Жаңалықтар

17.08.2018

Іскер әйелдің үш жылдық әуре-сарсаңына нүкте қойылды

503

Өзінің жеке меншігіндегі жер теліміне коммерциялық объект салдырған кәсіпкер әйелдің үш жылдық әуре-сарсаңына нүкте қойылды, деп хабарлайды www.otyrar.kz.

 Шымкенттік кәсіпкер Баян Сейтақова – Оңтүстік Қазақстан облысындағы бірнеше жылдан бері мемлекеттік мекемелердің қудалауынан зардап шеккен көптеген адамдардың бірі. Ол мемлекеттік органдардың кесірінен біршама зардап шекті, егер ол соңғы саты ретінде Кәсіпкерлер палатасына жүгінбегенде, бүгінгі таңда оның бизнесі де, бизнеспен айналысатын ниеті де болмас еді.

 Қылмыскерді қудалаған полиция қызметкерлері тәрізді

Бұл мәселе осыдан үш жылдан астам уақыт бұрын басталған болатын. Дәл осы кезде кәсіпкер өзінің жер телімінде сауда орталығын салуды ниет еткен еді, содан бастап ол шенеуніктердің қудалауына түсті. Жердің нысаналы мақсатын коммерциялық мақсатқа ауыстыру үшін қаншама күш жұмсады. Қалалық прокуратураға жүгінді. Прокуратура ұсыныс енгізгеннен кейін жер комиссиясы оң шешім шығарды. Алайда кәсіпкердің қуанышы ұзаққа созылмады – үш ай өткен соң жер комиссиясы шығарған шешімінің күшін жойды. 2015 жылдан бері кәсіпкер әйел МСҚБ тарапынан, сәулет бөлімі тарапынан, жер инспекциясы тарапынан қудалау көріп келеді. Мемлекеттік органдар қалай болғанда да көзін жоймақ ниетпен қылмыскерді қудалаған полиция қызметкерлері тәрізді кәсіпкердің соңына түскендей болып көрінеді сырт көзге. Өз істерін атқаруға асықпаған сот орындаушылары да отқа май құя түсті.

 

Сауда үйін - тұрғын үйге

Бұл уақытта Баян Сейтақова өзінің әдемі объектісін салып та қойған болатын. Осы сәттен бастап ол өзі салған объектісін құтқару үшін күресті бастады. Алдымен экономикалық сот МСҚБ-ның талап-арызы бойынша өз еркімен салған сауда кешенін бұзуды тапсырды. Бұл шешімді облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық алқасы да қолдады. Айыппұл төленгеніне қарамастан, сауда үйін бұзу туралы сот талқылаулары тоқтамады. Баян отбасымен бар жиған-тергеніне салдырған ғимаратты сақтап қалу үшін оны коммерциялық объект деуден де бас тартты. Ол оған отбасымен көшіп кіруді және оны тұрғын үй деп жариялауды жөн көрді. Баян Сейтақова отбасымен ұзақ уақыт бойы жылу жүйесі жүргізілмеген суық үйде тұруға мәжбүр болды. Ал соттық даушарлар екі жылға созылды. Егер МСҚБ тарапынан қудалау басталмағанда, бұл ғимарат өз мақсатында қызмет атқарып, қазынаға салық төлеп, қаншама жұмыс орнын ашар еді.

 

Бұзуға болмайды

Осы уақыт аралығында кәсіпкер үйдің барлық құқық белгілеуші құжаттарын ретке келтірді: техникалық паспортты алды, техникалық бақылаудан өтті, тұрғын үйді пайдалануға беру туралы актіні алды. Барлық құжаттар әділет органдарында тіркелді.

Сот орындаушыларының сылбырлығы таң қалдырды. Кәсіпкер барлық құжаттарды жинап, ретке келтіргеніне қарамастан, олар ғимаратты бұзу туралы істі жабуға еш әркет жасамаған. Кәсіпкер қанша тырысқанымен, бұл іске ОҚО Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері араласпайынша, іс орнынан қозғала қоймады.

 «Кәсіпкердің ғимаратын сақтап қалу мәселесін шешуге жәрдемдесуде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің барлық қызметкерлері тартылды, - дейді палата сарапшысы Маржан Сарыбаева. - Нәтижесінде біз атқарушылық іс қағазын қайтаруға және атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы бұйрық шығаруға қол жеткіздік».

Осылайша, коммерциялық объектіні бұзу мәселесі күн тәртібінен алынып тасталды. Бірақ мемлекеттік органдар бұған тоқтай қоймады. Шымкент қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы үйді пайдалануға беру туралы актіні жарамсыз деп тану үшін сотқа талап-арыз берді. Одан кейін ОҚО МСҚБ әкімшілігі шешімді өзгерту туралы жаңа өтініш жасады. Ол өтінішін орындаудан бас тартылғаннан кейін қосымша шешім шығаруды сұрап өтініш берді. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпкер қайтадан шексіз сынақтарға түсті.

ОҚО Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері кәсіпкер әйелдің ғимаратын бұзудан сақтап қалу үшін бәрін жасауда, соттарға қатысып, кәсіпкерге кеңес беріп және оған әрі қарай не істеу керектігі жөнінде егжей-тегжейлі түсіндіруде.  Сот барысында оларға кәсіпкер тұрғын үйге қатысты барлық құқықтық құжаттарға ие екендігін бірнеше мәрте дәлелдеуге тура келді және атқарушылық іс жүргізудің қайталануының алдын алып, оның аяқталғандығы туралы шешімге қол жеткізу үшін бар күштерін салды. Нәтижесінде сарапшылардың қажырлы еңбегі табысты болды: 2017 жылдың күзінде сот МСҚБ-ның қосымша шешім туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Ғимарат бұзылған жоқ, енді бұзылмайды да. Дегенмен, ол әлі де коммерциялық объект емес.

 Сауда орталығы болады!

Ұзаққа созылған сот дауларынан кейін кәсіпкер ғимараттың нысаналы мақсатын өзгертуді сұрап өтініш берді. Бұл мәселе тағы да қалалық жер комиссиясында ұзақ уақыт қаралуда. Өңірлік палатаның сарапшылары комиссияның барлық мүшелеріне дерлік Сейтақованың өтінішін қанағаттандыру мүмкін екендігін түсіндірді.

«Біз Шымкенттің әкімдігіне алғыс айтамыз. Жер мәселелерін шешу үшін әкімдік құрған байланыс тобы оң нәтиже шығаруға септігін тигізді. Комиссия объекті орналасқан жердің нысаналы мақсатын өзгертуге келісті. Әкімдік тиісті қаулы қабылдады. Қазіргі уақытта келісім-шарт және мемлекеттік акт дайындалып жатыр», - деді Маржан Сарыбаева.

 Қиындықтан қорқа қоймады

Баян Сейтақованың сауда орталығының тарихы кейбір шымкенттік шенеуніктердің бизнеске деген көзқарасын айқын суреттейді: жоғарыдан, Президенттің өзі шағын және орта бизнеске қол ұшын созып, көмектесу қажет екендігі жөнінде, жергілікті жерлердегі билік өкілдері кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосулары керек екендігі жөнінде, тексерулер мен сыбайлас жемқорлық шаралары арқылы оған қысым көрсетуге болмайтындығы жөнінде айтқан болатын. Бірақ, шын мәнінде, кейбір шенеуніктер Президенттің нұсқауын бос сөз ретінде қабылдап, өз мақсаттары үшін қызмет бабын әкімшілік «сойылына» айналдыратындығын көріп отырмыз. Және олардың мақсаттары мемлекет мүддесіне сай келмейді. Ал бизнесін сақтап қалған Баян Сейтқованың ойынша елімізде жүгенсіз кеткен шенеуніктерді жөнге сала алатын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тәрізді құрылым бар.

Айтпақшы, таңқаларлық жай, бірнеше жылғы әуре-сарсаң, жер комиссиясының бас тартуларына тап болса да, мемлекеттік органдар мен соттарға қанша жүгірсе де, кәсіпкер бизнеспен айналысудан бас тартпаған. Қаншама тер мен көз жасын төккен кәсіпкер қаланың экономикасын көтеру үшін өз жұмысына білек сыбана кіріспек. Ол жаңа жұмыс орындарын аша отырып, тұрғындарға қызмет көрсетуді мақсат етіп отыр.

«...Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексерулермен, ақша жинаумен, рейдерлікпен кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет...»

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі,
15 шілде 2019 ж.

Жүрсінов Р.М.

ҚР кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің блогы Сіздердің маған тікелей шығуға мүмкіндіктеріңіз болуы үшін құрылды және де ол біздің арамызда сындарлы сұхбаттастық орнауына ықпал етеді деп сенемін - ойларыңызды жазыңыздар, пікір бөлісіңіздер, ұсыныс жасаңыздар. Мен сіздердің барлық пікірлеріңізді міндетті түрде оқимын.

Серіктестер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
service.pravstat.kz
www.e-gov.kz
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі