттарды (БКМ) пайдалануға міндетті. Бұл тізімге үш жүзден астам қызмет түрі енгізілді: өндіріс, жөндеу қызметтері, тасымалдау қызметтері, құрылыс, қаржы және сақтандыру қызметі, жылжымайтын мүлікпен операциялар, сондай-ақ автомобильдерді жалға беру қызметтері және т. б.

Естеріңізге сала кетейік, онлайн-кассалар 2016 жылы жанар-жағармай мен спирттік ішімдіктердің саудасымен айналысатындар үшін қолданыла бастаған болатын. 2018 жылдан бастап деректерді беру функциясы жоқ БКМ-ді тіркеу тоқтатылды. 2018 жылдың қазан айында онлайн-кассаларды міндетті түрде қолдануы тиіс қызмет түрлерінің тізбесі 27-ге дейін кеңейтілді, ал 2019 жылы ескі үлгідегі БКМ-мен жұмыс істеген барлық бизнес қолма-қол есеп айырысудың жаңа форматына көшуі тиіс.

Бұл Қазақстандағы бизнестің қызметі барынша ашық және мемлекеттік органдардың бақылауында болуы үшін жасалуда.

Онлайн БКМ дегеніміз не

Онлайн-кассалар немесе бақылау-кассалық техника - бұл фискалдық жинақтағыштармен жабдықталған жаңа үлгідегі кассалық аппараттар мен бағдарламалық кешендер. Мұндай техника интернетке қосылады және есеп айырысу туралы деректерді фискалдық деректер операторы (ФДО) – "Қазақтелеком" АҚ арқылы салық органдарына береді.

Онлайн-кассаға өту құны

Бүгінде кәсіпкерлердің таңдауында жаңа БКМ-ге көшудің үш нұсқасы бар.

№ 1 нұсқа. Ең төменгі бағасы 60 мың теңгені құрайтын аппаратты сатып алуға болады. Бұл ретте кәсіпкер ай сайын "Қазақтелеком" АҚ деректерді беру операторына 1500 теңге төлеуі тиіс.

№ 2 нұсқа. Компьютерге, ноутбукқа, планшетке немесе тіпті смартфонға арнайы қосымша орнатуға немесе тікелей Интернет-сервистер арқылы есеп айырысуға қол жеткізуге болады. Мұндай қосымшаларға қызмет көрсету құны орта есеппен айына 1-3 мың теңгені құрайды. Қосымшаның өзін орнату ақылы (40 мың теңгеге дейін) және тегін болуы мүмкін. Мұнда өзара байланыс байқалады: қосымшаны орнату құны арзан болғанымен, бір айда қызмет көрсету бағасы қымбат болмақ. Бұл нұсқа үшін де "Қазақтелеком" АҚ-на төленетін ай сайынғы төлем 1500 теңгені құрайды.

№ 3 нұсқа. «Қазақтелеком» АҚ деректерді беру операторынан кассалық аппаратты жалға алуға болады. Мұндай мүмкіндік пилоттық жоба аясында Астана, Алматы және Шымкент кәсіпкерлеріне берілді. Аппаратты жалға алу құны 4999 теңгені құрайды және деректерді беру операторының ай сайынғы қызметтерінің құнын да қамтиды.

БКМ немесе қосымшаны сатып алғаннан кейін салық органдарында тегін тіркелу рәсімінен өту керек. Дегенмен жабдықтарды сатушылардың біразы кәсіпкерлерге салық қызметі органдарында кассалық қызмет көрсетуді тіркеу бойынша қосымша қызметті ұсынады. Бұл қызметтің орташа құны 5 мың теңге.

Егер БКМ-ді пайдаланбаса

2020 жылға дейін БКМ-сыз жұмыс істеуге патенттегі және бірыңғай жер салығын төлеуші кәсіпкерлердің ғана құқығы бар. Бұдан басқа, БКМ-ді қолма-қол ақшаны қабылдамайтын кәсіпкерлер, жеке тұлғалар, адвокаттар, медиаторлар, сондай-ақ бекітілген формадағы билеттерді бере отырып, қоғамдық көлік қызметтерін көрсететін кәсіпорындар қолданбауына болады.

Қолма-қол қаражатпен жұмыс істеу кезінде БКМ пайдаланбаған қалған кәсіпкерлерге әкімшілік жауапкершілік қаупі төнеді, бірінші рет – ескерту түрінде. Бір жыл ішінде заң бұзушылық қайтадан орын алған жағдайда кәсіпкерге немесе заңды тұлғаға өзі жататын бизнес санатына байланысты 15-тен 50 АЕК-ке дейін (126 250 теңгеге дейін) айыппұл салынады.

Онлайн БКМ-нің артықшылықтары

Біріншіден, жаңадан орнатылған аппараттарға енді күн сайын кассир-операционисттің кітабын толтырудың қажеті жоқ. Ал бұл кітаптарды толтыру уақытты алып қана қоймай, салықтық тәуекел де болып табылады – қате толтыру әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Екіншіден, жаңа БКМ-ді орнату арқылы өз бизнесіңізді онлайн режимінде бақылауға болады. Әрбір касса бойынша түсімді және осы касса өткізген чектерді көруге болады. Үшіншіден, жаңа аппараттар мен жүйелер тексерулер санын азайтуға мүмкіндік береді. Салық органдары есеп айырысулар мен олардың автоматтандырылған тәуекел-талдауы туралы ақпаратты жедел алған кезде тексерулердің қажеттілігі жойылады. Төртіншіден, жаңа бағдарламалық кешендер заманауи электронды құрылғыларды – ұялы телефондар мен планшеттерді қолдануға мүмкіндік береді, чектерді басып шығармай-ақ, поштаға және ұялы телефондарға жіберуге болады. Әсіресе, кассалық чекті жоғалтқан жағдайда ыңғайлы.

Тағы да салық туралы

"Патент" және "оңайлатылған декларация" арнайы режимдерін қолданатын кәсіпкерлер үшін онлайн-БКМ сатып алу кезінде бір бақылау-касса машинасын сатып алуға кеткен 60 мың теңге сомасына, бірақ есептелген салық сомасының 50%-нан аспайтын сомаға табыс салығының сомасын азайту жағына түзету мүмкіндігі берілді. Яғни егер кәсіпкер 1 млн теңге көлемінде салық есептесе, онда ол салық сомасын 60 мың теңгеге аз төлей алады, яғни онлайн-БКМ сатып алуға кеткен сомаға түзей алады.

Сондай-ақ оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер үшін үш компонентті интеграцияланған ақпараттық жүйені міндетті түрде қолдана отырып, есеп айырысудың қолма-қол емес нысанында жасалған операциялар ҚҚС бойынша есепке қою үшін ең аз айналымға 114 184 АЕК (288 314 600 теңге) шегінде енгізілмейді және осы оңайлатылған режимді қолдану үшін шекті анықтау үшін 70 048 АЕК (176 871 200 теңге) сомасында кірістер енгізілмейді. Басқаша айтқанда, олар үшін шекті мәндер тең болады: ҚҚС қою үшін – 364 064 600 теңге, оңайлатылған декларация негізінде арнайы режимді қолдану үшін – 237 567 150 теңге.

Соңғы уақытқа дейін БКМ чегінде тауардың, жұмыстың, қызметтің бағасы және сатып алу сомасы болуы тиіс еді, бірақ өзгерістер енгізу туралы заң қабылданғаннан және осы заңды енгізгеннен кейін бұл тармақ былай өзгерді: "тауардың, жұмыстың, қызметтің бір бірлігі үшін бағасы, тауардың, жұмыстың, қызметтің атауы; сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің саны; олардың өлшем бірлігі, тауарды, жұмысты, қызметті сатудың жалпы сомасы". Ал ескі үлгідегі барлық БКМ осы талаптарға сәйкес келмейді.

Бұдан басқа, онлайн-кассаларды қолдану бизнесті жүргізудің жаңа тұжырымдамасын жасайды: кеңсеге байланыстырмай (БКМ нақты орналасқан жеріне тіркелу қажет болды), стационарлық БКМ-сіз (мысалы, клиентпен кездесуде және дизайн қызметін көрсете отырып, қызмет көрсетуге ақы төлеуге "чекті" шығару үшін бухгалтерге қоңырау шалу қажет емес), құжат айналымы электрондық нысанға ауысады және штатқа бухгалтер маманын міндетті түрде енгізу қажеттілігі бірте-бірте жойылады....

 

Максим Барышев, Uchet.kz-тің негізін қалаушы

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Жүрсінов Р.М.

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі